Атырау, 26 қараша 02:42
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Нұржановтарға кім көмектеседі?

2 336 просмотра

Тоғыз адамнан тұратын жанұя  бар-жоғы 18 шаршы метрде тұрып жатыр! Алайда құлсарылық отбасының  баспана мәселесі әзірге шешімін табар емес.

-Біздің үй кезегіне тұрғанымызға сегізжыл болды. Бұрын кезегім тізімнің бас жағында сияқты еді, былтыр сегізінші болып тұрсың деді. Аудан әкімі, қала әкіміне барып, бар жағдайымызды жеткізгенмін, олар мүмкіндігін қарастырармыз деп шығарып салды. Енді соның жайын тағы білейін деп отырмын,-дейді 43 жасар Құралай НҰРЖАНОВА.

Ермекқали мен Құралай отбасында жеті баланы тәрбиелеп отыр. Қолдарында жол апатынан қайтыс болған апасының кішкене қызы да бірге тұрып жатыр.

-Үлкен ұлым үйленіп, олар әзірше қарттардың қолында тұрып жатыр. Одан кейінгі ұлым әскерден келгелі бір жыл болды, тұрақты жұмысқа қол жеткізе алмауда. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің араласуымен «Сичим» ЖШС-не жұмысқа келісім-шартпен жұмысқа алынып еді, алайда бір айдан кейін қысқарып қалды, одан кейінгісі колледжде, қалғаны мектепте. Өзім жұмыс жасамаймын, жолдасымның алатын 60 мың теңгесі ішіп-жемнен ауыспайды.  Бұдан кеңдеу пәтер жалдауға мүмкіндік жоқ,-дейді Құралай.

Күні бүгін отбасындағы 9 жан 3,2х5,70 болатын бір бөлмеде қысылып-қымтырылып тұрып жатыр. Сол жерде жатады, демалады, киінеді. Пәтер  ылғалды болғандықтан үнемі көгеріп кетеді екен. Күн ыстықта бөлмеде тыныстау  мүмкін емес.

-Нұржановтар отбасындағы жағдай маған таныс, аяқтай барып үйін көріп кеттім. Шынымен тар бөлмеде тоғыз жан тұрып жатыр. Өте аянышты. Былтыр бюджеттен қаржы бөлініп, Атыраудағы жетім қалған 30 балаға үй алынып берілді. Негізі ауданда үй кезегіндегілерге арнайы баспана салып немесе сатып алып беруге қаржы қарастырылмаған. Біз облысқа хат жаздық, олар жергілікті жерден шешіңдер деп отыр,-дейді Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН.

-ТШО қызметтік тұрғыда болатын 60 шақты пәтерді демеушілікпен сатып алып береміз деген жоқ па? Нұржановтар отбасына уақытша болса да пәтер беруге болмай ма?

-Сатып алынатын ол үйлерге қаладағы Ұ. Абдрахманов көшесінің тұрғындары уақытша көшірілмекші, сондықтан одан ауысады деу бекер. Ертеңгі күні Нұржановтар отбасына пәтер беріледі деп нақты айта алмай отырмын. Мүмкіндік болса бірінші кезекте көмектесуге уәде беремін.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.