Атырау, 21 желтоқсан 07:25
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атырау - шахмат клубы жоқ соңғы қала

3 034 просмотра

Шахмат спортының ардагері Бөкенбай АҒАШАШахмат спортының ардагері Бөкенбай АҒАШАТанысып қойыңыздар, қала сыртындағы Еркінқала ауылының 72 жастағы тұрғыны, шахмат спортының ардагері Бөкенбай АҒАША (суретте). Ол облыстың бірнеше дүркін чемпионы, «Қайрат» ерікті спорт қоғамы мүшелері арасында Қазақ ССР чемпионы, спорт шеберіне үміткер. Соңғы жеті жылда жергілікті мектепте балаларды осы зияткерлік ойын түріне үйретумен шұғылданады.

- Мен 1969 – 1976 жылдар аралығында «Қайрат» ЕСҚ мүшелері арасында облыс чемпионы болдым. 1972 жылы Қазақ ССР чемпионы атанып, спорт шеберіне үміткерлік нормативін орындадым. 1976 жылы мені Алғабасқа бас мал дәрігері етіп жұмысқа жіберді. Ол жерде үлкен мал өсіру кешені болды. Менің шахматқа деген ынтызарлығымды білетін директор: «не шахмат ойна, не жұмыс жаса» деп бірден ескерту жасады. Содан кейін мен шахмат тақтасын он жылдай ысырып қойдым. Кейіннен отбасымды алып, Еркінқала селосына көштім. Бұл жерде сол кезде Ленин атындағы балық аулау колхозы болды. Колхозда мал басы көп болған жоқ, сондықтан да шахмат турнирлеріне қатысатын бос уақыт пайда болды.
Кеңес үкіметі кезінде спортқа, әсіресе шахматқа үлкен көңіл бөлінді. Басқа қалаларда болатын жарыстарға ұшақпен ұшып, «люкс» қонақүйлерде жаттық, ел аралайтынбыз. Облыста Константин Тен, Юрий Гущин сынды үлкен шахмат шеберлері болды. Асқан шеберлігімен көзге түскен Байдаубай деген жас жігіт те есімде. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының сол кездегі бастығы Есбол Досахов (ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің «Қайрат» спорт қоғамы соның тікелей қамқорлығында болды): «Жарыстарға қатысып, жеңу үшін бұларға бәрін беріңдер!» дейтін. Ең үздік ойыншы ретінде мен әрқашан бірінші тақтада ойнадым. 
- Сіздің арнайы бапкеріңіз болмаған, шахматты өз бетінше үйренген деп естіп едім. 
- Жас күнімде ата-анам маған гроссмейстер Василий Пановтың «Шахматы для начинающих» кітабын алып берді. Біз Қызылқоға ауданының Миялы селосында тұрдық. Мектеп директоры Леп Оразов математикадан сабақ беретін. Сол кісі маған алғаш шахмат әліппесін үйретуші және қарсыласым болды. Мектепті бітірген соң Алматы мал дәрігерлер институтына түстім. Оқу орны командасында бірінші тақтада ойнадым. Сол кезде ҚазМУ үшін Сергей Цай, медициналық институт үшін жерлесім Амангелді Сақтағанов ойнады. Айтпақшы, гроссмейстер Давид Бронштейн бір күндік ойын сеансын өткізгенде, ұлы шеберді жеңген жалғыз осы Аман болатын. 
70-жылдары облыста теміржол бөлімі ұжымынан Балтабай Жиенғалиев, мұнайшы Әлібек Боранбаев сынды шахматшылар жақсы өнер көрсетті. Сол кездері облыс құрамына қазіргі Ақтау, бұрынғы Шевченко қаласы кіретін. Осы қаладан шахмат додаларына белгілі ойыншылар Асейчук пен Григорьев жиі қатысып тұратын. Әлібек шаршы тақтада осыларды да жеңді. 
- Жақында жергілікті шахмат әуесқойлары қала әкіміне шығып, шахмат клубын ашуға орынжай сұрады деп естіп едім...   
- 1981 жылы соғыс ардагері, пединституттың профессоры Ғабдрахман Айдаралиевтің бастамасымен Әуезов көшесі, 56-үйден «Дебют» шахмат клубы ашылды. Мұнда балаларға Рафик Вагапов пен Сейран Мазлумян дәріс берді. Және соңғысының шәкірті Салауат Ізмұхамбетов облыс тарихындағы алғашқы гроссмейстер атанды. Қажетті құрал-жабдықтар мен педагогтардың жалақысын «Полипропилен» зауыты қаржыландырды. Клуб 1994 жылға дейін жұмыс жасады және зауыттың банкротқа ұшырауына байланысты өз жұмысын тоқтатты. Орынжай жекешелендіріліп кетті. Қазір сол орында «Дебют» атты кафе бар және оның шахматқа еш қатысы жоқ. 
Біз облыстық шахмат фе-дерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсинмен бірге қала әкіміне жолықтық және Атырау Қазақстанда шахмат клубы жоқ соңғы қала екенін айттық. Әкім Нұрсая ықшамауданындағы үйлердің іргежайынан бір орынжай қарастыруға сөз берді. 
Федерацияның жоспарлары туралы айтып өтейін. Біз талантты балаларға арналған шахмат мектебін ашып, өз әлем чемпиондарымызды тәрбиелегіміз келеді. Жаттығуларды халықаралық санаттағы спорт шебері, Азияның вице-чемпионы Жәнібек Аманов өткізеді, сондай-ақ жетекші орыс бапкерлерін де шақыру жоспарымызда бар. Мектеп ашу үшін демеушілер керек.
- Талантты балаларды қайдан аламыз?
- Алысқа бармай-ақ, Еркінқаланы алайық. Атырауда таланттар жеткілікті. Еркінқала орта мектебінде шұғылданатын менің шәкірттерімнің ішінде облыстық және республикалық турнирлерде Анар Асанова, Әлсейіт Қизатбай, сондай-ақ Бекет пен Нұрберген Жұлдызовтар жақсы өнер көрсетіп жүр. Бізге тек жағдай жасаса болды, нәтижесі көп күттірмес.
 
Мұрат Сұлтанғалиев
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ 
15 тамыз 2013, 16:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.