Атырау, 26 қараша 02:21
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Аудан жаңалықтары

2 281 просмотра

Балқұдықтағы қоңыр тірлік

Жыл сайын Құрманғазы ауданының Балқұдық селосынан 5-6 отбасы көшіп кетіп жатады. Ауылда жұмыс тапшы, ал мал сатып күн көрудің өзі барған сайын қиындап барады.

-Қазір Балқұдықта жиырма шақты үй бос қалды, - дейді  аудандық мәслихаттың депутаты Мансур ҚУАНЫШӘЛИЕВ. – Тұрғындар өз үйлерін сата да алмай отыр.

Ауыл малмен күн көреді. Былтыр Балқұдық селосының тұрғындары әр марқа қойды 15-16 мың теңгеден өткізіп келген, биыл делдалдар 10 мың теңгеге де алмай отыр. Өйткені Атырауда сырттан тасымалданатын еттердің көптігінен осындай жағдай орын алған. Малын сата алмаған ауыл адамдарының жағдайы төмендеп кеткен. Өйткені мектеп бітірген балаларын оқу орындарына апара да, басқа мұқтаждықтарын орындай да алмай отыр.

- Дүкендердегі «қара тізімдер» қатары көбейіп, қи мен шөп сатып ала алмай отырғандар жетерлік, - дейді М.Қуанышәлиев.  

***

 

Балабақша жөнделуде

Қызылқоға ауданы Қаракөл селосындағы 50 орындық балабақшаны күрделі жөндеуге бюджеттен 30 млн теңге бөлінді.

Жөндеу жұмысы басталып кеткен, мердігер жұмыстарды тамыздың аяғында бітіруді көздеуде. 

***

 

Үнемі жылай беретін...

Өзінің алты айлық сәбиін өлтірген Нұржау селолық округінде тұратын 18 жастағы жас әйел тергеуші алдында осылайша ақталды.

Анасы өз сәбиінің басын жерге үш рет ұрып, денсаулығына ауыр дене жарақатын салған. Сәби ауруханаға жеткізіліп, жедел көмек көрсетілгенімен оны өлімнен арашалап қалу мүмкін болмаған, бір аптадан кейін ауыр соққыдан қайтыс  болды.

Үстіміздегі жылдың  17 маусымында алты айлық сәбиін ұрып өлтірген 18 жасар жас келіншекті уақытша екі айға қамауға алу жөнінде шара қолданылды,-деп хабарлады Құрманғазы ауданы прокурорының орынбасары Магилан РАХИМОВ.

Жалғызбасты келіншек бұл әрекетке кішкене  қызының көнбей жылай беруі салдарынан барғанын айтады. Әйелдің үстінен ҚР ҚК 103-бап 3-бөлімі («денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру нәтижесімен, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан әрекет») бойынша қылмыстық іс көтеріліп, тергелуде. Аталмыш бап  бойынша 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны атап көрсетілген.

***

 

 

Құлыпталған монша 

Индербор поселкесіндегі жалғыз монша (суретте) бүгінгі күні құлыптаулы тұр.

Оған моншаны сенімгерлік басқаруға алған «Келбет» ЖШС-нің  200 мың теңге таппай отырғандығы себеп.

Бұған дейін  бюджеттен бөлінген  3 млн теңгеге жөнделген монша индерліктердің игілігіне айнала қоймады. Өйткені, монша жөнделгеннен кейін көп ұзамай екі рет өрт құшағында қалды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.