AIKYN.KZ. "Соғыс Сноуденнен шығуы мүмкін бе?" - АҚШ пен Ресейдің арасы күрт нашарлады. Вашингтонның айтқанын орындамаса, Мәскеу экономикалық, әскери қысымның астында қалмақ. Венесуэлаға қатысты да солай. Бәріне себепкер — Сноуденнің «тірлігі».
"Қазақтың төрі - Қорқыттың көрі" - Ресей мамандары «гептил жоқ» деп сарнап отыр. Қазақстан жағы да аузына солар түкіріп қойғандай, «гептил табылмады» деуден танар емес. Сонда қалай болғаны? Роскосмос басшылары «гептилдің улы көлі жоқ» дейді. Демек, мұндай «улы көлдің» болатындығы анық қой. Біз қайдан білеміз, гептил жоқ болса – шынымен жоқ болар, бірақ ресейліктердің өздері улы көлдің қалыптасуы мүмкін екенін айтып отыр ғой. Олай болса, қанша жауып, жасырғанмен гептил ешқайда кетпейді. Ол – ауада, ол – топырақта, ол – жерде, ол – жауында, ол – желде. Егер оның ешқандай да зияны болмаса, Ресей жағы 500 шаршы метр көлемдегі топырақты арнайы тазалаудан өткізе ме?
AZATTYQ.ORG. "Священникті Қазақстаннан депортациялау ісі" - Қазақстанның көші-қон полициясы тіркелу ережесін бұзғаны үшін Ресей азаматы Софроний әкейдің елден кетуін талап етеді. Шіркеуге келушілер оған араша түседі.
"Теміртау жастары интернет-телеарна ашты" - Теміртау қаласында жасөспірімдер тобы жеке интернет-телеарна құрды. Олар қаладағы жастардың мәселелері мен жетістіктері туралы бейнесюжеттер мен бағдарламалар түсіріп, көрерменге ұсынбақ.
ALASHAINASY.KZ. "Қалада жоғалған төртінші бала мен ауылда сиреп кеткен бесінші баланың нәпақасы қайда?" - Әрбір мемлекет үшін демографияның алатын орны ерекше. Қазақстан үшін бұл мәселе аса өзекті. Өйткені жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрсақ, халық саны бойынша 62-ші орынды місе тұтуға тура келіп тұр. Зерттеушілер мынадай ауқымды аумақты игеру үшін халық саны 200 млн болуы керектігін айтады. Ендеше, сол межеге қалай, қашан жетеміз? Қазақстан халқын 2050 жылы 30 миллионға жеткізу межеленіп отыр. Бірақ бүгінгі қарқынмен сол белесті де бағындыруымыз қиын сияқты.
"Салық саясаты салғырттыққа бой алдырмауы керек" - Өнеркәсібі өрлеген елдерде бюджеттің бүйірі негізінен салық түсімдерімен толығады. Сондықтан да өткен сейсенбіде Үкіметтің бірінші жартыжылдық қызметін қорытындылай салысымен Премьер-министр Серік Ахметов Салық комитетіне арнайы ат басын бұрып, алқа мәжілісіне қатысқан болатын. Жиында салық саясатын ұтымды ете түсу жайы қозғалды.
ZHEBE.COM. "Қытай синдромы: Қазақстан экономикасы қандай әсерде?" - Халықаралық валюта қоры соңғы жарты жылда әлемдік экономика өсімі 3,1 %-ға дейін түседі деген болжамға тоқталып отыр. Ол дамушы экономиканың тұралап қалуымен байланысты туындауда. Халықаралық валюта қорының экономистері бүгінде, қазіргі экономикалық дағдарыстан шығу үшін кем дегенде он жыл керек деген тұжырым жасады. Алдағы 2014 жылы да экономикалық болжам 4-тен 3,8- ге дейін құлдырайды. Тұрақсыздық негізінен Еуропа елдеріне тиесілі.
"Антитүркілік саясаттың басында Ресей тұр" - Жақында hurriyyet.net сайтында әзербайжандық сарапшы Әнуар Бөрісойдың «Мәскеудің Әзербайжанға қарсы әскери жоспары» атты мақаласы жарық көрген-ді. Бір қарағанда өзара қырғи қабақ болып жүрген ұлтшыл саясаткерлердің әдеттегі әңгімесіне ұқсайды бұл мақала. Алайда, сарапшы Ресей билігінің түркі тектес халықтарға жасап жатқан қысымын ашық айтыпты. Әсіресе, Кавказ өңірін мекен ететін түрлі этностарды антитүркілік әрекеттерге итермелеп отырғандығын жазыпты. Ресейліктер бұл бағытта лезгин, авар, даргин сынды халықтарды көбірек айтақтайтын болса керек. Сөйтіп, солардың қолымен Кавказдағы түркі халықтарына қысым жасауды жалғастыра бермек.
"Мемлекеттің досы бола ма?" - Құдайы көршіміз Ресейдің үнемі сауалнама жүргізіп, алашапқын болып жататынын жақсы білесіздер ғой. Міне, сондай бір сауалнаманы Левада сараптама орталығы тағы да жүргізіпті. Нақтырақ айтсақ, аталған сараптама орталығы жергілікті халықтардың өзге мемлекеттер жайлы пікірін сұрап білген. Ресейдің 130 ауылы мен қаласында өткен сауалнамаға қатысқан 1 601 адамға «Ресейге пиғылы жау елдер қайсысы?», «Ресейдің одақтас, дос елдері қай ел?», «АҚШ-қа, Еуропа Одағына, Украинаға қалай қарайсыз?» деген бірнеше сауал қойылған. Өте қызық сауалнама. Дәл осындай сауалнаманы жүргізсек, Қазақ еліне кім дос, кім жау болар еді?
ABAI.KZ. "Ресей ешкімге үлгі бола алмайды!" - Заман өзгерсе де, «Ресейден мықты ел жоқ» деп сеніп қалған қазағымыз аз емес. «Дүниенің кілті орыста» деп үгіт-насихат айтып жүрген зиялылар да баршылық. Ал шындап келсек, Ресей өзгеге үлгі бола алатын ел ме? Осы елмен одақтас болып не ұтамыз? «Біз әлемдегі нөмірі бірінші елміз» деген Ресейдің бүгінгі күйі қандай? Шынымен де бірінші орында ма? Бұл сұрақтарға Ресейдің «Esquire» журналының жарияланымы толық жауап бере алады. Аталған журнал келтірген деректерге қарағанда, Ресей төмендегі көрсеткіштер бойынша әлемде бірінші орында.
"Байқоңыр: бауырсыз малдар мен безбүйрек шенділер" - Топырақтағы гептилдің кесірі жойылу үшін 34 жыл керек. Ал 1957-2003 жылдар арасында ауаға 2 мың тонна гептил жайылған, 3 мың тоннасы жерге сіңген.
Мамандардың айтуынша, «Протон» экологияға аса қауiптi отынның 50-60 пайызын ғана жағып, қалғанын жерге төгедi екен. Құрамындағы күміс иондары да ашық ауаға түскен бетте бұлтты лезде қоюлатып жіберетін көрінеді. Соның кесірінен түрлі құбылыстар көріне бастауда. Ұшырым болған күндері қар аралас бұршақ, жаңбыр жауу қалыпты жағдай болған.
TURKYSTAN.KZ. "Жаңа сүрлеуге аяқ бассақ..." - Алайда қазіргі төраға Григорий Марченконың демалыста екенін, әлі отставкаға кетпегенін және 20 маусымда демалысы аяқталатынын ескерсек, бұл жорамалдарды орынсыз деп табуға болады. Десе де Марченко мырза өзінің зейнетке шығуға дайын екенін өз аузымен айтқаны бар.
EGEMEN.KZ. "Кеден одағы: кмеелдікке ұмтылыс. Ол қатысушы елдер қатарын кеңейтетіндей қызығушылық тудыра алып отыр ма?" - Посткеңестік республикалар арасындағы ең белсенді әрекет етіп жатқан экономикалық тиімділігі жоғары интеграциялық құрылым Кеден одағы деп саналады. Бірақ соған қосылуға Украина секілді экономикалық әлеуеті мықты, ежелгі әріптесіміз неге асықпайды?