Атырау, 21 желтоқсан 07:02
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Қайрат Досқалиев: «Біз - самбодан елдің ең үздігіміз»

5 592 просмотра

Биыл атыраулық самбошылар ел чемпионатында 1-орын алып, Қазақстан бойынша үздік екендіктерін тағы бір рет дәлелдеді. Бұл жетістіктің сыры неде? Бұл туралы самбодан облыс құрамасының аға бапкері Қайрат ДОСҚАЛИЕВПЕН әңгімелестік.

 

ШЕБЕРЛЕР ҰСТАХАНАСЫ

«ЖС» дереккөзі: Қайрат Маратұлы Досқалиев, 30 жаста, самбо мен қазақ күресінен Қазақстан чемпионаттарының, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері. Жалпы бапкерлік өтілі 12 жыл (1-БЖСМ), жоғары санатты жаттықтырушы (2006 ж). ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Қошқарбай Табынбаев дүниеден озғаннан кейін облыс құрамасының аға жаттықтырушысы болып тағайындалды.

- Атырау самбосының тарихы терең бе?

- Расымен де, біздің қала әрқашан мықты самбошыларымен әйгілі болды. 2002 жылы осы спорт түрінде Мұхамедрахим Оралбеков пен Арсен Хатип әлем чемпионы атанды, 2003 жылы Ринат Ибрагимов пен Бисенбай Қошқаров осы жетістікті қайталады. 2004 жылы әлем чемпионатында Ринат екінші орын алса, Бибігүл Баймұратова үшінші болды. 2006 жылы Жандос Иманбаев жеңіс тұғырына көтерілсе, ал 2008 жылы Наурызбек Майлашев әлемдегі үздік самбошы атанды. Келесі жылы Назгүл Құбашева самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдесін қанжығаға байлады. Мұның бәрі біздің қарқынды бәсеңдетпегенімізге айғақ болады.

Биыл ұлы шебер Анатолий Харлампиев негізін қалаған «қарусыз қорғану» жекпе-жек түрінің пайда болғанына 75 жыл толып отыр және алдағы барлық турнирлер осы атаулы күнге байланысты өтпек.

Маусым айында өткен 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында атыраулық палуандар 6 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль ұтып алды. Ерасыл Серікқали, Қайырберді Айдымбай, Парасат Жұмабай, Дәурен Болатбекұлы, Анель Сүлейменова және Гүлдана Сәрсеновалар чемпион атанды. Елшат Әбу мен Айшат Мұратқызы «күміс» иеленсе, Мұхамедәли Самиғоллаев қола жүлдегер атанды.

Чемпион атанған барлық алты спортшымыз Алматыда биыл қыркүйекте өтетін ІІІ Еуразиялық Ойындарда ел намысын қорғау мәртебесіне ие болды.

Сәуірде Алматы облысында 1995-96 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Мұнда Эльмира Самиғоллаева жеңімпаз атанып, осы жылғы қарашада Афиныда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Ал Дәурен Болатбекұлы мен Мерей Тәжіғали күміс медаль алып, Сеулде өтетін Азия чемпионатына қатысу құқығына ие болды. Бұл турнир маусым айында болды және екі палуанымыз да чемпион болып оралды!

Атырау құрамасы Қазақстандағы ең мықты ұжым екенін мамырда Орал қаласында өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты көрсетті. Спорттық самбодан Жаңылсын Көптілеуова чемпион атанса, әскери самбодан үш спортшымыз – біздің 1-БЖСМ шәкірті Әсет Әлдешев және облыстық джиу-джитсу федерациясының шәкірттері Рустамбек Жеренжиев пен Арғын Сабировтар үздік атанды. Төртеуі де қарашада Санкт-Петербургте өтетін әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Алда бізді тағы бір үлкен турнир – Самбодан бүкіләлемдік ойындар күтіп тұр. Онда кім баратынын бапкерлер штабы шешетін болады.

 

ОЛИМПИАДАЛЫҚ БОЛАШАҚ

- Облыс құрамасында қалалықтар басым ба, әлде ауылдан келгендер ме?

- Бізде самбода ауылдық жігіттер көп болған кездер болды. Қазір қалалықтар жақсы күреседі. Өйткені самбомен тек Махамбет ауданында ғана дұрыс шұғылданады. Онда балаларды Амангелді Маменов жаттықтырады. Басқа аудандарда самбо топтары жоқ. Қазақ күресінен топтар бар. Осы күрес түрлерінің ережелері бір-біріне ұқсас болғандықтан қазақ күресімен шұғылданатын балалар дзюдодан да, самбодан да жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.

Самбо, дзюдо және қазақ күресінің бір-бірінен айырмашылықтары шамалы. Сондықтан самбошылар да дзюдо және қазақ күрестерінен жарыстарға жиі қатысады. Менің жігіттерім дзюдодан облыс чемпиондары болған, алайда республикалық деңгейде жетістікке жете қойған жоқпыз.

Балалардың дзюдода көп тұрақтамайтыны рас. Өйткені олар татамиға бірінші рет шыққан бойда қарсыластары бірден иппон тәсілімен жеңеді. Бұл намысқа тиіп кетіп жатады. Содан кейін олар самбоға ауысады. Өйткені самбода бір сәтті тәсілге 4 ұпай ғана беріледі, ал белдесу 12 ұпайға дейін созылады. Сондықтан да самбо қызығырақ. Кейіннен самбошылар дзюдоға ауысады, себебі бұл олимпиадалық спорт түрі, ал самбо әзірге оған енген жоқ. Бұрынғы Атырау самбосының шәкірттері, қазіргі атақты дзюдошылар Ринат Ибрагимов, Қонысбай Шпанов, Арсен Хатиптер осылайша спорт түрін ауыстырды.

Айта кетсек, болашақта самбо да олимпиадалық спорт түрлері қатарына қосылуы әбден мүмкін. Бүкіләлемдік самбо федерациясы 2014 жылғы Қысқы Олимпиада бағдарламасына самбошылардың жарыстан тыс өнер көрсетулерін енгізуге қол жеткізді, Олимпиада-2020 бағдарламасына 3 салмақ категориясында самбо белдесулерін қосу мәселесі шешіліп жатыр. Егер бұл жүзеге асатын болса, әлемде, соның ішінде Атырауда самбо спортының дамуына үлкен серпін берер еді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

18 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.