Бізде, біресе қаланы сасық түтінге толтырып қалалық қоқыс алаңы жанса, біресе жағалаудағы қамыс өртеніп жатады. Алайда барлығынан да қорқыныштысы – газ шабуылдарының Атырау халқын улап отырғаны.
КӨҢІЛСІЗ КЕШ
Сенбідегі қонақтармен бірге болған отбасылық көңілді кешті 13 жасар қызымның кейіген кейіппен «далада тағы да газ сасып тұр, терезе жабу керек» деген сөзі бұзып жіберді.
Балалар да ата-аналарының барлық әрекеттеріне үйреніп болған: терезені жабу, кондиционерді қосу - әскери қимылдар сияқты. Өзімді сабырлылыққа шақырып, не болып жатқанын түсінгім келді.
Таза ауамен дем алу – адамның конституциялық құқығы екендігінен бастайын. ҚР Конституциясының 29-бабына сәйкес, азаматтар денсаулықтарын қорғауға құқылы. Ал адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін фактілер мен жағдайларды жасырғандары үшін лауазымды тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Әр адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаға ие болу құқығы еліміздің Экологиялық кодексінде де жазылған. Сонымен қатар, еліміз ратификациялаған Орхусс конвенциясына сәйкес, жұртшылықтың ақпараттарға қол жеткізу, шешімдер қабылдау үдерісіне және қоршаған орта мәселелері бойынша сот процестеріне қатысу құқықтары бар.
КІМ КІНӘЛІ?
Құқығымызбен бәрі түсінікті. Енді бұларды кімдер бұзып жатқанын анықтап көрейік. АМӨЗ ЖШС, «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының Атырау мұнай құбыры басқармасы (АМБ), қалалық қоқыс алаңы және Сасық көл – бұл нысандардың барлығы Атыраудың оңтүстік шығысы мен солтүстік батысында орналасқан. Қала лас «қоршауда» қалған. Ал «газ шабуылдарының» шығар жері өндірістік кәсіпорындар екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар. Алайда ешкімді «қолдарынан ұстап алу» мүмкін болмай отыр.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың қараша айында кезекті ауқымды газ шабуылынан кейін АМӨЗ-ге кешенді экологиялық тексеру жүргізілген еді. Сол кезде облыстық экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВ осындай сасық иістің шығу себебі АМӨЗ өз жеткізушілерінен құрамында меркаптан мен күкіртсутегісі бар төменгі сортты мұнай алатындықтарынан болар деп болжам жасаған-ды. Экологтың пайымдауы рас та болар. Содан бір айдан кейін қаржы полициясы «Ақ Жайық» станциясынан АМӨЗ-ге әкелінген Petroline ЖШС-ке тиесілі 11 вагон-цистерна заңсыз мұнайды тапты. Кейіннен қаржы полициясы жалған құжаттармен зауытқа мұнай тапсырған жиырма шақты кәсіпорынды анықтады. 16 қылмыстық іс қозғалды. Нәтижесінде АМӨЗ-ге жалған құжаттармен әкелінетін мұнай көлемі 2011 жылғы 67,3 мың тоннадан 2013 жылы 1,5 мың тоннаға дейін азайды.
«ҚМГ» БӨ АҚ-ның жылдық есебі бойынша, ҚР «Мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін өндіру мен айналымға салуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңы қабылданғаннан кейін АМӨЗ-ге келіп түсетін мұнай көлемінің азаюына байланысты 2012 жылы мұнай өңдеу шығындары 62%-ға кеміген. Қаржы полициясының ұрланған мұнайды тапсырушылар ізіне өткен жылдың желтоқсанында ғана түскенін ескерсек, бұған дейін зауыт қандай мұнаймен толтырылып отырды деген сұрақ пайда болады. Тексеру біткеннен кейін зауытқа күмәнді мұнайлар қайта әкелінбейтініне кім кепілдік бере алады? Жақында АМӨЗ-дің жаңадан тағайындалған директоры Қайрат ОРАЗБАЕВ мұнайға жасалған жалған құжаттарды айыру қиын екендігі жөнінде айтып өткен. Мұндай жағдайда әкелінген мұнайдың зауыт техникалық сипаттамаларына сәйкестігін зерттейтін зертханалық сынақтар неге жүргізбеске?
Тағы бір әлеуетті ластаушы – АМБ. Айта кетсек, қазіргі уақытта кәсіпорынға экологиялық тексеріс жүріп жатыр және Е. Қуановтың айтуынша, зиянды лақтырындылар шоғырлануының шамадан асып кеткендігі жөнінде ақпарат расталып жатыр. Соңғы газ шабуылдарының бірі осы кәсіпорын ауданынан болған, өйткені газ иісін түнгі сағат 3-терде Атырау ықшамауданы тұрғындары бірінші сезген, тек таңғы 6-да ғана улы бұлт Авангардқа дейін жетті.
БАҚ беттеріне шыққан сыни жарияланымнан кейін АМБ басшылығы мен штатты экологы барлық кінәні жақын жерде орналасқан қоқыс полигонына жаба салып еді. Осы аудандағы жағымсыз экологиялық көрсеткіштер осы қоқыс алаңына байланысты деп мәлімдеді. Осындай қорытындыны ресми экологтар да беріп жүр.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Қоршаған ортаның зиянсыз, таза болуына мемлекеттің кепілдік беруі керек болса да, олардан қайран болмай тұр. Не істеу керек?
- Жауапкершілікті өз мойнымызға алуымыз керек! – деп есептейді Жайық-Каспий Орхусс орталығының директоры Шынар ІЗТІЛЕУОВА. – Осындай әр лақтырындылардан кейін адамдар өзін жайсыз сезіне бастаса, дәрігерлік көмекке жүгінулері керек, өйткені дәрігерлерге осы жайсыздықты, ең бастысы, осыған не себепші болғанын жаздыру керек, ал бұл экологиялық тексеру жүргізуге жазбаша шағым жазуға негіз болады.
Қала масштабында көлемді экологиялық тексеру жүргізу үшін осындай 50-100 дәрігерге қаралу оқиғасы болса, жеткілікті.
Сонымен қатар, компанияның табиғат қорғау шараларын талқылауға арналған қоғамдық тыңдауларға белсенді араласу қажет немесе осы шаралар жөнінде өз пікіріңді жазбаша ресімдеп, тапсыру керек, өйткені 4 тамыздан бастап компаниялар барлық материалдарын әкімдік сайтына салуға міндетті.
Тексеруге негіз болу үшін қалалықтардың шағымдануы керек деп Е. Қуанов та айтты:
- Бұл жағдайда осы кәсіпорындар біздің ведомствомызды негізсіз тексеріп жатыр деп айыптай алмас еді.
Иә, айналып келгенде, өз қоты-рыңды өзің қасыға тіреліп тұр.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА