
БҰҰ баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик гуманитарлық жағдайдың күрт нашарлағанын атап өтті. Оның айтуынша, асханалар ресурстардың жетіспеушілігінен тамақ дайындау мүмкіндігін жоғалтуда. Бұрын күніне 840 мың порция таратылса, қазір бұл көрсеткіш 260 мыңға дейін азайған, деп хабарлайды АА.
Дюжаррик гуманитарлық көмектің тек азық-түлікпен шектелмейтінін, тұрғындарға су, санитария, медицина, білім және қауіпсіздік қажет екенін айтты.
Сонымен қатар, ауруханалар мен су жүйелеріндегі отын қоры таусылуға жақын. Газа секторындағы медициналық жүйе күйреу алдында тұр – ауруханалар жараланған адамдарға толы, ал дәрі-дәрмек, жабдық, қан және медициналық персонал жетіспейді.
Гуманитарлық көмектің кіруі бұғатталған. 2 наурыздан бастап Израиль Газа секторына гуманитарлық көмекті толық тоқтатты. Бұл шешім Израиль мен ХАМАС арасындағы 42 күндік бітімнің бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін қабылданды.
Израильдің 2023 жылдың 7 қазанында бастаған шабуылдары Газа секторында жаппай қирауға және гуманитарлық апатқа әкелді. 2,3 миллион тұрғынның 2 миллионы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Ауруханаларға жасалған шабуылдар да жағдайды ушықтырды.
Су мен электр қуатының өшуі, сондай-ақ шекаралардың жабылуы жергілікті халықтың өмірін одан әрі қиындатуда.
18 наурызда бітім аяқталғаннан кейін Израиль әскері шабуылдарын қайта бастады. Содан бері 2 749 палестиналық қаза тауып, 7 607 адам жараланды. 7 қазаннан бері жалпы қаза тапқандар саны 52 862 адамға, жараланғандар саны 119 648 адамға жетті.