Атырау, 25 желтоқсан 18:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Құлсары «Игіліктің» игілігін қашан көреді?

7 034 просмотра

«Ақ Жайықтың» поштасына Құлсары қаласының бір топ тұрғынынан дабыл түсті. Біз оның мән‑жайымен танысу үшін аталмыш қалада болып қайтқанбыз.

Қаланың №3 мөлтек ауданына қарасты №35, 39, 40, 42, 51, 52, 53, 54 көпқабатты үйлердің тұрғындары демде жиналып, өз мұң-мұқтаждарын айта бастады.

‑ Қала экологиясының бұзылуы ешкімді ойландырып отырған жоқ. Іргеде шетелдіктер мұнайымызды жамбасына басып сорып жатыр. Ал біздегі әлеуметтік жағдай әлі тұралап тұр. Байлығымызды далаға шашып, оның рахатын көрмеудеміз, осы әділеттілік пе? Тіпті Теңіз кенішіндегі жер сілкінісі жөніндегі дабылды жылы жауып қойғанына қарағанда үкіметті жергілікті халық тағдыры ойлантпай ма деп отырмыз, ‑ дейді бір топ құлсарылықтар.

Қысы-жазы суға жарымай, пәтерлер жертөлелерінің лықа толып тұруы, жолдардың істен шығып, балаларға ойын алаңдарының жасалмауы сол жолы да әңгіме өзегіне айналып еді. Жертөлелердің қыста ылғал тартуынан подъезге кіреберіс жолдар тесіліп, қабырғаларының сылақтары түсе бастаған. Осы себепті кейбір тұрғындар жертөле есігін таспен бітеп тастапты. Мұнымен қоса, сағаттап берілген судың айналасындағы реніштер тіптен бөлек. Бес‑алты жылдан бері баклашка толтырып, жоғары қабатқа су тасудан ығыр болғандардың жанайқайлары орынды-ақ.

‑ Көпқабатты үйде тұратындардың проблемасы қордаланып қалғаны соншалықты оны қалпына келтіруге көп күш керек. Алдымен, сағаттап берілген ауыз судың әлегінен балаларымыз ауру болды. Міне, мына қыз бала әрі кетсе бес‑алтыншы класта оқитын болар, әзірден бүйректеріне салмақ түсуде. Олардың жайына тек ата‑аналары ғана алаңдаулы. Ал далаға шыққан сәбилердің артынан ерумен боламыз, машина көп, ойын алаңдары жоқ. Кейбір үйлердің алдындағы плиталарды алып кетті, сәл жауын жауса батпаққа айналады. Жертөлелер адам көргісіз, бұдан бес‑алты жыл бұрын тазартып еді, енді тағы толып тұр. Жазда үйден маса кетпейді. Подъездегі электр сымдары ілдалдаға ғана жарауда. Тіпті көпқабатты үйде тұратындардың мұңы биліктегілерді неге ойлантпайтынына таңбыз, ‑ дейді тұрғындар Зарипа КЕНЖИЕВА, Есет САРИЕВ, Мақсот МИЯТОВ, Сара ӘЛСЕЙІТОВА.

‑ Сіздер ПИК құрдыңыздар ма?

‑ Жоқ. Егер су мен жертөлені дұрыстап берсе біз де қарап қалмаспыз, ПИК құрамыз ғой. Айтыңызшы, жоғарыдағы айтқанымызды газетке жазасыздар ма? Біз аяқтай келіп, жағдайымызды біліп тұрған тілшіні тұңғыш көруіміз. Мүмкін бір айдан кейін келіп, жағдайымызды тағы көрерсіз.

Мұңдарын жарыса жеткізген тұрғындар алдағы күндеріне сенімсіздікпен қарайтынын да жасырып қала алмады. Біз биліктің есігін ашып, мән‑жайды білмек болдық.

‑ Көпқабатты үйде тұратындардың жанайқайын жақсы түсініп отырмыз. Күні бүгін қаланың өзінде 87 көпқабатты үй бар. Бірақ көп есіктер жабық, бұрын сатып алып жалға беріп қойғандар жоқ емес. Кейде тұрғындар тарапынан бірлесіп жұмыс жасайық десек үйлердің иесін таппаймыз. Бір қиындық осы және бірде‑бір үйде ПИК жоқ, ешкім басын ауыртқысы келмейді. Көпқабатты үйлерге ие табылмаса жасаған жұмысымыз далаға кететіні сөзсіз, ‑ дейді Құлсары қаласы әкімі Шәкір КЕЙКИН.

‑ «Игілік» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан жұмыстар нәтиже береді деп ойлайсыз ба?

‑ТШО «Игілік» бағдарламасына орай бөлінетін қаржының үш жылдығын осы Құлсары қаласының әлеуметтік жағдайын көтеруге қалдырды. Бұл көпқабатты үй тұрғындары үшін көп көмек болады. Жертөленің канализация, су желісі жүргізіледі. Күні бүгін «Игілік» бағдарламасы бойынша ықшам аудандарға 23 км. су құбыры тартылды. Анығында 5 ықшамаудандағы 10 үйдің, 2 мен 10,3‑тегі 5 үйдің, 1‑дегі 2 үйдің жертөлелеріне жаңадан металлопластикалық су құбыры жүргізілді. Бұлар тұрақты су алып тұр. Биыл осы жұмыс барлық ықшам аудандарда жалғасатын болады. Сондықтан жоғарыдағы тұрғындардың тілегі орындалады деп отырмыз. Ал ықшам аудандағы ішкі жолдар күрделі жөндеуден өтіп, биыл 8 км. жол төселмек. Оның ішінде 3‑ші ықшам аудан бар. Ал балаларға ойын алаңдарына қаржы қарастырудамыз. Және подъездегі электр щиттері ешкімнің иелігінде емес, ол бірнеше жылдан жаңартылмаған. Бұған облыстан көмекқаржы сұрадық, шешіледі деп отырмыз. Сонымен бірге көпқабатты үйлердегі жылудың жайына да қаржы сұраудамыз. Орталық жылужай шығыннан бас көтере алар емес. Ендеше жеке жылу қазанын орнату керек. Бір сөзбен айтқанда, көпқабатты үйлерді заманауи ағымға сай қатарға қосуға бар күшімізді салудамыз. Биылдың өзінде жоспарлы істердің біразы атқарылуы тиіс, ‑ дейді Ш. Кейкин.

Мұнайлы өлкенің проблемасы шешілетініне билік сендіріп бағуда, оны енді уақыт және жасалған жұмыс көрсетеді.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

13 сәуір 2011, 21:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.