Облыстық «Намыс» карате-до кекушинкай федерациясының оқу-жаттығу жылы тамызда басталады. Бапкерлер жылдық қорытынды жасап, шәкірттерін Анапаға дәстүрлі Бүкілресейлік оқу-жаттығу жиынына жіберуге дайындап жатыр. Федерация атқарып отырған жұмыстар жөнінде «Намыстың» президенті Таңат НҰРЫМОВПЕН әңгімелестік.
КӨРШІЛЕРГЕ САБАҚҚА
«ЖС» анықтамасы: Таңат Суанғалиұлы Нұрымов, 39 жаста, 2-дан қара белдік иегері, жоғары санатты және жоғары білікті жаттықтырушы, жоғары санатты төреші,Қазақстанкарате-до кекушинкай федерациясының 2008, 2010, 2011, 2012 жылдардағы үздік бапкері (IKO-1).
- Таңат, жаңа оқу жылын неге Анапаға бару сапарынан бастайын деп отырсыздар?
- Ресей Бразилия және Жапониямен қатар әлемдік кекушинде үлкен табыстарға ие. Осындай көршілікті пайдаланбасақ, дұрыс болмас еді. Ресейде карате-до кекушинкай кең танымал спорт түрлерінің бірі. Сол жаққа жарысқа немесе жиындарға бару шеберлігімізді арттыруға көмектеседі.
«Намыстықтар» Әли Бексейітов пен Қорқыт Наурызхан әр жылдары Азия чемпиондары болды. Алайда «Намыс» тарихында табысты кезеңдермен қатар, нәтижелер төмендеген сәттер де болды. Қазір бізде болашағынан зор үміт күттіретін жастар пайда болды. Бұлар Андрей Котов, Рүстем Байбосынов, Альфия Даировалар. Олар үшін Анапаға бару үлкен пайдалы. Бұл, сондай-ақ, біздің бапкерлер үшін де өз деңгейлерін көтеруге мүмкіндік береді. Олар Александр Алымов, Анатолий Фесенко, Рамиль Ғаббасов, Виктор Белов сынды әлемдік карате сенсейлерінен тәлім алады.
- Шәкірттеріңіз өткен спорт жылында қандай жетістіктерге жетті?
- Өткен жылы қазан айында Волгоградта біздің алты шәкіртіміз IFK нұсқасы бойынша (IKO-1-дің еуропалық нұсқасы) өңірлік турнирге қатысты. Ресейлік спортшылардың дайындық деңгейі өте жоғары болып, тек Азамат Кунушев қана «қолаға» қол жеткізе алды.
Содан кейін Андрей Котов, Азамат Кунушев және Александр Грузинцев Белградта өткен Еуропа чемпионатына қатысты. Саша жүлделі орынға қол жеткізе алмады, Азамат тағы да «қолаға» ие болды. Андрей екі айқаста жеңіске жетіп, ақтық сында украиналық спортшыдан есе жіберіп алды. Мұнда қарсыласының аяқпен жасаған соққысынан дарытпауға төреші кедергі болды. Бұл айқасты You Tube арқылы көруге болады. Қорытындысында Андрей «күміс» алды.
Желтоқсанда «Намыстың» алты спортшысы Көкшетауға Қазақстан Кубогына барып, бесеуі жүлдемен оралды. Қ. Наурызхан, Станислав Сурков және Диар Жаниязов «алтын» алса, Сұлтан Забиғоллаев пен Аманат Еділбаев «қоланы» місе тұтты. Турнир қорытындысы бойынша облыс құрамасы алдына Астана мен алаң иелерін салып, үшінші орынға табан тіреді.
Үстіміздегі жылдың қаңтарында «Атырау» ДСК-нде қала чемпионаты өтті. 14 салмақ санатында медальдар ойнатылды. Дамир Жарекесов, А.Даирова, Юрий Грузинцев, Райхан Аян және тағы басқалар жақсы өнер көрсетті.
Ақпанда Астраханда «Каспий Кубогы» сарапқа салынып, Атырау мен Астананың біріккен құрамасы жүлде саны бойынша үшінші орын алды. Бұл үлкен жетістік! Турнирге Краснодар (абсолюттік әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сергей Плеханов жаттықтырады), Шешенстан (бас бапкері - әлем чемпионы Лечи Құрбанов), Дағыстан, Кабардино-Балкария, Волгоград, Астрахан құрамалары қатысты. Қатысушылар құрамы өте мықты болды. «Намыстықтардың» еншісінде екі «алтын» - А. Котов пен А. Даирова топ жарса, «қолаға» Р. Байбосынов пен А. Еділбаев қол жеткізді. Астаналық спортшылар қоржынға үш «алтын» салды.
Наурызда Қазақстанның оңтүстік өңірінің ашық чемпионатында А. Даирова («алтын») мен Андрей Изюминков («қола») көзге түсті. Тағы да наурызда Ресейдің Оңтүстік федералды округының чемпионатында Р. Байбосынов пен А. Грузинцев «қола» медаль алды.
ҚОЛЫМЕН АҒАШ ЖАРҒАНДАР
- Кейбір кекушинкай жарыстарында тамешивари бөлімі – ағаш тақталарды қолмен сындыру болады.
- Тамешивари тек ерлер арасындағы сайыстарда өткізіледі. Сәуірде Атырауда Қазақстан чемпионаты өтті. Онда жартылай финалға жеткен спортшылар арасында тамешивари енгізілді. Яғни, жартылай финалда немесе финалда қарсыластар арасында тең нәтиже белгіленсе, жеңімпаз тамешиваридегі сындырған тақталары бойынша анықталады. Жарыс болар алдында мен осындай үш жүзден аса арнайы тақтаны Ресейден тапсырыс беріп алдырдым. Бәрі де осы жарыс күндері сындырылды. Ел чемпионы болған спортшылардың бірі бір соққымен 26 тақтаны сындырды.
Біздің Р. Байбосынов жартылай финалдық айқасын тең есеппен аяқтады. Финалға осы тамешивари нәтижелері бойынша шықты. Ал онда қарсыласын мерзімінен бұрын таза жеңді. Осы чемпионатта біз барлығы 6 алтын, 9 күміс, 4 қола медаль алдық.
- Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, «Каспий Кубогының» және АҚШ ашық чемпионатының «Үздік техникасы үшін» сыйлығының иегері Пауеден Сақауов жарыстарға неге қатыспай жүр?
- Облыстық, тіпті республикалық деңгейлердегі турнирлерге қатысу – оған қол емес. Біз оның керексіз жерде жарақаттануына жол бергіміз келмейді. Сәуірде Пауеден мен А. Кунушев Жапонияда өткен әлем чемпионатына қатысты. Азамат жасөспірімдер арасында өнер көрсетіп, бірінші айқасын ұтып, екіншісінде ұтылып қалды. Пауеден әлемнің 16 үздік каретешілерінің арасында айқасты. Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы Станислав Романчевті ұтты. Алайда Польша құрамасының өкілімен болған келесі айқасында айқын басымдық көрсете алмай, төрешілер жеңісті қарсыласына берді.
Маусым айында Астанада шинкукишин карате-додан халықаралық турнир өтті. Қазір кекушиннің осы бір тармағы Қазақстанда жақсы дамыған. Шинкукишин федерациясының филиалдары Атыраудан басқа барлық облыс орталықтарында бар. 2012 жылы федерацияның құрметті қонағы болып Стивен Сигал келсе, 2011 жылы Дольф Лундгрен келді. Астанада өткен турнирге бес шәкіртіміз қатысты, алайда жүлдеге қол жеткізе алмады. Қалай дегенмен де, осындай турнирлерге қатысу елде карате қалай дамып жатқанын білу үшін маңызды.
«НАМЫСТЫ» ЖЕРТӨЛЕЛЕРГЕ ЖІБЕРІҢІЗДЕР
- «Намыста» қанша адам бар?
-6 топта 300-ден аса бала тәрбиеленуде. Сабақтар «Атырау», «Балықшы» ДСК-лерінде, «Атырау» фитнес орталығында, №2 кәсіби-техникалық лицейде жүргізіледі. Биыл Р. Байбосынов жаттықтырушылық қызметін бастайтын болады.
Біздің бапкерлеріміз жақсы, кез келген деңгейдегі жүлделерді алуға қабілетті шәкіртеріміз де бар, бірақ өз спорт залымыз жоқ. Біз залдарды жалға алып отырмыз және бізді олардан кез келген уақытта қуып жібере алады. Ал Алмагүл мен Нұрсая ықшамаудандарында көптеген іргежайлар (цоколь) бос тұр. Мен санап шықтым – 265! Қаланың соңғы үш әкіміне де кірдім, жаздым. Бермейді. «Намыс» федерациясы өз қаражатына жөндеу жасап, татамилар алуға дайын. Бұл жертөлелерде қазір қоқыстан басқа ештеңе жоқ.
Біздің балалардың кейбірі таңертең оқыса, кейбірі сабаққа түстен кейін барады. Кейде кешке бақылау жұмыстарына дайындалу керек болып, үйлерінен шыға алмайды. Егер бізге қалалық билік спорт зал үшін орынжайлар берсе, балалар өздеріне ыңғайлы уақытта спортпен шұғылданар еді. Жертөлелер жөнделіп, таза тұрар еді. Біз Пауеден мен Азамат қашан медаль әкеледі деп күтіп отырмай, басқа балалардан да қаһарман жасауымыз керек...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ