
21 сәуір күні Азаттық даңғылы, 17 мекенжайы бойынша орналасқан бұрынғы «Ғылым үйі» ғимаратының алдында жүргіншілер жолы қазылып, қала тұрғындары үшін қолайсыздық туған. Бұған қатысты қала әкімдігі баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген Азаттық даңғылы жолын жөндеу жұмыстары басталғанын хабарлады. Жүргіншілер жолында демонтаж жұмыстары жүрген. Мердігер - «ДостықСпецТранс» ЖШС мекемесі.
«Орташа жөндеу жұмыстары» деген нені білдіретінін нақтылаған сұрағымызға Төлеген: беткі асфальт жабындысы алынып, жаңа асфальт төселеді және жаяу жүргіншілер жолына жаңа төсемтастас төселетінін түсіндірді.
Ал жұмыстарға қанша қаражат бөлінгені туралы сұрағымыз ашық күйінде қалды. Біз мемлекеттік сатып алу порталына жүгіндік.
Онда «ДостықСпецТранс» ЖШС мекемесі былтырғы жылы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен үш келісімшарт жасасқан. Бәрі де жол жөндеу жұмыстары. Биыл 16 қаңтарда сол үш келісімшарт екінші рет өзгертілген. Биыл жұмыстар жалғасады.

Атап айтқанда, Абай көшесінен Әуезов көшесіне дейінгі Азаттық даңғылының көлік жолында орташа дәрежедегі жөндеу жұмыстары жүреді. Бұл жұмыс құны - 1 млрд 32 млн 209 мың теңге.
Екінші шарт бойынша Азаттық даңғылынан Уәлиханов көшесіне дейінгі Махамбет Өтемісов көшесінің көлік жолында орташа дәрежедегі жөндеу жұмыстары жүреді. Бұл жұмыс құны - 877 млн 219 мың теңге.
Үшінші шарт бойынша Мақатаев көшесінен Берғалиев көшесіндегі айналма жолға дейінгі учаскеде Әлия Молдағұлова көшесіндегі көлік жолын орташа дәрежеде жөндеу жүреді. Жұмыс құны - 1 млрд 205 млн 637 мың теңге.
«ДостықСпецТранс» ЖШС 2012 жылы тіркелген. Компанияның басшысы – Мақсат Мушалин. Ашық деректерге сәйкес, ұйым жол және автомагистраль құрылысы, мейрамхана қызметі қарастырылмаған қонақ үй қызметтерін көрсету (жол бойындағы қонақ үйлерден басқа), сондай-ақ тұрғын жылжымайтын мүлікті жалға беру, қосалқы жалға беру және басқару салаларында қызмет атқарады.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау 0