Атырау, 8 желтоқсан 04:57
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Шерзат Полаттың ісі бойынша үкім жарияланды

643 рет қаралды

Бүгін, 5 маусымда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарды.

Іс бойынша тоғыз адамға айып тағылды, оның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Оларға кісі өлтіру, өлтіруге оқталу, бұзақылық және қылмыс туралы хабарламау сияқты айыптар тағылды. 

  • Абзал Шынасылға, екі аса ауыр және бір ауыр қылмыс,  ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5), 9), 14) тармақтары (адам өлтіру), 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігінің 1), 7), 9) тармақтары (адам өлтіруге оқталу), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) жасағаны үшін қылмыстардың жиынтығы бойынша – 23 жыл бас бостандығынан айыру.
  • Сакиев Равильге, бір аса ауыр және бірауыр қылмыс, ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігінің 7), 9) тармақтары (адам өлтіруге оқталу), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) жасағаны үшін қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті – 20 жыл бас бостандығынан айыру.
  • Тоқтаубаев Азаматқа, ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабының 1-бөлігі (ұрлық) жасағаны үшін, бұрын жасаған ауыр қылмысы және ол бойынша өтелмеген жазасы ескеріліп – 15 жыл бас бостандығын анайыру.
  • Ильясов Нұрқиясқа, ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) жасағаны үшін, бұрынғы соттылығы және ол бойынша өтелмеген жазасы ескеріліп – 9 жыл бас бостандығынан айыру.
  • Әскентай Дарханға, Тоқтаубаев Нұрболға, Белгожаев Шыңғысқа және Қалиахмет Дидарға ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) жасағаны үшін заңмен көзделген барынша қатаң жаза – әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру.
  • Кәмелет жасқа толмаған Ы.-ға ҚК-нің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша – 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыружазасы тағайындалды.

Келтірілген моральдық шығынның есебіне Шынасылдан 60 млн. теңге, Сакиевтен – 30 млн. теңге, сондай-ақ қалған сотталғандардан ортақ тәртіпте және Сакиевтен – 30 млн. теңге өндірілді. Кәмелет жасқа толмаған Ы.-ға жәбірленушілер азаматтық талап қоймаған.

Бұдан басқа, сот прокурордың атына жекеше қаулы шығарды, яғни куәлар Д. Жақсыгелді, Э.Нұрбекова, А.Казакенова, Ю. Рузбакиевалардың әрекеттерінде қылмыс құрамдары бар болуы мүмкіндігіне назар аудартылған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

2024 жылдың қазан айында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат қайғылы қазаға ұшырады. Жергілікті дүкендердің бірінің жанында болған төбелес кезінде жасөспірім жүрегіне пышақ жарақатын алды. Алған жарақатынан көз жұмды. 

Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, нәтижесінде аймақтағы шенеуніктер, оның ішінде жергілікті әкімшілік пен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмыстан босатылды.

5 маусым, 16:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.