
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Жұмаұлы Тайжанов жұмыс сапары аясында Texol Group компаниясына қарасты Атырау қаласындағы вагон шығаратын зауытта болып, өндірістік үдерістермен танысты.
Texol зауыты — еліміздегі ірі жеке вагон құрастыру жобаларының бірі. Зауыт 2027 жылға қарай жылына 8 000 жүк вагонын шығару қуатына жетуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорында жартылай вагондар, платформалар мен цистерналар заманауи технологиямен жасалып, сапа стандарттарына сай құрастырылуда.
Сапар барысында комитет төрағасы дәнекерлеу, сырлау, құрастыру мен соңғы бақылау сияқты өндірістің негізгі кезеңдерін аралап көрді. Сондай-ақ зауытты кеңейту мақсатында жаңа құйма компоненттерін шығаратын цех салу жоспары таныстырылды.
«Атырауда осындай ірі өндірістік жобаның іске асуы – көлік саласының стратегиялық дамуына зор үлес. Texol компаниясы бұл бағытта жүйелі әрі сапалы жұмыс атқарып отыр», – деді Жәнібек Тайжанов.
Комитет басшысы өндіріс қарқынын жоғары бағалап, өңірлерде көлік инфрақұрылымын дамыту маңыздылығын атап өтті.
В Атырау +4