Бүгін, 4 шілдеде облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Сербияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Владимир МИРКОВИЧПЕН, «Poljostroj» серб компаниясының қызметкерлері Гордан СТАНИМИРОВИЧПЕН және Павел СУДОРСПЕН кездесті.
Елші өз елінде визасыз режим мен еркін сауда туралы келісімшарт қолданыста екенін әңгімеледі. Келер жылдың 1 қаңтарында Сербия Еуропалық Одаққа енбек.
П. Судорстың айтуынша, Сербиядағы негізгі экономикалық салалардың бірі – ауыл шаруашылығы және осы салаға байланысты машина жасау саласы екен. «Poljostroj» компаниясы Махамбет ауданының Сарайшық селосында салынып жатқан ешкі сүтін өндіретін фермаға қажетті жабдықтарды жеткізуге дайын. Сербтер сонымен қатар Атырауға нығыздап жинайтын, пішен шабатын машина және басқа да ауыл шаруашылығы агрегаттарын құрастыруды жолға қоюға әзір көрінеді.
Кездесуден кейін біз оған қатысқан атыраулық кәсіпкер Владимир РОЗМЕТОВПЕН сөйлескен едік. Оның айтуынша, ешкі сүтін өндіру фермасының құрылысы бір апта бұрын басталған. Біріккен кәсіпорын «Сарайшық» деген атауға ие. Ферманың 49 пайызы - «Атырау» ӘКК-не, 51 пайызы – «Розметов» шаруа қожалығына тиесілі. Жобаның құны 430 млн теңгеге бағаланады. Ферма биылғы жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуі тиіс.
- Қазанда ұшақ арқылы Словениядан күніне 8 литрге дейін сүт бере алатын альпілік тұқымды 300 ешкі жеткізілуі тиіс, - дейді бизнесмен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ