
Павлодар облысында су тасқынына байланысты жайылма алқаптарының 90%-ын су басады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өткен жылғы 82%-дан жоғары.
Облыс әкімі Асайын Байханов жағалау бойындағы аудандардың жайылма алқаптарына әуеден барлау жұмыстарын жүргізді. Онымен бірге шыбын-шіркейге қарсы күрес жүргізетін ғылыми топ өкілдері де мониторингке қатысты. Тексеру жұмыстары Павлодар қаласы, Ақтоғай, Павлодар және Тереңкөл аудандарын қамтыды.
Жоғарғы Ертіс каскадынан табиғатты қорғау мақсатында су жіберу жұмыстары 9 сәуірде басталды. 23 сәуірде өткен ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында жіберілетін судың көлемі 6,32 км³-ге дейін ұлғайтылды, оның ішінде тоғыз тәулік бойы 3,5 км³ су жіберілді.
2025 жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша Шүлбі су қоймасынан жіберіліп жатқан судың көлемі 1319 м³/сек құрайды. 9 сәуірден 5 мамырға дейін жалпы 6,3 км³ су жіберілді.
Бүгіннен бастап табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстары аяқталуда. Қазіргі таңда Павлодар ауданының Заря және Новоямышев ауылдары, Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Дөнентаев ауылы, Ақтоғай ауданының Жаңабет ауылы, Тереңкөл ауданының Береговое және Байқоныс ауылдарының маңындағы жайылма алқаптары су астында қалды.
Су жіберудің белсенді кезеңі аяқталған соң, аумақтарды шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстары басталады. Биылғы жылы әуеден 172 мың гектар және өзен арналары бойынша 1 800 км аумақ өңделеді.
Өңдеу жұмыстары 59 елді мекенде жүргізілмек. Облыс әкімі гидропосттардағы су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізуді және су жағдайына байланысты өңдеу жоспарына жедел түзетулер енгізуді тапсырды.
В Атырау -2