Дәстүр бойынша тамыздың екінші сенбісінде Дене шынықтырушылар күні аталып өтеді. Соңғы жылдары бұл атаулы күнге көп көңіл бөлінбей, кейде тіптен ескерусіз қалып барады. Бұл күні спорт орындарында әсем әуен де, ұран сөздер де естілмейді, есеп берулер, көзге түскендерді марапаттау сияқты бұқаралық іс-шаралар да болмайды. Бұған бір бағытты түсінік беру қиын, газет бетіндегі шағын мақалаға сыйғыза алмайсың. Алайда бір айғағы, дене шынықтыру-спорт саласы түбегейлі жаңартуды қажет етеді.
Атырауда бұрын-соңды тап осындай спорт және дене тәрбиесі сабақтарын өткізуге қолайлы жағдайлар болып көрген жоқ. Спорттық орынжайлар жеткілікті, құрал-сайман, киімдер баршылық, қаржы бөлініп жатыр, ақпараттарға қолжетімділік әлемдік деңгейде. Осындай кереғар құбылыстарға қарап отырып, өзіңе не болып жатыр, не істеу керек деген сұрақтар қоясың.
Менің ойымша, бұл жердегі маңызды сәт «спорт» ұғымын екі түрлі түсіну болып табылады: бір жағынан, бұл – тек әкімшілік ресурстарда отырғандар мен қаражаттарды бөлуге ықпал жасайтын адамдардың аз тобының қолы жететін қаржылық механизм, екінші жағынан – КСРО стандарттарынан негіз алған бұқаралық спорт. Екеуінің арасында асу бермес құз жатыр, міне осыны игеріп, алға қарай дамуымыз керек.
Бірнеше нақты мысалдар келтірейін. «Атырау» волейбол клубымен байланысты атышулы оқиға. Бұдан он жыл бұрын өз ісін білетін кәсіби адамдар клубты басқарып, алдарына үлкен мақсаттар қойды. Алайда олар өздерін әрі қарай дамытып, әлемдік аренаға шығудың орнына спорт басшылығы ұсынған ортаға үйрене бастады. Нәтижесінде волейбол бізде бұқаралық спорт түріне айнала алмады, басшылардың басы даулы болып, соттасып жатыр. Футбол, баскетбол және хоккейде де жағдай керемет деп айта алмаймын.
Бұрын бүкіл Республика мен Одаққа әйгілі болған ескекпен есу спорты соңғы күндерін санап жатыр. Егер М. Бузбановқа, Ф. Маруновқа, В. Ганусқа (барлығы да зейнеткер жасында) қолдау көрсетіп, спорт ақсақалдарының таяғын ұстап қалмасақ, енді 2-3 жылдан кейін бұл салада жұмыс жасайтын адам табылмай қалады.
Бокстан Б. Теміров КСРО чемпионы болғанда қалай қуандық, біздің бокс мектебіміз республика бойынша үздік саналып еді. Қайда бүгін сол бокс? Керемет заманауи базасы бар, бірақ еш жетістігі жоқ. Жыл сайын біздің бокстың үздік мамандары облыс федерациясының төрағалығына таласумен жүр.
Күні кешеге дейін әйгілі болған ұлттық қазақша күресіміз «шығыс жекпе-жегіне» айналып шыға келді.
Көктемде облысымызға аты әлемге әйгілі КСРО футбол ардагерлері келді, алайда матч жарнамасыз, халыққа жарияланбай, жабық өтті, көрермендер де аз болды. Барлығы да еш мерекесіз, үстіртін өте шықты. Неге осылай өтті деп сұрағанымызда, облыстық спорт басқармасының хабары жоқ екен: бұл жерде түсінік берудің де қажеті жоқ.
Жақында «Судоремонтник» спорт кешенінде 200 шұғылданушысы мен 11 жаттықтырушысы, әкімшілік және қызмет көрсетуші қызметкерлері бар «Футбол академиясы» жұмысын бастады. Дұрыс ұйымдастырылған іс. Сонымен қатар мұнда нағыз кәсіпқойлар мен футбол жанашырларының жұмыс жасағаны өте маңызды. Мен кезінде (70-80-жылдары) осы «Судоремонтник» стадионында футбол жаттықтырушысы болып жұмыс жасадым – шұғылданған балалардың саны 250-ге жетті. Жаттығулар тұрақты өтті, жасыл алаң да, шешінетін жер де болған жоқ.
Бізде көп жылдан бері жүзу бассейні бар, жүзу бойынша чемпиондар қайда? Суға секіруден халықаралық жарыстардан алған жүлделер қайда?
Бізде облыс бойынша соңғы рет қашан жеңіл атлетика спартакиадасы өтті, жерлестеріміздің ішінен ең жүйрігі кім, кім бәрінен жоғары биіктікке не алысқа секіреді, бізде дискоболдар бар ма, үштік секіру деген не сияқты сұрақтарға кім жауап береді? Өкінішке орай, жеңіл атлетика да тарих қойнауына кетті. Жергілікті БАҚ-тар спорт туралы қысқаша ақпарат береді де қояды.
Бұдан бірнеше жыл бұрын «Мұнайшы» спорт кешенін АМӨЗ балансынан қалаға алып бергені түсініксіз. Университетіміздің дене шынықтыру және спорт кафедрасы да мардымды жұмыс жасап жатқан жоқ. Оқу орны қабырғасынан шығып жатқан мамандардың аз бөлігі ғана спортқа келіп, көпшілігі күзет қызметіне кетіп жатыр.
Осылайша тізбелеп жаза беруге болады. Қалыптасқан осы жағдайдан қалай шығамыз – негізгі мәселе осы.
Облыстық спорт пен қалалық спорттың рөлі мен орнын белгілеу керек. Олардың қалыптасқан жағдайда және болашаққа жұмыс жасай алмайтындары көрініп тұр. Спорттық құрылымдармен өзара әрекеттесу жүйесін жасау керек. Бұл үшін алға қойылған мақсаттардың ашық, қолжетімді, жүйелі және түсінікті болуы керек. Шаруашылық есептегі спортты енгізуді бастау керек.
Ең алдымен басшылықтың қызметтік кабинеттерін проблемалар мен адамдарға жақын спорт кешендеріне орналастыру керек. Дене шынықтыру активтері, федерация отырыстары сияқты жиындар туралы көптен естіген жоқпын. Спорт басшылары БАҚ беттерінде нендей іс атқарғандарын, қандай мәселелері барын халыққа тұрақты баяндап тұрсын.
Институттың, сондай-ақ колледждер спортын бөлек бір ұйымдарға біріктіру керек. Сонымен қатар, оқушыларға үлкен көңіл бөлу қажет.
«Кадрлар бәрін шешеді» тұжырымы мұнда да өзекті, жауапты орындарға үздіктерді таңдау керек.
Х. Джамалетдинов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор