Атырау, 19 желтоқсан 05:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

Атырауда күкірт сақтау: заңды ма?

1 153 просмотра

Атырауда қарашаның 13-і күні Атырау мұнай өңдеу зауытының шығарындыларына экологиялық рұқсат алу үшін қоғамдық тыңдаулар өтті. 

Белсенді Арман ЖАЙЫҚТЫҢ айтуынша, зауыт аумағында күкірт кеніне ұқсайтын зат табылған. Бұл рас па, жоқ па, зауыт директоры Ғалымжан ЖУСАНБАЕВ нақты жауап бермеді. Өйткені тыңдау өткен залдың іші у-шу еді. «АЖ» тілшісіне өзіне БАҚ-тан жазбаша ресми сауал жолдаған жөн екенін айтты. 

Айтпақшы, тыңдау өткен күннің ертеңіне жергілікті депутаттар мен қала белсенділері экология департаментінің басшысымен бірге күкірт сақталған деген жерге барды. Кейін облыстық мәслихат депутаты өзінің фейсбуктегі парақшасында мұның түйіршіктелген күкіртке ұқсамайтыны, бірақ күмәнді екендігі жөнінде пікірін білдірген. «Егер бұл мың тоннаға жуық кесек күкірт болса, онда бұл қылмыс», - деп жазды ол. 

Естеріңізге сала кетейік, NCOC компаниясында да осындай жағдай болып, ол үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі 5,1 млрд доллар көлемінде айыппұл салған болатын. 

«Егер шын күкірт болатын болса, бұл масқара», - деп жазды атыраулық депутат, экология жанашыры Арман ХАЙРУЛЛИН. 

Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын сақтай отырып, аталған мәселе бойынша мән-жайды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Нәтижелері қосымша хабарланады. 

Атырау мұнай өңдеу зауыты өз кезегінде ресми жауап дайындап, онда кәсіпорын өкілдері зауыт аумағында экология заңнамасының талаптары толық сақталып отырғанын мәлімдеді. Олар Атырау мұнай өңдеу зауытында тек түйіршіктелген күкірт өндірілетінін, оның қалдық емес, тауарлық өнім екенін түсіндірді. 

Міне, толық мәтін: 

«ҚР ЭК 317-бабына 1-бөлігіне сәйкес, өндіру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету процесінде немесе тұтыну процесінде түзілген, иесі қалдықтар деп тікелей танитын не заңның талаптарына орай жоюға немесе қалпына келтіруге жіберуге тиісті, немесе жою немесе қалпына келтіру жөніндегі операцияларға ұшыратуға ниеттенетін не ұшырататын кез келген заттар, материалдар немесе нәрселер (оның ішінде, өздерінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан тауарлар) қалдықтар деп түсініледі. Тиісінше, экокодекстің осы бабына сәйкес өндірілген түйіршіктелген тауарлық күкірт өнеркәсіптік қызметтің қалдықтары емес. 

Атырау мұнай өңдеу зауытында түйіршіктелген күкірт тығыз, механикалық, температуралық және химиялық әсерлерге төзімді, өнімнің қоршаған ортаға таралуына жол бермейтін, ауа кірмейтін арнайы полипропилен ыдысқа (биг-бэг) оралады.

Әрі қарай мұнай жеткізушілер (оны өңдеу үшін зауытқа беретін мұнай иесі) оралған күкіртті тауарды сатып алушы – «Trade Oil Resource» ЖШС-не сатады. Сатып алушы тауарды зауыт аумағынан алып, «AМӨЗ» ЖШС-нен жалға алынған базаға орналастырады, әрі қарай сақтау және шығару мәселелерін өз бетінше шешеді».

Тұрғындар арасында өткен қоғамдық тыңдауда жарияланған қала аумағындағы күкіртті сақтау жөніндегі мәліметтер экологияға тигізетін ықтимал зияны туралы алаңдаушылық туғызды. Мұндай мәселелер ашықтықты талап ететіні белгілі. Жұртшылықтың пікірінше, күкіртті сақтау - ықтимал экологиялық апат және мұқият тексеруді қажет етеді.

Айнұр САПАРОВА 

Арман Хайруллиннің Facebook парақшасынан алынған бейнежазба

16 қараша, 15:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.