Егер бұрын барлық музыкалық жұлдыздар тек Алматыда ғана жанатын болса, қазір шеткі өңірлерде де пайда болып жатыр. Сазгер және өз өлеңдерінің авторы Бейбіт МЕҢДІҒАЛИЕВ (суретте) Love radio Тандем арнасын тыңдаушы атыраулықтар арасында үлкен қошеметке ие болды және оның мұнымен тоқтар ойы жоқ.
Радиода шырқалатын танымал әндер мен өлеңдердің авторы және бұрынғы қаржы полициясының қызметкері - бұл, келіссеңіздер, ерекше құбылыс. 46 жасар Бейбіт отставкаға шыққаннан кейін ғана өзінің өмірлік арманына қол жеткізіп, сазгерлікке жан-тәнімен ден қойды. Жалпы, музыкаға деген оның құштарлығы балалық шағынан басталған, ал 17 жасында саз академиясына фортепиано сыныбы бойынша оқуға түседі және Роальд ТОПЧЕВСКИЙ, Минура ИЩАНОВА және Анна ЭЙДЕНЗОН сияқты атақты ұстаздарының сүйікті оқушысы болады.
- Өнер әлемінен суық та қатал қаржы полициясына қалай тап болдыңыз?
- 17 жасымда музыкалық училищеге (қазір Д. Нұрпейісова атындағы саз академиясы) оқуға түсіп, мен музыкамен терең шұғылдана бастадым – бұл менің арманым еді. 18 жасымда ес-түссіз ғашық болып, Назгүлге үйлендім. Ауыр кездер басталды. Отбасымды қалай асырау керектігін ойлауға мәжбүр болдым. Музыкамен бала-шағамды қамтамасыз ете алмайтыным белгілі болды. Мен Астанадағы Қаржы полициясы академиясына түстім. Оқу бітірген соң, біраз уақыт мамандығым бойынша жұмыс жасаған жоқпын – аздап саудамен айналыстым. Кейіннен мені қызметке шақырды.
...Бірде әріптестеріммен бірге жұмыстан кейін караоке-барға келдік, ол кезде мен Астанада екі жылдық іссапарда жүр едім, жолдастарыммен бәстесіп, ән айттым. Менің осындай даусым бар деп ешкім ойламаса керек. Содан бері бәрі маған: «Бейбіт, сен есікті шатастырып алған жоқсың ба? Консерваторияға түсіп, әрі қарай көшеде ән айтсайшы...» деген сияқты әзілдерді айтатын болды. Кейіннен туған қалама келіп, қаржы полициясына жұмысқа кірдім, зейнеткерлікке шыққаннан кейін жастық шағымның арманын іске асыруға кірістім. Дегенмен, өлеңдерім өте көп емес – небары жетеу. Мен саннан сапа жақсы деп есептейтіндердің қатарынанмын.
Радиоға сазгер Болат ҚОҚАМАНОВТЫҢ кеңесімен өзім хабарластым. Ол менің шығармашылығымды жоғары бағалап, әндерімді тыңдаушыларға жеткізу керек деп ақыл берді. Қазір менің үш өлеңімді Love-радио 103.60 арнасынан тыңдауға болады.
- Өлеңдеріңіз не туралы?
- Махаббат, сұлулық, әйелдер туралы... Патриоттық әндерге көп қызыға бермеймін. Ертеректе, оқып жүрген кезімде ән бұқараға шығу үшін, алдымен, белгілі музыка оқытушысынан рецензия алу керек болатын. Содан кейін оны алматылық комиссия тыңдайтын. Олар мәтіндегі әр сөздің астарын шұқылап тексеретін. Егер ол патриоттық ән болса, одан бетер талқыға түсетін. Бірде осындай комиссияға түскен бір әнімнің мәтінінде «ит» сөзі бар екен. Өткізбей тастады. Мен қазір көбіне лирикалық әндер жазамын, арасында қазақ және орыс тілдерінде жазылған поп және джаз әуендері бар.
...Жақында бұрын ән айтпайтын қызымның әдемі ашық дауысын байқадым. Оған арнап ән жаздым, бұл мектепте 5 сыныпты аяқтап жатқан кезі еді. Бұл ән соңғы қоңырау мерекелік шарасының сценарийіне кірмеген еді, алайда соңғы жағына енгізіп жіберіпті. Қызым ән айтты. Туындым мереке мәніне тап осылай сәтті араласып кетеді деп ойламап едім, бәрі керемет болды.
«Марсианка» деп аталатын әнім бар. Ол жұмбаққа толы әйел жанына арналған. Болашақ әнімнің сөзін алғаш рет әйеліме толғаныспен оқып шықтым. Мен өлеңімде әйел мінез-құлқының керемет, ізгі белгілерімен қатар қарама-қайшы келеңсіз жақтарын да жырға қосқанмын, сондықтан да қатты толқыдым. Жалпы, Назгүл - менің ең басты сыншым. ... Мен «ешкідей кірпияз...» деген жолға келгенде, әйелім қабағын түйіп, кішкене ойланып отырып, «баладай кірпияз» деп жаз, ренжітпе біздерді!» деп сөгіп алды. Мен сынды сыйластықпен қабыл алып, өлең жолдарын солай түзеттім – шынымен жақсы шықты.
Жалпы, менің өлеңдерімнің көбі нәзік жанды аруларға арналған. «Аяулым» атты алғашқы әнім жан жарыма арналған. Әннің негізгі мазмұны – әйелі жақсы еркектің барлық ісі өрге өрлейді. Осы әйелдің арқасында ер адам өмір жолында нық қадам басып, кез келген қиыншылықты жеңе алады, тек сүйгенің қасыңда болсын. YouTube-те «Признание женщине» деп аталатын тағы бір әнім салынған.
Жақын әзірде осы әнге бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмын.
- Өлеңді дайын әуенге салып жазасыз ба, әлде керісінше ме?
- Менде әр түрлі болады. Көшеде келе жатып, кенет басыңда әуен ойнай бастайды. Мен бірден ұялы телефонымдағы үн жазғышты қосып, әндете бастаймын. Сыртан қараған адамға оғаш көрінетін шығар. Кейде ойыңа бір-екі жол ұйқас келе қалады және ол болашақта өлеңге негіз болады. ...Суретші басқа бір адамның суретін қарап тұрып, шығармадан өзіне қатты ұнаған бір бөлігін, мәселен, бұлтты байқауы мүмкін. Кейіннен ол осы бөлікті өзінің туындысына салып, басында туындаған қайталанбас нақыштарды қосып, әдемі суретті өмірге әкеледі. Әуенде де осындай жағдай.
Музыка – бұл терең тұңғиық. Музыка – менің өмірім.
Анастасия ПАСТУХОВА
15 тамыз 2013, 15:53