
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бишімсбаевтың алимент төлеу туралы нотариаттық келісімнің талаптарын өзгерту туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты.
2020 жылы бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында нотариаттық келісім жасалған, оның шарттары бойынша әкесі кәмелетке толмаған үш баланы асырап-бағуға әр айдың 20-күніне дейін ай сайын 1,6 млн теңге мөлшерінде алимент төлеуге міндеттенді.
Бишімбаев алимент мөлшерін азайту арқылы аталған келісімді өзгертуді сұрады, оның талаптарын бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандығына және жұмысқа орналаспағанына негіздеді.
Сондай-ақ, талап қоюшы келісімнен келесілерге қатысты ережелерді алып тастауды сұрады:
- балаларды ақылы оқу орнында оқытуға, оның ішінде олар кәмелетке толғаннан кейін қосымша шығындарды төлеу;
- балаларды медициналық тексеруге және емдеуге байланысты шығындар;
- тұру, тамақтану, сақтандыру, көлік және басқа да қосымша шығындарды қоса алғанда, Қазақстанда да, шетелде де балалардың демалысын жылына кемінде бір рет төлеу міндеттемелері.
Істің материалдарын қарағаннан кейін сот алимент төлеу туралы нотариаттық келісімге өзгеріс енгізу үшін заңды негіз жоқ деген қорытындыға келді.
Сот талап қоюшының 2024 жылдың тамызында сыйға тарту шарттары бойынша үшінші тұлғаларға тиесілі мүлікті иеліктен шығару арқылы өзінің материалдық жағдайын әдейі нашарлатқанын анықтады. Бұл ретте, оның ұзақ мерзімге сотталғанын және келісімді көзделген көлемде орындауға мүмкіндігі жоқ екенін ескере отырып, өзіне тиесілі мүлік есебінен міндеттемелерді орындауға нақты мүмкіндігі болған.
"Бұл жағдайларды сот талап қоюшының жосықсыз әрекеті деп санайды", - делінген хабарламада.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ата-аналардың екеуі де балаларын күтіп-бағуға, тәрбиелеуге және дамытуға бірдей жауапты. Еңбекке қабілетті ата-аналар соттылығының немесе өзге де мән-жайлардың болуына қарамастан, көмекке мұқтаж кәмелетке толмаған балаларды асырауға міндетті екенін еске салды сот. Балалардың құқығы мен заңды мүддесін ескере отырып, сот қойылған талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау -2