Атырау, 25 желтоқсан 07:16
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Үнді еліне ерекше саяхат

4 854 просмотра

Үнді елінің арнайы  грантын жеңіп алған атыраулық жас  Салтанат ТӨЛЕБАЕВА (суретте) «International Training Programm» атты тегін оқу курсына барып келді. 

ЖҰМЫСТАН ҚЫСҚАРТЫЛЫП, ГРАНТҚА ІЛІКТІ

26 жастағы Салтанат - Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. Оқу бітірісімен басқа да жастар секілді ол үшін де мамандығына сай жұмыс табу қиынға түседі. Кейін өзінің талпынысы мен еңбегінің арқасында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының сыртқы экономикалық байланыс және халықаралық қатынастар бөліміне бас маман болып қызметке орналасады. Бірақ, былтырғы жылдың қараша айында жұмыстан қысқарып қалады. Қысқартуға ұшырағанына қапалы болған Салтанат қайтадан жұмыс іздеуге кірісіп, тағы да біраз қиындықтарды бастан кешіреді.  Сондай бір күңгірт күндердің бірінде күтпеген жағымды жаңалықты естіп, қатты қуанады.

- Үндістан елшілігіне былтырғы жылы тапсырған құжаттарымның қабылданып, көп ішінде жалғыз өзімнің грант жеңіп алғанымды естігенде, әуелі сенер-сенбесімді білмедім. Қуаныштан басым айналғаны рас. Бірақ, сол қуаныштың арты су сепкендей басылып, өзімнің жұмыстан шығып қалғаным есіме түсті. Елшіліктен мені құттықтап хабарласып отырған қызметкерден кешірім сұрап, өзімнің басымдағы жағдайымды түсіндіріп, айыпты кісідей, «мен енді мемлекеттік қызметте емеспін» дедім. Ал тұтқаның арғы жағындағы дауыс «оның маңызы жоқ, ең бастысы, сіз грант ұтып алдыңыз, бәрінің ішінен таңдау сізге түскен, курстық оқуға қабылдандыңыз. Ақшадан қысылмаңыз, бәрін де Үндістан үкіметі төлеп қойды» деген соң барып қалай да ұшуға бекіндім, - деп әңгімесін бастады Салтанат. Оқу үнді елінің Қазақстандағы елшілігі мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлеріне бөлген гранты бойынша Хайдарабад қаласындағы ағылшын және шетел тілдерінің университетінде өткен.

Жалпы, Үнді еліне оқуға Қазақстаннан бес адам барған екен. Оның бәрі де бюджеттік салада жұмыс істейтіндер және мемлекеттік қызметкерлер. Басқа елдерден келген шетелдіктердің де жұмысы үкіметке қарасты.

Сонымен, Хайдарабад қаласына Латын Америка, Шығыс Еуропа, Африка, Австралия және бүкіл ТМД елдерінен (кейде Корея және Қытай елдерінен де келеді екен) барлығы 74 қызметкер жиналды. Ағылшын тілі және шетел тілдері университетінің ұстаздары оларды үш топқа бөліп оқытқан (бір топта 25 студенттен).

- Оқу курсы қаңтардың 7-сінен сәуірдің 1-іне дейін жалғасты. Бір қызығы әрі қызықты болғаны, университетте бізді арнайы оқулық немесе әдістемелік құралдарға ғана сүйеніп оқытқан жоқ. Түрлі дискілер мен диалог және ойындар негізінде дәріс өткізді. Бір-бірімізбен әңгімелесу барысында тілдік сауаттылықты біршама үйреніп қайттық. Енді мен қазір Атырауға келген шетелдіктердің сөзін анық ұғамын деп сенімді айта аламын, - деді Салтанат.

«ҮНДІ ЕЛІ ҰСТАЗДАРДЫ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТТЕЙДІ»

Хайдарабад қаласындағы ағылшын тілі және шетел тілдері университетіндегі ағылшын тілінен тегін оқу курсы Үнді елінің үкіметінің қолдауымен 1999 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бір айтары, Үндістанда ұстаздарды жоғары бағалайтын көрінеді. Олар қызмет ететін оқу орынының жанынан тегін баспана беріп қояды. Ал алатын жалақылары шамамен 2000-3000 АҚШ доллары.

Салтанат ұстаздардың аталмыш университеттің Үнді елінде ең беделді жоғары оқу орындарының бірі екендігін айтқанымен, атына заты сай болмай шыққанын тілге тиек етті. «Ең беделді деген университет жалтырап тұрмаушы ма еді? Мұнда бәрі ескі. Тақтасы да, оқу үстелі де, жиһазы да сынып жатыр. Бірақ, жан-жақтан келген қызметкерлермен тіл табысып, жаңа таныстарды табу ерекше әсер етті. Және, университеттегі ұстаздардың барлығы Еуропадан оқу бітіріп келген. Нақтырақ айтсам, Ұлыбританиядан. Бұл үш айлық тегін оқу курсына түсу үшін ағылшын тілінен бір хабарың болғаныңның өзі жеткілікті. Сондай-ақ, елшілік жіберген сауалнаманы толтырып, 100 сөзден тұратын шығарма жазасың. Одан бөлек, медициналық тексерілуден өтіп, аранйы құжат тапсырасың. Жалпы, бұл туралы неге жалпақ жұртқа тегістей хабарланбайтынын білмедім» деді Салтанат.

Расында да, біз неге Үндістандағы тегін оқу курсы туралы осы уақытқа дейін білмей келгенбіз? Бұл мемлекеттік құпияға жатпайды ғой?

Салтанаттың тағы бір айтқаны Үнді еліндегі осындай тегін оқу мүмкіндігі тек қана кедей елдеріне ғана беріледі екен...

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суреттер мақала кейіпкерінің жеке мұрағатынан алынды

13 сәуір 2011, 16:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.