Атырау, 5 желтоқсан 07:34
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.58
€ 549.71
₽ 5.01

ҚДБ мен ЕҚҚДБ қаражатына Қазақстанның энергетика жүйесі біріктіріледі

226 просмотра
Сурет: kdb.kz

3 желтоқсанда Астанада «Батыс Қазақстанның энергетика жүйесін Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесімен біріктіру» жобасын іске асыру аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (бұдан әрі – Банк, ҚДБ) мен «KEGOC» АҚ арасында кредит желісін ашу туралы келісім, сондай-ақ «Еуропа қайта құру және даму банкі» (бұдан әрі – ЕҚҚДБ) мен «KEGOC» АҚ арасында кредиттік келісімге қол қойылды.

Құжаттарға ҚДБ Басқарма Төрағасы Марат Елібаев, ЕҚҚДБ-ның Евразия, Таяу Шығыс және Африка энергетика ресурстар департаментінің директоры Аида Ситдикова және «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Нәби Айтжанов қол қойды.

Қаржыландыру «Батыс Қазақстанның энергетика жүйесін Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесімен біріктіру. Электр желілік нысандарды салу» жобасын жүзеге асыруға бағытталатын болады. Аталған жоба елдің батыс өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ энергия мен қуат теңгерімсіздігін өтейтін Батыс аймағының икемді генерациясын энергетика жүйесінің солтүстік және оңтүстік аймақтарына пайдалануға мүмкіндік береді. Батыс аймақтың өткізу қабілеті 500 МВт-қа дейін ұлғайтылады.

ҚДБ тарапынан бөлінетін 32 миллиард теңгеге дейінгі қаражат 500 кВ Қарабатан-Өлке электр жеткізу желісін (Атырау-Ақтөбе автомагистралі бойымен), 500 кВ Қарабатан қосалқы станциясын салуға, сондай-ақ Қарабатан (220 кВ) және Өлке (500 кВ) қосалқы станцияларындағы тарату құрылғыларын кеңейтуге бағытталады. Бұл жергілікті электр ағындарын айтарлықтай күшейтіп, Батыс Қазақстанның энергиямен жабдықтау үрдісін жақсарта түспек.

Инвестициялық жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік аймақтың электр энергетика жүйесін күшейту, Батыс өңірлердің транзиттік байланыстарын нығайту схемасын әзірлеу және оларды Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесімен біріктіру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

«Бірлескен күш-жігер Қазақстанның энергетика жүйесін жаңғыртуға және оны заманауи сын-қатерлерге, соның ішінде тұрақты және экологиялық таза энергия көздеріне көшуге бейімдеуге бағытталған», — деп атап өтті ҚДБ Басқарма Төрағасы Марат Елібаев.

Сурет: kdb.kz

ҚДБ ірі инфрақұрылымдық бастамаларды қаржыландыруға белсенді қатысады. Өткен жылдың наурыз айында Банк «KEGOC» АҚ-ға 10 миллиард теңге көлемінде облигациялық қарыз бөліп, бұл қаржы елдің батыс өңірлеріндегі энергетика жүйесін жаңғыртуды қолдауға жұмсалды.

Сурет: kdb.kz


Кеше, 09:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.