Биыл «Гриппол плюс» вакцинасының 65 000 дозасы сатып алынды. Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл АЙМҰРАТОВА мәлімдеді.
Жыл басынан бері облыста ЖРВИ-дің 98 736 жағдайы тіркелген. Ал тұмаудың зертханалық жолмен дәлелденгені – 41. 15-ші қыркүйектен бастап бүгінге дейін 30 мыңға жуық облыс тұрғыны тұмауға қарсы екпе алған.
- ЖРВИ-мен ауырғандардың көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар. Тұмаудың бірінші белгілері ағзаға түскен вирустың көлеміне, адамның иммундық жүйесінің жағдайына, вирустың типіне байланысты. Ауру инкубациялық кезеңнен басталады. Жұқтырудан бастап бірінші белгі пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін өтеді. Оны алдын алудың немесе емдеудің бірден-бір жолы вакцинация. Тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары қыркүйекте басталып, қарашаға дейін жалғасады, - деді А.Аймұратова.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ