Атырау, 1 желтоқсан 23:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Неге «Синопек» кешенді тапсыру мерзімін орындамады?

3 978 просмотра

«АМӨЗ» ЖШС-тің бас директоры Қайрат ОРАЗБАЕВ қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясының Хош иісті көмірсутек өндіру кешенін (ХОК) толықтай аяқтап тапсыру мерзімін неге бұзғандығы жөнінде әңгімелеп берді. Естеріңізге салсақ, жоба құны – 1 млрд 40 млн доллар.

- Біз оларға (қытайлықтарға) барлық шығыс деректерін, барлық техникалық талаптарды бердік. Керек нәрсенің барлығын тапсырдық. Олардың жобалауды кідіртуге еш себептері жоқ еді. Алайда жобалау бір жылдан аса уақытқа кідіртілді.

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ:
Оразбаев Қайрат Құлымұлы, 1963 ж. т., Атырау мұнай өңдеу зауытында 30 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді. Зауыттың қондыру операторынан бас инженеріне дейін көтерілді. 2013 жылдың 21 маусымында АМӨЗ бас директоры болып тағайындалды.

- Қандай себептермен?

- Біріншіден, олардың қазақстандық стандарттар бойынша жұмыс жасау тәжірибелері жоқ, біздің жобалау және құрылыс салу бойынша нормативтеріміз Қытай елінікіне қарағанда қатаң. Сондықтан да олар көп нәрселелерін біздің нормативтік талаптарға сәйкестендірді және бұл бірталай уақыт алды. Екінші: олар ХОК-ті жобалауды бастағанда біз Мұнайды терең өңдеу кешені (МТӨК) жобасын жүзеге асыру туралы шешім қабылдап қойғанбыз. Бұл жобаны да қытайлықтар жасайды. Әрине, олар кейбір мәселелерді, мысалы, қуат тасымалдағыштарды біріктіре атқарғысы келді. Кейіннен қосымша, керексіз жүктемелер пайда болмас үшін барлығын екі жобаға есептеп жасау керек болды. Олар екі жобаны біріктіре бастады, екі жобаның бір-біріне байланысты бес-алты ортақ, яғни, біріншіге де, екіншіге де қатысы бар нысандары бар. Мәселен, азот станциясы, су беру жүйесі және т.б.

Жабдықтардың кеш жеткізілуіне келетін болсақ, жобалаудың кеш аяқталуына байланысты материалдар мен жабдықтарды жеткізуге тапсырыс беру де кеш жасалды, өйткені жабдықтар мен материалдардың номенклатурасы жобада анықталады ғой.

- Қазақстандық стандарттардың қытайлықтармен салыстырғанда қатаңдығын неден көруге болады, мысал келтіре аласыз ба?

- Бізде жабдықтардың орналасу арақашықтығы өзгеше, өртке қарсы айрықтар көп, бізде жабдықтарды дайындауда жекеленген талаптар бар... Санамалай беруге болады, алайда оқырманға қызықты болады деп ойламаймын.

- ХӨК құрылысына жабдықтар қай жақтан жеткізіледі?

- Жабдықтар Қытайдан, Еуропадан, Ресейден әкелінеді. Сондай-ақ Қазақстаннан да алынады – белгілі бір қазақстандық үлес бар. Бұл жабдықтардың барлығына техникалық жоба әзірлеушісінің келісімі алынады. Жоба әзірлеушісі – ресейлік «Омскнефтехимпроект». Осыдан кейін лицензиардан және бізден келісім алады.

Қазір барлық жетіп үлгермеген жабдықтар жолда келе жатыр. Бірінші қосу кешені бойынша біз барлық жеткізу көлемін жаптық, екінші кешен бойынша жабдықтардың 26 бірлігі қалды.

- Қытайлық тарапқа айып санкциялары қолданыла ма?

- Шарт бойынша айып санкциялары белгіленген. Иә, олар қолданылады, алайда айып санкцияларын салу талқыланатын болады. Қытайлықтар қазір мерзімдерді ұзартуды сұрап жатыр – құрылыс мерзімдері 7 айға ұзартылады. Жаңа жылға дейін тапсырулары керек еді, енді 2014 жылдың шілдесіне шегерілді. Жобаның 1 млрд 40 млн тұратынын ескеруіміз керек, ал 7 айлық кешігулер бес қатарлы үйлер құрылысында да болады. Бұл жерде туындап отырған жалғыз мәселе, бұл ірі жоба, сондықтан оған қашанда үлкен көңіл бөлінеді.

Айыппұл салудың бірнеше бағыттары бар, біз белгілі бір екі жаққа да тиімді жағдайларда келісімге келе аламыз. Мәселен, олар біз қалаған күні нысанды тапсыру үшін асығулары керек. Егер бұл күнге үлгере алмаса, ең жоғарғы айыппұлдарды қолдануымыз мүмкін, яғни айып санкцияларын қолдану нұсқалары қосымша қаралатын болады. Еш нәрсеге қарамай, барлық санкцияларды қолдануға да болар еді. Алайда бұл жобаға қалай әсер етеді, соны да ойлап қою керек. Сондықтан да АМӨЗ-де «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және біздің тікелей бас кәсіпорнымыз – «ҚазМұнайГаз - өңдеу және маркетинг» АҚ өкілдерінің қатысуымен жұмыс комиссиясы құрылды. Бір-екі күнде біз қытайлықтармен мерзімдерді ұзарту мен айып санкциялары туралы ресми келіссөздерді бастаймыз.

- Келісімшарт кері қарала ма?

- Келісімшарт кері қаралмайды, оған мерзімдер мен тараптардың жауапкершілігі бойынша қосымшалар қосылады.

- Қытайлық тарап өз кезегінде не айтады?

-Қытайлық тарап Қазақстанның нормативтік базасы олар үшін қиындау болып тұрғанын алға тартады, әсіресе, техникалық құжаттамаларды екі тілде дайындауда қиындықтар бар. Екіншіден, олар шетелдік жұмыс күшіне, өздерінің ойынша, жеткілікті мөлшерде квота сұратқан, алайда оларға одан аз бергенін де сылтауратып тұр. Қытайлық тараптың қамтамасыз ету жағынан қазақстандық тарапқа қойып отырған еш талап-уәждері жоқ, яғни кестені орындай алмағанына біз кінәлі емеспіз.

- Сіздің айтуыңызша, «Синопектің» бізде жұмыс жасау тәжірибелері жоқ және олар Қазақстандағы стандарттардың қатаңдығын алға тартады. Алайда тендер болды ғой, ал бұл байқаудың басты талаптарының бірі сәйкесінше тәжірибенің бар болуы емес пе?

-Тендерге осындай тәжірибесі бар жапондықтар қатысты, алайда олар екі есе артық ақша – 3 млрд сұрады. Мәселе осында жатыр.

- Сараң екі рет төлейдінің кері келмей ме?

- Біздің жабдықтар мен жобалаудың сапасына еш талап-тілегіміз жоқ. Жабдықтардың сәйкес келмей қалуына да сұрағымыз жоқ. Біз бұлардың бәрін тәуелсіз «Муди Интернешнл» компаниясын тарту арқылы қабылдап алып отырмыз. Бізде техникалық қадағалау органдарының да, ресейлік институттың да ескертпелері жоқ. Біздегі жалғыз мәселе – құрылыс қарқыны.

 

МҰНАЙ ЖӘНЕ ЖАЛҒАН ҚҰЖАТТАР ТУРАЛЫ

- Қаржы полициясы департаменті заңсыз мұнай айналымы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл мұнай АМӨЗ-ге жалған құжаттармен тапсырылған. Түсінік бере аласыз ба?

-Мен мұнаймен ешқашан шұғылданған жоқпын және ешкімге түсінік бермеймін. Бұл менің біреуден немесе бір нәрседен қорқып отырғанымнан емес, мен бұл мәселелер туралы анық білмеймін. Кім жалған құжат жасағанын және қалай жасағанын қаржы полициясы анықтайды.

- АМӨЗ-дің қандай бөлімі өңдеуге әкелінген мұнай құжаттарын тексереді?

- Біздің қызметкерлер құжаттардың жалғандығын және дұрыстығын жүз пайыз анықтай алады деп ойламаймын. Жасанды төлқұжатты да айыра алмайсың. Ақшаны да қолдан жасауға болады. Адамның қолы мен мөрдің жалған көшірмесін жасау қиын дейсіз бе? Менің бір білетінім, мұнайға барлық жерде - өндіруде де, тасымалдауда да, өңдеуде де бақылау жасау керек.

- Зауытқа өңдеуге келетін мұнай қай өңірден, қай кен орнынан келіп түседі?

-Негізінен бұл Маңғышлақ мұнайы, Ақтөбенің кейбір кен орындарынан да келеді. Қызылордадан да вагон-цистерналармен мұнай жеткізе алатынын жоққа шығармаймын, бір кездері Ресейден де мұнай келетін, алайда қазір олар мүлдем жоқ деуге болады.

Кен орындары өте көп, алайда көпшілігі ҚМГ жүйесіне кіретіндер. Біздің вагон-цистерналармен, құбыр желісі бойынша бір реттік жеткізулер бойынша сұрақтарымыз бар. Ірі кенорындар көптен жұмыс жасап келеді. Мәселе бүгінде өте ұсақ және түрлі кен орындарының көбейіп кетуінен пайда болып отыр. Алайда бұл нарықтың алғаш қалыптасуының дерті шығар.

Сұхбаттасқан Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

7 тамыз 2013, 16:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.