Бүгінде Атырауда үстел теннисінің жағдайы қалай? Осы тақырыпта біз бұл спорт түрінен облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Риза МАМҰТОВПЕН сұхбаттасқан едік.
№17 АҢЫЗ
«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ: Риза Ибрагимұлы Мамұтов, 57 жаста,2-санатты жаттықтырушы, бапкерлік жұмыс өтілі 32 жыл.
- Біздің өңірдегі үстел теннисінің тарихы қандай?
- 80-жылдары Фаина Есенқызы Досымова қалалық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болды. Ол спортты дамыту үшін көп нәрселер жасады. Атап айтсақ, Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұлов жүлдесіне арналған футболдан республикалық турнир, бокстан Павел Попович жүлдесіне бүкілодақтық жарыс ұйымдастырды. Сол кезде біздің спорт түрі де жақсы дамыды. Қаламызда үстел теннисімен шұғылданатын екі топ болды. Бірін – Гагарин атындағы мектептегі топты Валерий Сарангов жаттықтырса, екіншісіне - №17 орта мектепте мен бапкерлік еттім.
В. Сарангов жаттығуларды мектептің акт залында жүргізді. Үстел теннисіне арналған үстелдерді өз ақшасына Чехословакиядан алып келді. Оның ең белгілі шәкірттері – апалы-сіңлілі Алена мен Наталья Бабьяктар. Олар Қазақ КСР чемпионаттары мен түрлі ерікті спорт қоғамдары бәсекелерінде талай топ жарды. Наталья «Спартак» ерікті спорт қоғамдары желісі бойынша республика құрамасына ілігіп, көптеген бүкілодақтық турнирлерге қатысты. Алена «Динамо» спорт қоғамында сәтті өнер көрсетті. Сол жылдары облыс құрамасының қатарында Бибігүл Өтегенова, Игорь Бузаев, Самат Еламанов, Жұлдыз Исламғалиев, Дмитрий Пак және тағы басқалар болды.
1986 жылы облыс құрамасы осы құрамда ересектер арасындағы Қазақ КСР халықтарының спартакиадасында қола жүлдегер атанды.
Алайда 1984 жылы В. Сарангов басқа жұмысқа ауысуына байланысты бапкерлік қызметін тоқтатты. Сол жылы қыста жаттықтырушы тобымен бірге жарыстарға барған, ал келісімен оған теннис секциясы жабылатыны туралы хабарлайды. Сол топта шұғылданған балалардың бір бөлігі менің тобыма көшті.
Сол кезде №17 мектепте сабақ бір мезгілде жүргізілетін және жарты күн бойы спорт залы толықтай бізге берілді. Үстел теннисімен көптеген балалар айналысты. Мектепте қажетті құралдардың барлығы болды. Уақыттар сырғып, Фаина Есенқызы зейнеткерлікке кетті. Сол кездер менің есімде жақсы сақталған. Өйткені біздің жаттығу сағаттарымызды аптасына бір сағатқа дейін қысқартып тастап еді. Ойлап қараңыздаршы, үстелді жаңа құрып, балаларды ойынға тарта бастағанда, уақыт бітіп қалады да, үстелді кері жинауға тура келеді. Кейіннен бізді мектептен қуғандай қылып, шығарып жіберді. Теннис құрал-саймандары сол жерде қалды. Содан бері сығандардай көшіп-қонып жүрміз. Үстел теннисі бөлімі 2-БЖСМ-нде жұмыс жасап жатыр. Спорт мектебінің басшылығы «Мұнайшы» спорт кешенінің залын жалға алды. Осы залда АМӨЗ-дің, теміржол бөлімінің үстел теннисінен топтары жаттығады, айкидо, карате және фитнестен жаттығулар өткізіледі. Сағат 18.00-де біз орынжайды босатуымыз керек. Балаларға ескерту жасайтын, біреулерімен жеке жұмыс жасайтын бір минут болса да уақытымыз жоқ. Жаттығулар аяқталмай-ақ үзіліп қалады.
- Сіздер облыстың спорт басшыларынан зал мен құрал-сайман бөлу туралы сұрап көрдіңіздер ме?
- Мен облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына хат жаздым. Үстел теннисінің маркаларын, көлем мөлшерлерін тәптіштеп жазып та бердім. Көмектесеміз деп сөз берді.
ӘКІМ ТЕННИС ОРТАЛЫҒЫН САЛАМЫЗ ДЕП УӘДЕ БЕРДІ
- Балаларды үстел теннисіне қатыстыру үшін қайда барып жазыламыз?
- Мен жаттығуларымды «Мұнайшы» спорт кешенінде тек аптаның жұп күндері, таңертең және кешке өткіземін. Кезекті балаларды жинау қыркүйекте жарияланады. Өйткені, «Мұнайшы» спорт кешеніндегі үстел теннисі тобы жазда жалға төлеу ақшасы жоқтығынан 2-3 айға жабылып қалады.
- Балаларыңыз бүгінде қандай нәтижелер көрсетіп жүр?
- Ақтөбеде өткен Жастар ойынында біз 11-ші орын алдық. Онда көбіне 1992 ж.т. жасөспірімдер қатысты, ал біздің балалардың ең үлкені 1994 жылы туған еді, терезесі тең ойын көрсетуге күшіміз жетпеді.
Кейіннен сол Ақтөбеде Қазақстан чемпионаты өтті. Біз алдымен Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарының командаларын ұтқанбыз, алайда қалған ойындарда жеңіліс тауып, қорытындысында 10-шы орын алдық. Альбина Қуанышева, Владислав Тен, Иван Усачев, Роман Шошаков және Нұрлан Хайрушевтар жақсы өнер көрсетті, бірақ бұл жеткіліксіз еді.
Осы жылдың мамыр айында Атырауда Ф. Досымованы еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Оған батыс облыстардың мықты спортшылары қатысты. Біздің теннисшілер арасынан А. Қуанышева жеңімпаз атанса, Тұрлан Дауылбаев күміс медаль алды. Ал Климентий Бузаев, Владимир Емельянченко және Ілияс Қалмұрзиевтер қола иеленді. Сонымен қатар, 1995 ж.т. және одан кіші қыздар тобында Мария Емельянченко «қолаға» қол жеткізді.
Әрине, біздің бәсекелерімізде басқа өңірлердің өкілдері басымдыққа ие болатыны өкінішті-ақ. Қазір Қазақстан бойынша ең мықты команда Батыс Қазақстан облысының құрамасы болып табылады. Мұның не құпиясы бар? Ең басты себебі – облыстық теннис федерациясының президенті Бақтықожа Ізмұхамбетов екен. Кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі болған кезінде ол үстел теннисі жаттығулары өтетін арнайы спорттық зал салып берген. Міне, осыдан кейін көршілеріміз жоғары нәтижелерді тұрақты көрсетіп келеді. Сұрауыңыздың алдын алайын, әкімдік Нұрсаядан теннис орталығын салуға сөз берді. Мен, әрине, бұл идеяны құптаймын. Алайда біз қазір қолымыздағы «Мұнайшы» спорт кешенінде жаттығып жүрген, болашағы бар балаларды жоғалтып алмауымыз керек. Олардың Нұрсаяға қатынауы қиындау болады. Сондықтан да «Мұнайшыдағы» топты сақтап қалғанымыз жөн.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ