Атырау, 22 желтоқсан 13:11
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Бренд жасау: тігін шеберлері қалай дизайнерге айналады

Сурет Бейнежазба
839 просмотра

Жақында Атырауда киім дизайнерлерінің Grand fashion Atyrau-3 сән көрсетілімі өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен шеберлер қатысты. Әсіресе, ұлттық ою-өрнек пен заманауи стиль нақыштарын ұштастырып, бірегей үлгілер жасай білген Тараз бен Оралдан келген дизайнерлер ерекше есте қалды.

Олар өз туындыларында сән үрдістерін үйлесімді сабақтастырып, этникалық бірегейлігін сақтай білген. Киіз бен табиғи және синтетикалық талшықтардан жасалған маталарды пайдаланып, джинсы элементтерін қосып, мәдени тегін және заманауи стильді сомдайтын бейнелер жасауға мүмкіндік берді.

Ұлттық болмысымызды көрсететін киімдерді күнделікті киіп жүрсек, өзімізді танытудың тамаша тәсілі болар еді. Әрине, әркім өз мәдениетін күнделікті өмірде бейнелей алу үшін бұл бұйымдардың бағасы қолжетімді болса, керемет болар еді.

Бұл шараны ұйымдастырушы Атырау облысы Дизайнерлер қауымдастығының негізін қалаушы әрі жетекшісі Айсұлу ОРАЗБАЕВА Grand fashion Atyrau-3 шарасының басты мақсаты – халықтың отандық тауар өндірушілерге деген құнды көзқарасын қалыптастыру және отандық өнімді танымал ету деп санайды. Ал бұл, әрине, дәстүрлі мәдениетте шығармашылық әлеуетті дамыту.

Айсұлу Оразбаева кім?

1987 жылы Волгоград мемлекеттік педагогикалық институтын «педагог» мамандығы бойынша тәмамдады. Алайда ол өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, өзін сүйікті ісін жетілдіруге арнады. Дизайнерлік жолды таңдап, өз ісінің нағыз кәсіби маманы болып, үнемі біліктілігін арттырып отырды.

2000 жылы Айсұлу жеке қорғаныс құралдарын және заманауи үлгідегі ұлттық киімдерді, сонымен қатар сәнді аксессуарларды тігетін тігін-өндірістік цехын ашты.

Кейін ол сүйікті кәсібінде табысқа жету үшін тек тігінші болу жеткіліксіз екенін, өз брендін жасау керектігін түсінді. Алдына осындай мақсат қойып, осы бағытта жұмыс істей бастады. Дизайнерлік дағдыларды меңгеру дамуына негіз болды, тек біліктілігін арттырып қана қоймай, сүйікті ісін тұрақты табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік берді.

2011 жылы Мәскеудегі «Мастерство без границ» студиясында «Художник салона штор» дизайнерлік курстарын, интерьерде гүл жасау шебері курсын оқыды. 2016 жылы сол жерде дизайнерлер мектебінде білім алып, «Киім дизайнері» біліктілігін алды.

Қазір ол Атырау облысы Дизайнерлер қауымдастығының жетекшісі ғана емес, Қазақстан Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Ұлттық дизайнерлер академиясының академигі.

Атырау облысы Дизайнерлер қауымдастығын ол 2017 жылы құрған. Қазір бұл қауымдастық құрамында 30-ға жуық талантты тігіншілер мен дизайнерлер бар. Жергілікті шеберлер киім тігіп қана қоймай, заманауи қазақстандық брендке деген ерекше көзқарастарын танытып, өз атын шығару үшін белсенді жұмыс жасауда. Талай қиындықты еңсерген ұжым аудандарда тұратын тігіншілерді оқытуға, оларды ілгері дамытуға, қолдау көрсетуге ден қояды.

Дизайнерлер қауымдастығы не үшін қажет?

– Біздің қауымдастықтың ұраны – «Бір-бірімізге қызғанып қарамаймыз, бір-бірімізге қызығып қараймыз», – дейді Айсұлу.

Қауымдастықтың миссиясы – ынтымақтастық рухын нығайту және Атырау облысының ісін жаңадан бастаған дизайнерлеріне қолдау көрсету.

Ұйымның маңызды бөлігі еліміздің түкпір-түкпірінен – Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал және Тараз қалаларының тәжірибелі шеберлерімен өзара тәжірибе алмасу болды. Қатысушылар жай ғана киім тігіп қана қоймай, брендинг пен кәсіптегі бедел құндылығын түйсіне отырып, өз жұмысын насихаттауды үйренеді.

Ұйым сән көрсетілімдерін де ұйымдастырады, бұл тігіншілердің ой-өрісін кеңейтіп, халықаралық деңгейге шығуына көмектесті.

Айсұлу Милан, Париж, Дубай және Сингапурдағы сән көрсетілімдерінде Қазақстанның атынан өнер көрсетті. Атыраулық қауымдастықтың тағы екі мүшесі Миланда өтетін кезекті сән көрсетіліміне қатысуға мүмкіндік алды.

Айсұлға жергілікті шеберлерді біріктіру оңайға соқпады. Қауымдастық қанатындағы үйлестірілген жұмыстың маңыздылығын түсіндіру үшін көп уақыт пен шыдамдылық қажет болды.

– 2000 жылдары осы салада жұмыс істей бастаған кезде Атырауда негізінен тігін шеберлері тапсырыстарды ғана орындайтын. Олар жоғары деңгейге жету және өз атын шығару мүмкіндігін ойлай бермейтін. Көпшілігі бірегей талантты еді, бірақ еңбектерін брендтеуді, насихаттауды білмеді. Олар көбірек табыс табу үшін жаңа дағдыларды игеруге көмектесіп қана қоймай, олардың жеке брендін жасауға қолдау көрсету қажет болды.

Сол кезде жергілікті тігіншілерге жаңа әдіс-тәсілдерді, кең аудиторияға қалай таныстыру керектігін үйрету керек екенін, сондай-ақ қолөнер шебері ретінде өздеріне және өз құндылықтарына сенуге мүмкіндік беру керектігін түсіндім. Бұл олардың табысын арттырып қана қоймай, қазақ сәніне жаңа көзқарас әкелетін дизайнер ретінде қалыптасуына септігін тигізер еді, - дейді Айсұлу.

Қауымдастық Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Астана, Алматы қалаларындағы қауымдастықтармен меморандумға қол қойды. Осы меморандумдар негізінде шеберлер бір-бірімен ынтымақтаса отырып, ел ішінде де, шетелде де қазақ сәніне халықтың назарын аудару үшін жұмыс істейді.

Сән көрсетіліміне басқа аймақтардан дизайнерлер шақырылады. Тәжірибе алмасу жыл сайын өткізіледі, бұл қатысушылардың кәсіби өсуіне, бір-біріне қолдау көрсетуіне және жергілікті дизайнның дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.

Мәселен, биыл Атырау облысының дизайнерлер қауымдастығы Халел Досмұхамедов атындағы университетпен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты – дизайнер- кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасу және болашақ дизайн факультетінің студенттеріне жаңа бастамаларды одан әрі жүзеге асыру арқылы қолдау көрсету.

 – Біз алдағы уақытта студенттерді кәсіби қызметке дайындауға белсене атсалысып, 2024-2025 жылдарға арналған жоспарлар әзірлеп, тығыз ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырғанымызды баса айтамыз. Дизайнерлер қауымдастығының мүшелері өз тәжірибелерімен бөлісіп, қоғам өміріне белсене араласуға әрқашан дайын, - дейді Айсұлу.

Ақпан айының басында қазақстандық дизайнерлер мен модельдер алғаш рет Сингапурде «ASEAN international fashion week» халықаралық сән апталығында өнер көрсетті. Көрмеге 20 елден 50 дизайнер, оның ішінде Қазақстанның үш өңірінен: Астана, Тараз және Атыраудан дизайнерлер қатысты.

Олардың ішінде Айсұлу Оразбаева өзінің Madame Aisu топтамасын ұсынды.

Ол сонымен қатар Диордың музасы болған Алла Ильчунды еске алуға арналған «Aspara fashion week» сән апталығына қатысты.

Айсұлу мұнымен тоқтап қалмайды. Ол Атырауда дизайнерлердің киім сән көрсетілімін ұйымдастырады, ал Grand fashion Atyrau үшінші рет өтуде.

Ол Атыраудың сәнгерлер мен сәнқойлар, дизайнерлер мен киім өндірушілер, сондай-ақ сән индустриясы туралы көбірек білгісі келетін немесе тіпті өмірін онымен байланыстырғысы келетін жандардың назарын аударатын орынға айналатынына сенімді.

Айнұр САПАРОВА 

Автор түсірген суреттер мен бейнежазба 

3 қараша, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.