
2025 жылдың 29 сәуірінде өткен үкіметтік баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жаңа Салық кодексінің жобасында бұл мәселе қарастырылып жатқанын айтты. Министрдің сөзінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, дәрілік заттарды әкелу мен өткізу, сондай-ақ медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылған, деп хабарлайды zakon.kz.
Алайда жаңа салық реформасында бұл норманың алынып тасталуы ұсынылған. Алғашында ҚҚС мөлшерлемесі 10% деңгейінде белгіленген, бірақ талқылаулардан кейін 2026 жылдан бастап дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге 5% төмендетілген салық мөлшерлемесін енгізу туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік тегін медициналық көмек көрсету қоры мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін қызметтер ҚҚС-тан толық босатылады.
Министрдің айтуынша, ҚҚС-тан босатылатын дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтердің тізімі барлық меншік түрлеріне қарамастан жасақталуда. Бұл ең жиі тұтынылатын әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектерді қамтиды. Сонымен қатар, жеке медициналық ұйымдар көрсететін қызметтер, паллиативтік және онкологиялық көмек те ҚҚС-тан босатылады. Қазіргі таңда бұл тізім әзірленіп жатыр.
Бұған дейін министр жедел жәрдем қызметкерлерінің 2025 жылдың соңына дейін бейнежетондармен жабдықталатынын хабарлаған болатын. Бұл шара оларды агрессиядан қорғауға бағытталған.