Атырау, 25 желтоқсан 18:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Диаровтар: отбасылық портрет

4 810 просмотра

(Соңы. Басы №15 санда) 

ҒАЛЫМНЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

Мұфтах Диаров жұбайы Раиса Диаровамен бірге

Академик өзінің балалық шағы жайлы тек үшінші кездесуімізде ғана шешіле әңгімеледі. Оның себебін мен өзімше ұқтым. Ауыр да болса сол бір алыс бала күндер Мұфтах Диаров үшін ең асыл, ең қасиетті. Сондықтан сол тұнығын көпке жария еткісі келмейтіндей.

- Менің атам Лұқпан, арғы аталарым Ажайып аса дәулетті адамдар болған көрінеді. Олар Тайсойған құмын мекен етіп, Жайық пен Еділдің ортасында көшіп жүрген. Революция кезінде әкем Диардан басқа оның бес ағасын итжеккенге жер аударған. Олар сол беті оралмады. Атам Лұқпанды тұтқындап, дүние мүліктерін тәркілеген. Қаңбақты ауылындағы аталарым тұрған үй осы соңғы 15-20 жыл бұрынғы уақытқа дейін мектеп ретінде пайдаланылып келген. Әкем Диар Астрахандағы медресені бітірген, арабша сауаты болғанымен, «буржуйдың» баласы болғандықтан ары қарай оқи алмады. Ол  ағаштан түйін түйген шебер болды. Көбіне әйелдердің шаш тарайтын тарағын жасап, шешем соны саудалайтын. Ол соғыстан кейінгі жылдары аса қажетті бұйымдардың бірі еді. Мен оны жасауды 9 жасымнан бастап үйрендім. Оның да тек әкеме етене белгілі ерекше технологиясы бар. Сенбіге қарай 4-5 тарақ жасап қоямын, анам оны азық-түлікке айырбастайтын.Малымыз болған жоқ, бақша өнімдерін жағдайымызға қарай әр жылдары өсіріп жүрдік. Өз баспанамыз болмағандықтан түрлі пәтерлерге көшіп жүрдік. Кей жылдары жер астынан үңгіп қазылған жерқопада тұрдық. Жалдаған үйімізді жылытатын қыста отын болмайтын еді. Әсіресе 1942 жылғы суықты ұмыта алмаймын. Өңі бүтін киіміміз де болмаған -ды. Мектепке арты жыртылып кеткен ескі пимамен баратынбыз. Кейде балалар оның жыртығынан шұбырып жүрген шұлғауымды басып құлататын еді. Кейде үйдегі қаруымызбен аңға шығатынбыз. Балалық шақтан бергі досым марқұм Қасым Тұхфатов екеуміздің қоян аулаған кездерім әлі есімде. Осындай балалық шағым болды. Білесіз бе, бәрі бір сол кезең менің өмірімдегі ең тамаша сәттерім болған,-деген ғалым үнсіз қалды.

Оның өткенін аралаған ойларына бөгет болмайын деп мен де үндемедім. Аздан соң академик әңгімесін әрі қарай сабақтады.

- Қарап отырсам біздің отбасымыз ылғи оптимист жандардан құралған екен. Ішерге тамақ болмаған кешкі уақыттарда анам «жарайды, таңдағы тамақ таңертең» деп басу айтатын. Шынында ертеңінде әйтеуір жейтін бірдеме табылатын. Олардың сол өміршеңдігіне әлі күнге дейін таң қаламын. Кейін ер жеткен соң сол сәттер туралы жиі ойлайтынмын. Бәлкім ата –анам өзара айтысатын болар, бірақ «бізде анау жоқ» деген ұрыс-керіс естімеппін. Анам Нұрзиба еті тірі, пысық адам болды. Қыстың қақаған аязы мен боранына қарамай үй-үйді аралап әкем жасаған бұйыдарды саудалайтын. Кейбір орыстарға тілі келмесе де ыммен түсіндіріп, үйге тамақ тауып әкелетін. Соның арқасында біз аштан аман қалдық. Отбасында 8 ағайынды болған едік. Қазір соның тек 2-еуі ғана бармыз.Үйдегі жоғары білім алған жалғыз мен болдым. Кейін студент кезімде де әке-шешем отбасындағы түрлі қиындықтарға қарамастан менің оқуыма бөгет болмауға тырысты. Мен олардың үміті мен сенімін ақтадым деп ойлаймын. Институтты тәмамдаған соң Индер ауданындағы таукен экспедициясына келдім. Бізге үй берді. Мен ата-анамды, бауырларымды қолыма алдым. Сөйтіп 3 бөлмелік пәтерде 9 жан бірге тұрдық Әлі күнге дейін бауырларыма көмегімді үзгенім жоқ. Әкем 26 жасымда дүниеден өтті, ал анам бертінде 1980 жылдары көз жұмды. Әкем менің ғылыми еңбектерімнің жемісін көре алмады. Ал анам ерекше мақтанатын еді.

ӨМІР МЕН ТАҒДЫР

- Мектепте қалай оқыдыңыз?

-Мақтанғаным емес, барлық сабақты өте жақсы оқыдым. Әсіресе математика мен физиканы оқу жеңіл болды. Ол кезде оқу суық бөлмеде жүретін. Қағаз жоқ, күлмен газет-кітаптың шетіне жазатынбыз.. Қазақ әдебиетінен сабақ берген Бану Хисмединова апайымызды ерекше ықыласпен еске аламын. Сол кісі біздің әдебиетке деген құмарлығымызды оятты. 10 сыныпта Абай жолының екі томын да жатқа айтатынмын. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырларын да жатқа білетінмін. Ең алғаш Қазақ таукен институтына оқуға түскенімде оның кітапханасындағы самсап тұрған кітаптарды көргенде таңданысымда шек болған жоқ. Өйткені, ауыл мен мектеп кітапханасындағы бүкіл кітапты оқып тауысқан соң басқа оқитын кітап енді қалған жоқ деп ойлайтынмын.

Езу тартып, сәл күлімсіреп қойды.

- Геолог болам деген шешімді бірден қабылдадыңыз ба?

- Аяқасты геолог болдым дегенім дұрыс болар. 1950 жылы мектеп бітіріп жатқан кезімізде «Лениншіл жас» газетінде «Менің геолог болғым келеді» деген материал шықты. Соны оқыған сыныптас досым белгілі ғалым Қасым Тұфхатов екеуміз бірден геолог боламыз деп шештік. Оған өкінбеймін. Геология- ғылымның ең қызық саласы. Ол кезде оқу үлгеріміңе қарап аймақтарға бөлетін еді ғой. Бүкіл одақ бойынша ұсыныстар болды. Бірақ мен Индер ауданын таңдадым. Ал бергі жылдар өзіңе таныс.

Осылайша  26 жасар Мұфтах Диаров Индер таукен экспедициясының бас геологы болып тағайындалады. Кейіннен 1963 жылы кандидаттығын, ал 1972 жылы 39 жасында докторлық еңбегін  қорғады

-Қазір қандай әдебиеттер оқисыз?

- Айтматовты және басқа да орыс классиктерін оқимын. Бірақ кітап оқуға көп уақыт та бола бермейді. Қазір мені көбіне табиғат құбылыстары қызықтырады. 9 томдық монографияны аяқтау үстіндемін. Онда шетелдік компаниялар жұмысына сараптама жасалған.

«ӘКЕЛЕРІҢНЕН ҮЛГІ АЛЫҢДАР»

Мұфтах Диарұлы жұбайы Раиса АЛЕКСАНДРОВНАНЫ 1955 жылы Индер комплексті геологиялық барлау экспедициясында кезіктіреді. Ол кезде Раиса Александровна бар болғаны 20 жастағы Мурманскіден келген жас маман еді.

 - Біз Индер экспедициясына үш қыз болып келген едік. Жастық желік, жер-ел көру. Геолог- нағыз романтика толы мамандық болды еді ғой. Ол кезде қазақтан шыққан мамандар аз болатын. Бірақ солардың арасында Мұфтах ерекше көзге түсті. Ленинградтық ғалымдар оның бірдеңе білетініне басында сенімсіздік танытқанымен, оларды кейін терең білімімен таң қалдырды.

- Сіздерді ғалымдар отбасы деп атауға әбден болады. Әлде мұның өзегі атадан балаға тарайтын тектілікте ме?

- Тек, ген дегенмен оларды да тәрбиелеу керек қой. Бірақ бала тәрбиелеуде ана бір айтарлықтай рецебім жоқ. Менің түйгенім өз іс-әрекетіңмен үлгі болу керек. Мәселен, менің кітапқа үңіліп отырғанымды көріп, олар да оқуға ұмтылады. Біздің үйдің балалары осылайша 5 жастан бері оқып-жазып үйренді. Балаларымыз қатаң режиммен өсті. Кешкі 9-дан қалмай ұйықтайтын. Тек қазір немерелерге келгенде сол тәртіп өзгерді,- деп күледі.- Мен оларға 1 сыныптан бастап-ақ «бұл сендердің жұмыстарың. Әкелерің жұмысын қалай жақсы істесе, сендер де сондай жетістікке жетулерің керек» дегенмін. Содан болар, бізді ешуақытта мектепке шақырған жоқ. Динаның мектепті медальға бітіретінін де салатанатты кеште бір білдік. Ол әуелде химия факультетін таңдаған еді. Бірақ артынан «математика деген сұлулық қой, есептерді шешесің» деп ол ойынан айнып қалды. Сөйтіп, Дина Ленинград педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түсті. Ал Мұрат баламыз 8 сыныптан физикаға ден қойды. Мұфтах та мектепте математикадан жақсы болған.

Раиса Александровна марқұм ұлы Мұратты еске алғанда жүзі жабырқап, мұңайып қалды. Ол да Ленинград электротехника институтына түсіп, кейін оқуын Атырауда жалғастырған. Алматыдағы ядролық физика институтында аспирантураны тәмамдаған. Облыстық телевидениядағы талай танымал бағдарламалардың авторы, талантты журналист болды. Тек бір әттеңі, өмірден ерте кетті. Ал Дина Мұфтахқызы бүгінде Атырау мұнай және газ институтында математикадан сабақ береді, тәрбие жөніндегі проректор. Оның жұбайы Олег Тимантеев та техника ғылымдарының кандидаты. Диаровтар отбасының келіні Маржан да дайын тұрған доктор. Топономикамен байланысты ғылыми еңбегі қорғалар күн де алыс емес.

Мұфтах Диарұлы балалары жайлы айтқанда көздері нұрға толып, жүзін мақтаныш сезімі билегені аңғарылады.

- Динаш физика-матемика ғылымдарының докторы. Оның қорғаған тақырыбы да күрделі болды -аспан денелерінің  қозғалысы туралы. Ең бастысы пара алмайды, ұжымында беделі бар. Үлкен немерем Мәлика - Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінің математика және компьютерлік модельдеу факультетін тәмамдады. Екінші немерем Тимур - Евразия университетінің есептеу техникасы және бағдарлау факультетін аяқтап, Астанада жұмыста. Екеуі де шетелдік компанияларда қызмет істейді. Ал Александр 10-сыныпта оқиды.

- Шөбереміз де бар. Ол Мәликаның ұлы- Инсан, қазір 4-ке келді. Сондай қызық,-деп Раиса Александровна әңгімені жалғады.

- Мұфтах Диарұлы үйде қандай?

- Ол жанұямыздың әр мүшесіне ілтипатты. Кейде менің ренішімнің себебін білмесе де кінәні өз мойнына алады. Үйде де, жұмыста да мен оны аса зиялы адам деп бағалаған болар едім. Бұл сауалдың жауабы да осы болар.

Сания ТОЙКЕН

Суреттер Диаровтар отбасының мұрағатынан алынды

20 сәуір 2011, 18:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.