Атырау, 23 желтоқсан 20:22
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Елдімекендерге кісі есімі берілмейді

4 057 просмотра

Дәл қазіргі күні Қазақстанда елдімекендерге кісі есімдерін беруге мораторий жарияланып отыр.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Гүләйім ТӨЛЕБАЕВА «Мегаполис» газетіне сәуірдің 4-і күні берген комментарийінде былай деген еді:

- «Ғылыми, тарихи және экономикалық сараптамамен қатар, кейбір заңнамалық актілерін енгізумен бірге, осы жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізілуде. Яғни, кісі есімін беру мәселесінде қандай да бір қитұрқылық немесе  адами фактордың қатыстылығы анықталуда. Мәселен, біреу өзінің жақын туысының немесе қандай да бір бабасының есімін поселке атына беруге қызығушылық танытса, оны ендігәрі жасай алмайды».

Гүләйім Төлебаеваның айтуынша, осының бәрін сарапшылар мен заңгерлерден құралған арнайы мемлекеттік мекеме тексереді. Олар құжаттарды толығымен зерттеп, өз қорытындыларын шығарады.

Алайда, Атырау облыстық тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Ғабдібек ХАБИРОВ елдімекендерге кісі есімін беру тоқтатылады дегенді газет бетінен естігенімен, Астанадан осы тектес ескерту жөніндегі ешбір ресми құжаттың келмегенін айтып отыр.

- Біздің басқарма 2005 жылы құрылды. Кісі есімдері поселкелерге, аудандарға, қалаларға берілмейді деген ереже бұрыннан бар. Рас, ауылдарға кісі есімдері беріледі. Және, көшелерге де. Бірақ, көшелерге кісінің қайтқанына бес жыл толған соң ғана есім беріледі деген үкіметтің қаулысы бар. Ал, әзірге көшелерге кісі есімін беруді тоқтатыңдар деген тапсырма келген емес. Сондай-ақ, мораторийді облыстық деңгейде жариялауға негіз жоқ. Заңнамада мораторийді үкімет қана жариялайды деп көрсетілген, - деді Ғабдібек Рахипұлы.    

Қазіргі ҚР мәдениет министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД жалпыономастикалық комиссияның жұмысын былай деп атап көрсеткен болатын: Біріншісі - еліміздегі жер-су атауларының байырғы, тарихи атауларын қалпына келтіру; екіншісі - айтылуы, жазылуы бұрмаланған атауларды қазақ тілі заңдылығына сай жаңадан транскрипциялау; үшіншісі - жергілікті ономастикалық комиссиялардың ұсыныстары бойынша елді мекендер, мәдениет және білім мекемелеріне - жаңадан ат беру.

Бір сөзінде елбасы да көтеріліп отырған мәселеге байланысты: «Ағылшындар өз қалаларын Шекспир, американдықтар Хемингуэй деп өзгертіп жатқан жоқ қой. Біз де осымен тоқтайық. Кісі атымен елді мекендерді атауды доғарған жөн», - деп айтып еді.

Ал қалың жұртшылық күні кеше ғана елорданы Нұрсұлтан деп атасақ деген  депутаттардың ұсынысын әлі ұмытқан жоқ. АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтонға штаттың аты дүниеден өткен соң барып 1889 жылы берілді емес пе? Онда да президентікке алғаш сайланғанына 100 жыл толғаннан соң барып  қана.  Ал президент болып ол 1789 жылы сайланған болатын.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

13 сәуір 2011, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.