1 шілдеде Британ премьер-министрі Дэвид КЭМЕРОННЫҢ Атырауға келу сапарының барысында мұнай-газ секторының материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы өзара әрекеттестік мәселелері жөнінде қазақ-британ форумы өтті.
«Kazenergy» бас директоры Әсет МАҒАУОВТЫҢ айтуынша, жергілікті үлесті дамыту таяу онжылдықта Теңіздегі, Қарашығанақтағы және Қашағандағы үш ірі жобаға байланысты болады. Басқа жобалардың арасында мұнай өңдеу зауыттарын қайта жарақтау жобалары (бұлардың ішінде АМӨЗ де бар) және жүзеге асыру құны 6-7 млрд доллар құрайтын газ-химия кешені аталды.
Мағауов тендерлік процедураларды бірегейлендіруді қарастыратын ҚМГ мен ірі ТШО, НКОК және ҚПО («Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг») мұнай-газ операторлары арасында бірлескен іс-қимыл туралы өткен жылы қол қойылған Ақтау декларациясы туралы еске салды («Батыс өңірінде мүмкіндіктер мол»). Сол кезде ҚМГ-нің бұрынғы басшысы Ләззат ҚИЫНОВ шетелдік компаниялар мен ҚМГ арасындағы қазақстандық қамтуды көтеру жөніндегі делдал ретінде осы форумға қатысып отырған лорд УЭВЕРЛИДІ (суретте) шақырған болатын. Лорд британдық парламентте біздің елімізбен ынтымақтастық жөніндегі бүкілпартиялық топқа басшылық етеді.
лорд УЭВЕРЛИ.Алайда қол қойылған сәттен бастап Ақтау декларациясы нақты жобаларда көрініс таппай, тек қағаз жүзінде ғана қалды. «Неліктен?» деп, форумнан тыс кезде лорд Уэверлиден сұраған едім. Оның айтуынша, ол ұзақ уақыт Қазақстанда болмаған, жақында ғана оны ҚМГ-нің арнайы кеңесшісі ретінде Қиынов тағы да шақыртқан екен.
Бір жыл бұрын Ақтау форумынан тыс кезде біздің менеджерлеріміз өздерінің дәрменсіз екендіктерін мойындап, ірі жобалардағы қазақстандық қамтуды ілгерілетуге ағылшын лордын шақырыпты деген әңгімелердің жүргені есімізде. Оның маңызды құжаттарды қабылдауға белсенді қатысқанына бір жылдай уақыт өтті, алайда осы уақыт ішінде ештеңе жасала қойған жоқ. Енді, міне, лордтан қозғалыссыз қалған мәселені тағы да жылжытуды өтінді.
«Атырау» ҰЭП Атырау филиалының директоры Асылбек ЖАКИЕВ (суретте)мұнай компанияларын сөзден нақты іске көшуге шақырды. Келеңсіз мысал ретінде ол ҚПО тарапынан қызығушылық жоқ болғандықтан қазіргі кезде мүмкіндігі пайдаланылмай отырған Ақсайдағы технобақты атады.
– Қазіргі уақытта біз қазақстандық және еуропалық компаниялар арасында біріккен кәсіпорын құру жөніндегі және ірі жобаларда сұранысқа ие өнімдер өндіру қызметтерін жандандырдық. Жер қойнауын пайдаланушылар төңірегінде ШОБ белдігін құру жөніндегі серіктестік бағдарламасының аясында Теңізде жақын арада үш БК құрылды: сервистік қызмет көрсетуге маманданған
«КаеферЦентразия» ЖШС, фитингтер өндірісін оқшаулау жөніндегі итальяндық компаниялармен біріккен кәсіпорын және мұнай шламдарын кәдеге жарату жөніндегі БК.
Үш негізгі мұнай жобаларының басшылары - Бредли МИДЛТОН (ТШО), Дамиано РАТТИ (ҚПО) және Арьяна ванн ДАЙКТЫҢ (NCPOC) сөйлеген сөздеріне келер болсақ, үшеуі де жергілікті үлесті қолдау туралы жалпылама сөздермен шектелді.
Әдетте мұндай форумдарда ең қызықты жайттар сұрақ-жауаптар сессиясында айтылатын. Бұл жерде де осылай болды. Жергілікті қамтуға қатысты нақты көріністің қандай екендігі ірі жобаларға мердігер бола алмай қалғандардың сұрақтарынан айқын болды. Олар тендерлерге қатысуға байланысты түрлі проблемалардың орын алатындығына қынжылыс білдірді. Жоба басшыларының жауаптары «Сіздер дұрыс түсінбегенсіздер, біз мұны меңзеген жоқ едік» деген сөздерден бастап,«біз өз талаптарымызды өзгертпейміз» деген сөздерге дейін ұласты.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ