Атырау, 21 желтоқсан 07:20
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Руслан ЖҰБАНЫШАЛИЕВ: «Дене тәрбиесі пәнін қысқарту - дұрыс емес»

7 153 просмотра

1 қыркүйектен бастап мектептерде дене тәрбиесі пәні сағаттары қысқарады. Бұл неге әкеліп соқтырады? Осы және басқа да  мәселелер жөнінде Дене тәрбиесі жән спортты дамыту өңірлік орталығы директорының орынбасары Р.К. ЖҰБАНЫШАЛИЕВПЕН  сұхбаттастық.

 

«КӨҢІЛДІ СТАРТТАРДЫ» ҚАЛПЫНА КЕЛТІРДІК

«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ:

Руслан Қабесұлы Жұбанышалиев, 47 жаста, 1989-2002жылдар аралығында бірқатар орта және арнайы орта білім беру мекемелерінде дене тәрбиесінен сабақ берген. Дене тәрбиесі және спортты дамыту өңірлік орталығында құрылғаннан - 2002 жылдан бері жұмыс жасайды.

 

- Орталықтарыңыз қандай қызметтер атқарады?

- Негізгі мақсаттарымыз ғылыми-әдістемелік әзірлемелерді енгізу, оқушылар мен студент жастар арасында спорттық-бұқаралық шаралар ұйымдастыру, дене тәрбиесі мұғалімдерінің, жаттықтырушылардың, спорт бойынша нұсқаушылар мен әдіскерлердің біліктілігін арттыру болып табылады.

Біз 2008 жылы www.arcrfk-sport.kz сайтын аштық. Сайт беттерінен балаларға берілетін жүктемелер нормаларын, дене тәрбиесі мұғалімдері мен бапкерлерге арналған нұсқаулықтар, инновациялық шешімдер, спорттық-бұқаралық шаралар күнтізбесі, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің аты-жөндері сияқты пайдалы нәрселерді табуға болады. Әзірге мұнда №6 және №11 мектеп оқушыларының деректері ғана енгізілді. Қазір жаңартулар жүргізіліп жатыр.

Мектепке дейінгі спорттық-интеллектуалды эстафета - біздің төл туындымыз. Ол кезінде баршаға белгілі болған кеңестік «Көңілді старттар» түрінде өтеді, тек қосымша интеллектуалды тапсырмалар беріледі. Жыл сайын осындай жарыстар әуелі балабақшалар ішінде өткізіліп, кейін аудандық және облыстық деңгейде жалғасады. Еліміздің басқа жерлерінде мұндай ойын жоқ. Осындай сайыстар мектеп оқушылары арасында да өткізіледі.

Облыстарда дене тәрбиесі және спортты дамыту өңірлік орталығы құрылған сәттен бастап елімізде Одақ тарағаннан кейін ұмытыла бастаған республикалық мектеп спартакиадалары қайтадан жандана бастады. Атырау оқушыларының командасы осындай 5 спартакиадаға қатысты. Біз тек 2013 жылы өткізілген 6-қысқы мектеп оқушылары спартакиадасына қатыса алмадық. Бізге облыстық білім беру басқармасы қаржы бөлген жоқ. Облыстық спартакиада өткіздік, команда дайын болатын...

Өткізілген 6 облыстық спарта-киадаға біз әр түрлі деңгейдегі 30 689 бала қатыстырдық. Жақында мен Алматы қаласында 2017 жылы болатын Бүкіләлемдік Қысқы Универсиадаға дайындық аясында өткізілген республикалық дене тәрбиесі мұғалімдерінің семинар-кеңесіне қатыстым. Қазіргі 8-9 сынып оқушыларының бұл жарыстарға қатысуға үлкен мүмкіндіктері бар.

Жазғы спартакиадалармен қатар оқушылардың облыстық қысқы спартакиадасын да ұйымдастырамыз. Балалардың шаңғымен сырғанап, коньки теуіп, хоккей ойнап үйренулері үшін жұмыстанып жатырмыз. Айта кетсек, біздің балалар бір рет шаңғыдан республикалық жарыстың жүлдегерлері атанды.

Жақында Петропавловскінің тәжірибесі бойынша Балалар мен жасөспірімдердің дене тәрбиесі клубтарын (БЖК) құру туралы үкімет қаулысы шықты. Бұл қалада бұдан бірнеше жыл бұрын сынақ ретінде мектептер жанынан БЖК-лер ашқан. Қазір онда балалардың аула кезіп, қаңғитын уақыттары қалмады және еліміз бойынша балалар қылмысының алдын алу бағытында үздік атанды.

Қыста біз Атырауда – Авангард, Привокзальный және Балықшыда үш БЖК құру туралы құжаттар тапсырдық. Алайда облыстық білім басқармасы бізге еш жауап қайырған жоқ. Жағдай жақсы жағына қарай өзгереді деп сенеміз. БЖК-ге дене тәрбиесі мұғалімдері мен жаттықтырушылар тартылатын болады. Бұл 1 қыркүйектен бастап мектептегі дене тәрбиесі пәні сағаттарының аптасына 3 сағаттан 2 сағатқа қысқаруы жағдайында өте маңызды.

 

«ТАҒЫ ҚАНША ҚЫСҚАРТАДЫ?!»

- Дене тәрбиесі сағаттарын қысқарту балаларға қалай әсер етеді?

- Балалардың денсаулығын қалпында ұстау үшін аптасына 3 сағат дене тәрбиесі сабағы аздық етеді деп ойлаймын. Ал енді одан да қысқармақ. Бұдан еш жақсылық көріп отырған жоқпын. Иә, дене тәрбиесі мұғалімдерінің білім деңгейі бүгінде төмен, оған келісемін. Олар бізге институт бітіргеннен кейін бірден келеді, жақсы жалақы алу үшін оларда еңбек өтілі де, санаттары да, разрядтары да жоқ. Сондықтан да олар көп тұрақтамай, көпшілігі күзет фирмаларына жұмысқа кетеді. Осыған байланысты, барлық дене тәрбиесі жүйесі, барлық жұмыстар ардагерлердің арқасында жүзеге асып жатыр.

Бұл салада кадрлар жетіспейді. Көбіне дене сабағын география, тарих пәндерінің мұғалімдері өткізіп жатады. Енді сағат қысқаруына байланысты, олар да кетеді. Алайда бұл да мәселені шеше алмайды – бәрібір жұмыс жасайтын ешкім жоқ.

- Ең тәжірибелі дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінен кімдерді атай аласыз?

- Бұлар – политехникалық колледжден Орынбасар Нұрханов, сервис колледжінен Ғабит Идрисов, Дамбыдағы Амангелді орта мектебінен Бақтығали Орынбасаров.

Жаттықтырушылар жөнінде де айтып кетейін. Біз республикалық спартакиадаларда үнемі жүлделі орындар алып жүрміз. Мәселен: кикбоксингтен – Сүндеткерей Қасанғалиев, таэквондодан – Нұрхат Дүйсембаев, баскетболдан – Еркін Төлегенов, самбодан – Қайрат Досқалиев сияқты бапкерлер талай жеңімпаз шәкірттерді тәрбиеледі. Бокстан Сәрсенбай Торғаевтың, гандболдан Лариса Сиротаның шәкірттері жүлдегерлер қатарында.

- Алдағы оқу жылында қандай жоспарларыңыз бар?

- Қыркүйекте дәстүрлі Күзгі марафонды өткіземіз, қазан мен желтоқсан аралығында орта білім беру мектептері, колледждер және лицейлер оқытушылары арасында екі спартакиада ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, жекпе-жек түрлерінен және қысқы спорт түрлері бойынша жарыстарды жоспарлап отырмыз. 2014 жылы 7-ші жазғы оқушылар спартакиадасына барамыз деп үміттенеміз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

11 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.