Атырау, 8 желтоқсан 04:56
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Қазақстан мен Иран елдері Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау мәселесін талқылады

252 рет қаралды
Сурет: Қоғамдық коммуникация орталығы

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы бастаған делегация Иран елінің өкілдерімен Ақтау және Құрық порттарының әлеуетін «Солтүстік – Оңтүстік» және Транскаспий халықаралық көлік дәліздерін дамытуға пайдалану бойынша негізгі мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Иранда өткен кездесулер барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және көлік-логистикалық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері қаралды. Делегацияны ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанкұлов басқарды.

Делегация құрамында сондай-ақ ҚР Көлік министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, «Қазақстан темір жолы», Kazinvest, Kaztrade ұлттық компаниялары мен Маңғыстау облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және кәсіпкерлік басқармасының өкілдері болды.

ҚР делегациясы Иранның Сыртқы істер министрлігі, Көлік министрлігі, Теңіз порттары басқармасы және Ұлттық теміржол компаниясының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында Ақтау және Құрық порттары, сондай-ақ Иранның Әмір-Абад, Энзели, Астара және Бендер-Аббас порттарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, «Солтүстік – Оңтүстік» және Транскаспий халықаралық көлік дәліздерін дамыту бойынша негізгі мәселелер талқыланды.

Әсіресе Бендер-Аббас портында бірлескен терминал салу, жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тасымал тарифтерін төмендету және жүк жеткізу мерзімін қысқарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Аталған бастамаларды іске асыру Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерінен келетін жүк ағындарын Еуропа Одағы, Африка, Үндістан және Араб елдеріне тиімді бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі негізгі транзиттік торап ретіндегі позициясын нығайта түседі.

9 маусым, 11:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.