Өткен аптада Құлсары қаласында жігіттер арасында «Алғыр жігіт ақылына сай іс қылар» деген атпен сайыс өтті. Мұнайшылар клубына лық толған көрермен Жылыой ауданының нағыз жігіт сұлтанын анықтады.
Ауданның сайдың тасындай атпал азаматтары қатысқан бұл шараны тамашалаушылар аз болмады. Екі жүз орындық клубта ине шаншар орын жоқ. Тіпті елу шақты адам тікесінен тік тұрып, бірнеше сағатқа созылған шараны қызыға тамашалады. Өз орталарынан үкілеп қосқан жігіттердің шашбауын көтергендер де осында еді. Бір ғажабы, бұл сайысқа әдеттегі мекемелерден гөрі, мұнайшылардың қатысуы тартыстың тартымдылығына себепші болғаны рас. Білімі мен өнерін, тапқырлығы мен талантын ортаға салып, додаға қатысқан жігіттердің қай‑қайсысы да өз қабілет-қарымын көп алдында паш етпекші. Сол себептен сыналар шақта абыржу мен толқу, салқынқандылық пен сабырлылық қатар жүріп жатты.
Міне, сахнаға көтерілген жігіттер жеке‑жеке өздерін таныстырды. Оның ішінде жеті атасын өлеңдетіп таныстырғандар болды. Тіпті қатысқан жеті жігіттің үшеуі слайд дайындапты. Балалық шағынан бастап мектептегі, отбасындағы, ұжымдағы суреттерін слайдпен көркемдей білген.
Сонымен, 25-35 жастағы жігіттер, яғни №6 мектептің бейнелеу пәні мұғалімі Ғалым НҰРДӘУЛЕТ, «Семсер‑Секьюрити» мекемесінің қызметкері Ғибрат ШӘТЕНОВ, «Құлсарымайқұбырлары» басқармасының инженері Тайкелтір ҚАСЫМҒАЛИЕВ, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ‑ның көлік жүргізушісі Нұрлыбек ОҢҒАРБАЕВ, «Ақберен» ӨК‑нің дизайнері Ержан УАХИТОВ, «БТА» АҚ‑ның Құлсары бөлімшесіндегі несие беру маманы Жанарбек САҒЫНБАЕВ және №18 мектептің әскери дайындық пәнінің мұғалімі Талғат ҚАЛЫШЕВТАР қатысқан еді. Сайыс алты кезеңнен тұрды. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» бөлімінде жігіттер өздерін таныстырса, ал «Тәрбиенің тамыры‑салтымызда» бөлімінде ежелгі әдет‑ғұрыпты бейнелер өнерлер ортаға салынды. «Бал‑бал бүккен сыр» бөлімі басқалардан ерекше болды. Алдын‑ала жасалған ескерткіштердің қуысында сан сұрақтар жатты. Шараның басты тақырыбына сай қазақтың салты мен дәстүрінде кездесетін бұйымдар, басқалар, болмаса көне сөздерді түсіндіріп беру сұлтандарға жеңіл болған жоқ. Ондайда қызып кеткен көрермендер залдан сыбырлай үн қатып, олардың естеріне түсіндіргендей әрекеттер жасады. Ақын Бүркіт Базарбаев қазылар алқасы тым мығым.
Ескерткіштің қуысынан қойдың жілігі қолға ілінді.
‑ Мына жіліктің атауын және мал жілігінің қайда орналасқаны туралы не айтасыз?
Бұл сұраққа жауап беруші жігіт дәлдіктен тайқып жатты. Дегенмен сайыста малдың төрт аяғында 12 жілік болса, сол жағындағы қолы мен санының әрқайсысында жамбас, ортан жілік, тоқпан жілік, кәрі жілік, жауырын болатыны еске алынды. Ал қой еті он үш мүшеге бөлінеді. Ат әбзелінің, тұрмыстық заттардың атауы турасында сұрақтар да қойылды. Сайысқа қатысушылардың үзілісі әнмен өрнектеліп жатты. Жергілікті өнерпаздар Гүлмира Қаналиева, Зәуреш Молқоровалар бірнеше әнді сызылта орындады. Термеші Бақытбектің өнері де үзілістерде тамашаланды. Ал сайыскерлер де «Жігітке жеті өнер де аз» бөлімі де айтарлықтай көермендердің ықыласын тудырған еді. Өз жанынан жыр шумағын төккен Жанарбектің, тау халқының биін шабыттана орындаған Ғибраттың өнеріне қол соғушылар көп болды. Дегенмен Ғалымның суретшілігі көпті елең еткізді. Ол алты бірдей туындысын алып келіпті. Бірақ сайыс шартына сай үш минутта өнер көрсетуде майлы бояумен Астананың Бәйтерегін көп көзінше салуы көрермендерді таң қалдырды. Шарттағы «Жігіттің екі сөйлегені‑өлгені», «Әсемдік» бөлімінен де үміткерлер мүдірмей өтуге тырысты. «Әсемдікте» соқталдай ұзын бойлы жігіттерге қазақтың желбегей жамылған шапаны, батырлардың киімдері жараса кеткен. Екі иықтарына екі кісі мінгендей тартымды жігітті қазақтың ханы Абылай ма деп қалғандайсың. Шабандоз да, сал - сері де осында. Бұл жолы Ғалым тағы тапқырлық танытты. «Қансонарда шығады бүркітші аңға» дегендей, аңшының киімі мен өзі қолдан жасаған бүркітін алып шыққанда таң - тамаша қалғандар аз болмады. Бейнебір көкжал соғардай сахнаға шыққан оның қолындағы бүркіті шын бүркіт сияқты. Жеті жігіт қазақтың етене таныс киімдерін құр киіп шықпапты, оның қажеттілігін, ерекшелігін де тәптіштей түсіндірді.
Бір сөзбен айтқанда, бұл сайыс шынымен көермендердің ыстық ықыласын туғызған. Және қазылар алқасының әділ бағасына да риза болысты.
Сонымен бірнеше сағаттарға созылған сайыс қорытындысында бас жүлде Ғалым Нұрдәулетке бұйырды. Бірінші орынды Жанарбек Сағынбаев иеленсе, ал одан кейінгі екінші, үшінші орынды Тайкелтір Қасымғалиев, Ғибрат Шәтеновтер бөлісті. Жүлдегерлер де, сайысқа қатысушылар да сый‑сияпаттардан құр қалмады.
‑Бұл басқаларға ұқсамайтын бөлек кеш болды. Мазмұны бай, жинақы, әрі тартымды. Жеті жігіттің өнері, сөз саптауы, қарапайымдылығы, ұлтжандылығы бізге ерекше әсер етті. Сайыс болған соң орын беру керек болар, дегенмен қатысушыларға аса риза болып отырмыз. Осындай жастарға жігер беретін, ұлтымызды өркендетін шаралар жиі болып тұрса,‑дейді кеш көрермені Сәлима ана.
Айта кету керек, аталмыш шараны ұйымдастырушы ‑«Тағылым» қоры мен «Нұр Отан» ХДП-сы бұл сайысты тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнапты.
Біз сайыстан соң «Тағылым» қорының мүшесі Сайлаубай ТАЛАСОВТЫ сөзге тарттық.
‑ Облыс көлемінде құрылған қордың мақсаты - ана тілімізді насихаттау. Өз тілімізді өгейсітіп жүргендер жоқ емес пе. Соған балта шабу. Қордың арқасында мүгедек балалар, қарттар арасында шаралар ұйымдастырылды. Ал жігіттер сайысы көп адамдарға ой салды деп ойлаймыз. Бұл күні қордың атынан қазақтың көне сөздері жазылған парақтамалар шығарып, халыққа тараттық. Алда тағы өткізілетін шаралар бар, мақсатымыз‑ұрпаққа рухани байлығымызды мұра етіп қалдыру, ‑ дейді С. Таласов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА