
Әлеуметтік желіде Манашы сайы су арнасы суға толып, сарқырап ағып жатқан видеосы тарап, желі қолданушылары Швейцарияға теңеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Биыл мол түскен жаңбырдан Маңғыстаудың әсем табиғатына жан бітіп, әр күн сайын жылғалардан су ағып, жер көк майса шөпке оранып, гүлдердің жайқалған видеолары көп тарап жатыр. Ал, біраз жыл арнасы суға толмаған Манашы сайында судың аққан видеосын көрген көпшілік Швейцарияға теңеп, қай жер екенін білуге тырысты. Кейбір желі қолданушылары сарқыраманың Бейнеу ауданы екенін айтса, енді бірі табиғатқа жанашырлық танытып, тазалығын сақтауға шақырды. Бұл сарқырама - Бейнеу ауданынан 45 шақырым жердегі Манашы сайы (бұрынғы Ащығар) еді.
Тұрғындардың табиғаттың тазалығын аялауға шақыруына себеп те жоқ емес. Өйткені Айрақты, Шерқала, Жармышқа барып, демалыстан соң қоқыс қалдықтарын қалдырғаны туралы ақпараттар тараған болатын.