13 қарашада Атырауда Атырау мұнай өңдеу зауытының 2025-2034 жылдарға арналған экологиялық рұқсат жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Зал іші тыңдауға жиналғандарға лық толды, бәріне орын жетпеді. Экология сияқты өзекті тақырып қала жұртшылығының қызығушылығын тудыратынын болжау қиын емес еді. Мұндай іс-шаралар үшін барлық қатысушылардың жайлылығына көбірек көңіл бөлген жөн болар еді.
Тұрғындар зауытты өңірдегі қоршаған ортаны ластаушы негізгі көз деп санап, оның қызметіне көңілі толмайтындарын жеткізді. Әсіресе зауыт іргесіндегі үйлердің тұрғындары тыныс алудың қиындауына және нашар экологияға байланысты аурулардың көбейгеніне шағымданды. Зауыттың қасындағы үйде тұратын егде әйел бес рет инсульт алғанын жеткізді.
Зауыт жобасын сынға алып, кәсіпорынның қоршаған ортаға тигізетін айтарлықтай әсері мен ауа сапасының нашарлауына тоқталған облыстық мәслихат депутаты Арман ХАЙРУЛЛИНДІ тұрғындардың көпшілігі қолдады. Қала тұрғындары зауытты экологиялық эмиссияға жауапкершіліктен босатады деп есептеп, 2025-2034 жылдар аралығында 10 жылға экологиялық рұқсат беруге қарсы болды. Адамдар зауыттың қоршаған ортаға зиянын азайту үшін ең жақсы технологияны енгізуді талап етті.
Депутаттан кейін «Глобус» қоғамдық бірлестігінің өкілі Галина ЧЕРНОВАМЕН бірге келген заңгер Айгүл КЕНЖАЛИЕВА сөз алды.
– Атырау тұрғындарының ешкімге керек емес болғаны ма? Біздің денсаулығымызды ешкім ойламай ма? Біз сот арқылы әділдікке қол жеткіземіз. Алайда бұл Гаага деңгейінде Қазақстанға қарсы экологиялық санкциялардың енгізілуіне әкелуі мүмкін. Ахуал шынымен де қиындап барады, – деген А.Кенжалиева экологиялық жағдай өзгермесе, Қазақстан халықаралық деңгейде зардаптарға тап болатынын айтты.
Атырау мұнай өңдеу зауытының омбудсмені Артур ШАХНАЗАРЯН наразылықтарын білдіріп, сөз алғандардың сөзін бөлген қатысушыларды тыныштандыруға тырысты. Ол тіпті микрофонды тартып алмақ болды, бұл тұрғындардың бірімен қысқаша физикалық қарсылыққа әкелді.
Тыңдауда А.Хайруллин жобадағы бірқатар олқылықтарды атап өтті. Оның айтуынша, зауытта ескірген технологиялар қолданылады, мысалы, 1989 жылы пайдалануға берілген кокстеу қондырғысы. Сондай-ақ ол бұл қондырғы заманауи тазарту жүйелерімен жабдықталмағанын айтты. Оның айтуынша, жобада күкірт диоксиді, күкірт қышқылы және бензол сияқты зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асатын шығарындылары қарастырылған. Хайруллин жобадағы деңгейі нормадан 6000 есе асып түсетін меркаптандарды ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл халықтың денсаулығына айтарлықтай әсер етеді.
Оның пікірінше, зауыт ластаушы заттардың 51 түрін шығарады, бірақ олардың тек сегізіне ғана мониторинг жүргізу жоспарланған. Бұл ластану туралы толық көрініс алуға мүмкіндік бермейді және қосымша шараларды қажет етеді.
«Зауыт суды қайта пайдалану жүйелерін немесе кері осмос технологиясын пайдаланбайды. Бұл судың айтарлықтай шығындануына әкеледі. Бұл технологияларсыз жобаның экологиялық тиімділігі төмен», - деп атап өтіп, рұқсаттың қолданылу мерзімін он жыл емес, бір жылмен шектеуді, жобаны пысықтауды, санитарлық-қорғау аймағын қайта қарауды және жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын көшіруді қарастыруды ұсынды.
Жергілікті тұрғындар экологиялық рұқсат жобасынан бас тартуды талап етті. Тыңдау барысында олардың кейбірі зауыт директоры келгеннен кейін жағдай жақсармады деп тікелей айыптады. Шараға қатысып отырған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек МАХУОВ тыңдаудың аяқталғанын мәлімдеп, бәріне тарауды өтінді, бұл жаңа наразылықты тудырды. Жиналғандар оның отставкаға кетуін және тыңдауды өтпеді деп тануды талап етті.
Нәтижесі: жоба қабылданбады, қоғамдық тыңдау қайта өткізіледі. Зауыт директоры Ғалымжан Жусанбаевқа жобаны пысықтап, түзетулер енгізу ұсынылды.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор