
North Caspian Operating Company өндірісті дамыту, технологияларды жетілдіру бойынша қашанда ізденісте. Компания жұмысын жетілдіру бойынша қолға алынған жобалардың бірі ретінде «Қашаған кен орнының нысандарын жайластыру. Теңіз кешені. Су түбін жөндеп тереңдету» жобасын атап өтуге болады. Бұл — Солтүстік Каспий жобасын одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам, жобаның негізгі мақсаты — теңіз логистикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік процестердің үздіксіздігін сақтау және қоршаған ортаға мейлінше аз әсер ету.
Каспий теңізінің су деңгейі жыл сайын тұрақты төмендеп келетіні бәріне мәлім. Мәселен, кейінгі төрт жылда су деңгейі жыл сайын шамамен 23 сантиметрге азайып отыр. Сонымен қатар навигациялық арналарда шөгінділер мен лай жиналып, кеме қозғалысын едәуір қиындататыны да белгілі. Бұл жағдай апат кезінде жедел әрекет ету, мұнай операцияларына қажетті құралдарды жеткізу, персоналды тасымалдау және басқа да өндірістік функцияларды орындау мүмкіндігіне тікелей әсер етеді. Егер арналар уақтылы тазартылмаса, бұл өндірістің толық тоқтап қалуына әкелуі мүмкін.
Сол себепті компания алдағы 2 жылда 2021-2022 жылдары теңіз түбі тереңдетілген алаңдарда жиналған шөгінділерін тазартып, қажет тереңдікті қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар қазіргі теңіз кемелерінің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін қажет. Жоспарланған тереңдік 2025 жылы –4,8 метр, ал 2026 жылы –4,6 метр деңгейінде болады. Бұл көрсеткіштер кемелердің қалыпты жүруін қамтамасыз етіп, Солтүстік Каспий жобасының үздіксіз жұмыс істеуіне жол ашады.

Жоба экологиялық қауіпсіздікке ерекше мән береді. Жұмыстар тек заманауи, халықаралық тәжірибеде сыналған және қоршаған ортаға зияны аз жабдықтарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Қазып алынған шөгінді қазіргі суасты бермаларында жайғастырылады, жаңа топырақ үйінділерін жасаудың қажеті жоқ. Бұл жаңа экологиялық жүктемелердің алдын алады. Су түбін тереңдету кезінде «нөлдік төгінді» қағидаты ұстанылады. Яғни, теңізге ағынды сулардың, зиянды қалдықтардың немесе химиялық заттардың төгілуіне жол берілмейді.
Су деңгейінің төмендеуі жағдайында теңіз түбін тереңдету жұмыстары — инфрақұрылым мен логистиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды құралына айналды. Бұл тәсіл Каспий теңізінің қазақстандық секторында сәтті қолданылып келеді. Мысалы, «Құрық» портында теңіз түбінен шамамен 1 миллион текше метр топырақ алынған, нәтижесінде айлақтың тереңдігі 7–8 метрге дейін артты. Бұл жүк көтергіштікті ұлғайтып, Каспий арқылы өтетін сауда ағынын жандандыруға мүмкіндік берді. «Ақтау» теңіз портында да осындай жоба жүзеге асырылып жатыр, кемелердің толық жүктемемен жүзуіне жағдай жасалып, экспорттық әлеуетің артуына жол ашылады деген жоспар бар. Ал «Орал–Каспий» каналы тереңдетілген соң, өзен ағыны жақсарып, балық миграциясына оң әсер етті, бұл тек логистикалық емес, сонымен қатар экологиялық тұрғыдан да маңызы бар жоба екенін көрсетеді.
Халықаралық тәжірибе де теңіз түбін тереңдету жұмыстарын климаттың өзгеруіне және су деңгейінің төмендеуіне бейімделудің тиімді тетігі ретінде қарастырады. Мысалы, «Баку» портында теңіз деңгейінің жыл сайын 20–25 см-ге төмендеуіне байланысты жедел түрде теңіз түбін тереңдету жоспарланып отыр. Онсыз порттың қалыпты жұмыс істеуі мүмкін болмай қалады. Осындай жобалар — соның ішінде ТШО жүзеге асырған «Прорва» каналы және «Қаламқас–Хазар» кен орнына апаратын аңғарды алып тастау — инженерлік шешімдердің бұл түрі кеңінен қолданылып, тиімді нәтиже беріп отырғанын дәлелдейді. Мұндай жобалар теңіз көлігінің үздіксіз қозғалысын, өндірістің қауіпсіздігін және экожүйелердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Компания 2021 жылы су түбін тереңдету жұмыстары басталғаннан бері экожүйеге әсерді бақылау үшін тұрақты түрде экологиялық мониторинг жүргізіп келеді. Жиналған деректер су сапасының физика-химиялық көрсеткіштері теңіз тіршілігіне қауіп төндірмейтінін көрсетті. Фитопланктон, зоопланктон, бентостық ағзалар мен балықтардың популяциясы жұмыс аяқталған соң табиғи қалпына келіп отыр. Құстар мен итбалықтар да маусымдық түрде теңізге қайта оралып жатыр. Бұл көрсеткіштер жобаның биологиялық ортаға ұзақмерзімді залалы жоқ екенін дәлелдейді.
Жалпы алғанда, бұл жоба — өндірістік қауіпсіздік пен экологиялық жауапкершіліктің ұтымды үйлесімі. NCOC компаниясы жобаны жүзеге асыру барысында қоғаммен ашық диалог орнатуға дайын екенін мәлімдейді және алдағы қоғамдық тыңдаулар бұл бастаманың маңызын толық түсінуге септігін тигізеді деп сенеді.
В Атырау +4 












