26 маусымда «Атырау» ДСК алдына №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (ОРМБЖСМ) бір топ жаттықтырушылары, шәкірттері және ата-аналары жиналды. Жиналу себептері –дзюдо жаттықтырушысы Азамат САҒЫНҒАНОВТЫҢ жұмыстан, наразылық білдірушілердің пікірінше, заңсыз шығарылуы.
18 адам қол қойған хатпен расталған бапкерлердің пікірінше, 1-ОРМБЖСМ директоры Әдиет ҮСЕНОВ тәжірибелі жаттықтырушыны жұмыстан нақақ шығарып жіберген. Алайда жиналғандардың наразы болуына, олардың айтуынша, қаладан тыс жерлердегі спорттық турнирлерге қатысуға басшылықтың адамдарды таңдап жіберетіндігі басты себеп болған: кейбір бапкерлер өз шәкірттерін тұрақты қатыстыратын болса, кейбіреулеріне мүлдем жол жабылған. «Жақпай қалғандардың» сауалына директор әзірге өзі директор болып тұрғанда, олар ешқандай жарыстарға бармайды деп ашық жауап берген.
Жаттықтырушылардың айтуынша, олар бірнеше рет Үсеновтің үстінен облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Қазбек ИМАНҒАЛИҒА шағымданған. Ол шара қабылдаймыз деп уәде бергенмен, еш нәрсе жасамаған.
- Қазіргі таңда облысымызда дзюдо мен қазақ күресінің жағдайы нашар болғандықтан, көптеген белгілі спортшылар мен бапкерлер басқа қалаларға кетіп жатыр. Міне, біз де облыстық спорт басқармасынан еш қолдау көріп отырған жоқпыз. Олимпиадалық ойындарға екі рет қатысушы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, дзюдодан әлем кубогының иегері Ринат ИБРАГИМОВ Орал қаласына кетіп қалды. Облысымыздан самбодан әлем чемпионы Арсен ХАТИП пен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ержан ҚАБДЕЛОВ те кетті. Басшылықтың қолдауын көре алмаған соң, спортпен хош айтысуда. Осындай кадрларды дайындау үшін бапкерлер қаншама тер төгіп, қаншама уақытын жояды! Облыстық спорт басқармасының басшысы Қазбек Иманғали лауазымына тағайындалғаннан бері жаттықтырушылармен бірде-бір кездесу, не жиналыс өткізген жоқ, - дейді бапкерлер Аманбай ҚЫЗДАРБАЕВ, Валентин ТЕН, Азамат САҒЫНҒАНОВ, Кенжебек КҮЗЕМБАЕВ, шәкірттеріАрман МАЙЛАШЕВ, Аманбек АРУОВ, Саян МЕЙІРЖАН, Наурызбек МАЙЛАШЕВ, Біржан МОЛДАШЕВ және тағы басқалар.
БӘРІНЕ БІРДЕЙ ЖАҒУ ҚИЫН
Азамат СағынғановСағынғановты жұмыстан шығару отқа май құйғандай болды.
- Облыстық спорт басқармасы мен №1 ОРМБЖСМ басшылығы шәкіртім Фархад СЕРІКОВТЫ Майамиде өтетін әлем чемпионатына дайындауыма көмектесудің орнына мені себепсіз жұмысқа келмедің деп жұмыстан шығарып жіберді, - дейді А. Сағынғанов. - Мен, шын мәнінде, Павлодарға жарысқа кетіп бара жатырмын деп таңертең хатшыға жазбаша ескерткенмін, ал ол директорға тек түс кезінде хабарлаған. Жұмысқа себепсіз келмеді деген сөгіс негізінде мені жұмыстан шығарып жібереді. Мұның бәрін Үсеновтің мені жеке ұнатпаушылығынан болған нәрселер деп есептеймін. Ол менің басқа спорт мектептерінде қосымша жұмыс жасайтынымды алға тартып, маған бір жүктелімнен артық сағат бермеді. Бапкерлердің барлығы осылай жасамай ма? Жаттықтырушылардың еңбекақысы небары 50-60 мың теңгені құрайды, сондықтан да бірнеше жерде жұмыс жасауға тура келеді. Ал мен 11 жылдық жұмыс тәжірибеммен бұл спорт мектебінен қосымша жүктелім сұрауға мәжбүрмін, оған мені «сыртқа шығармайтынын» қосыңыз. №1 ОРМБЖСМ-нен төрт жылдан бері бірде- бір жарысқа барған жоқпын. Қазір мені заңсыз жұмыстан шығарғаны үшін сотқа шағымданып жатырмын.
Осы наразылық акциясынан бір күннен кейін бапкерлер «АЖ» редакциясына телефон шалып, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАННЫҢ қабылдауында болғанын және оның Сағынғановты жұмысқа қайта орналастыруға көмектесетінін айтқанын хабарлады.
№1 ОРМБЖСМ директоры Әдиет Үсеновтың айтуынша, ол қазір демалыста екен және жағдайға тек келгеннен кейін ғана нақты түсінік бере алады. Телефон арқылы ол Сағынғановтың өзін жұмыстан босату туралы Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің облыстық департаментіне жүгінгенін айтты. Департамент жүргізген тексерулер нәтижесіне сәйкес, Сағынғанов 9-17 сәуір аралығында республикалық жарыс өткен Павлодар қаласында болған (басқа мектептің атынан – Л.С.). Алайда 9 сәуірдегі №21 бұйрыққа сәйкес №1 ОРМБЖСМ басшылығы бапкердің іссапарға баруына келісім бермеген. Бұл жағдайда Сағынғанов жұмыс берушінің келісімінсіз қызметтік іссапарда болуына байланысты жұмыс берушінің әрекеті заңды деп танылды.
КЕЛДІМ ДЕ, ТАҢ ҚАЛДЫМ
Облыстық туризм, дене тәрбиесі жәнеспорт басқармасының басшысы Қ. Иманғали жаттықтырушылардың қойып отырған кінәсін негізсіз деп есептейді:
-Иә, олар жақында облыс әкімінің орынбасарында болды. Мен Үсенов жұмысқа шыққаннан кейін дау-дамайды реттеймін деп уәде бердім. Мен бапкерлердің арызымен таныстым және олардың кейбір уәждеріне таңданғандай болдым. Ринат Ибрагимов Оралға 3,5 мың доллар жалақы мен Алматы қаласынан пәтер береміз деген соң кетті. Ол маған тікелей келіп, отбасы үшін осылай істеп отырғанын айтып, рұқсат сұрады. Хатип бұдан он жыл бұрын кетіп қалды. Ол алдымен Мәскеуде күресіп, қазір Астанада аға жаттықтырушы болып жұмыс жасайды. Қабделов бір кездері қол қоюшылардың бірі Қыздарбаевтың қарауында жаттығу жасаған. Ол жақында Үсенов өзін заңсыз жұмыстан босатылғанын сотпен дәлелдегенге дейін осы спорт мектебін басқарған. Осыдан кейін Қыздарбаев қалалық спорт бөлімінің жетекшілігіне құжат тапсырып, тестілеуден өте алмай қалған.
Осы кикілжіңнің барлығы да Үсенов пен Қыздарбаевтың арасындағы күрделі қарым-қатынасқа байланысты туындап отыр деп ойлаймын. Менің пікірімше, шын мәнінде жұмыс жасайтын адамның мұндай хат жазатын уақыты болмауы керек. Мен, мысалы, кезінде Атырау облыстық спорт басқармасы бастығы лауазымынан кеткенде бәрін сабырлықпен қабылдап, отбасыммен бәрін жаңадан бастау үшін Астанаға кеттім.
- Сізді дзюдоға көп көңіл бөлмейді деген айыптауларға қалай қарайсыз?
- Мен осы лауазымда тек жарты жылдан бері отырмын, бұл жердегі жағдайды көргенде, жағамды ұстадым. Қазақстан өңірлері ішінде барлық спорт түрінен 15-орында тұрдық. Мен облыстық спорт басқармасынан кеткен жеті жыл бұрын Астанамен бірге 7-8 орындарда тұрдық. Қазір талдау жасап, әр спорт түрі бойынша оңалту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жіберіп алғандарымыздың барлығын қайтаруымыз керек. Бізде жақсы дамыған таэквондода да қалыс қалушылық бар. Бокс пен дзюдоға әлі жете қойған жоқпыз. Енді солармен айналысатын боламыз.
- Бапкерді жұмыстан шығару туралы не айтасыз?
- Үсеновті күту керек, мәселені реттейміз. Алайда қазірдің өзінде Сағынғановтың жарысқа кетіп жатқаны жөнінде басшылыққа ескертпегені белгілі болып отыр. Содан соң, Үсеновтің айтуынша, Сағынғанов пен Қыздарбаев ұжым жиналыстарына, педагогикалық кеңестерге қатыспайды екен. Тағы бір жайт, хатта жазылғандай, Сағынғанов спорт шебері емес. Оның пәтер жалдап тұратынына келетін болсақ, Сәлімжан НАҚПАЕВ қала әкімі болып тұрған кезінде қалалық спорттан жер телімін алған екен.
ӘДЕТТЕГІ ЖАҒДАЙ
- Қалай дегенмен де, бапкерлер жалақысының төмендігі немен байланысты. Кадрлар ағымы болып жатыр, мәселен, самбо мен дзюдо жаттықтырушысы Сәния МАХАМБЕТОВАНЫ еске алайық. Ал спортшылар сапалы спорттық киімдер, дәрумендер ала алмайтындарын айтып жатады.
- Иә, бапкерлердің жалақысы төмен, оны солай бюджет бекіткен. Алайда қазір мәжілісте бапкердің 24 сағаттық жүктемесін мұғалімнің 18 сағаттық жүктемесіне теңестіру қаралып жатыр. Яғни, бапкер көп ақшаға аз жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар санатқа, олимпиада чемпионын тәрбиелесе қосатын үстеме ақылар да бар. Нәтижесінде жоғары санатты жаттықтырушы 100-120 мың теңге жалақы алады. Ал кадрлар ағымына келетін болсақ, бұл - өңірлер арасында спорттық жетістіктер бойынша бәсекелестік жүріп жатқан кезде болатын адамдарды өздеріне тартуға бағытталған әдеттегі жағдай. Мәселен, қазір көптеген ақтөбелік боксшылар Ақтауда жұмыс жасап жатыр, мықты қарағандылық боксшылар Алматыда жаттықтырады. Біз де өз тарапымыздан Алматыдан кезіндегі есуден ел чемпиондары – ерлі-зайыпты СЕРГЕЕВТЕРДІ бапкерлік жұмысқа шақырдық.
Ал енді материалдық қамтамасыз етуге келсек, болашағынан үміт күттіретін спортшылар – ұлттық құраманың мүшелері олимпиадалық дайындық орталығында қамтамасыз етіледі. Бұл жерде еш құпия жоқ. Мен келгеннен бері осы қаражаттарды бөлу ашық, мөлдір болуына мән беріп келемін. Ең бастысы – облысы әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ жемқорлық фактілеріне жол бермеу туралы тапсырмасын орындау керек. Бәрі де бюджет ақшалары ғой.
Номер қатталып жатқанда редакцияға демалыстан шыққан №1ОРМБЖСМ директоры Әдиет ҮСЕНОВ келді:
- Маған белгілі ақпараттар бойынша, хат авторларының төрт-бесеуі ғана біздің спорт мектебінің жаттықтырушылары, ал қалғандары не басқа мектептерде жұмыс жасайтындар, не аға жаттықтырушының шешімімен жарыстарға тұрақты барып жүрген шәкірттер (көп бөлігі). Бұған біздің құжаттамаларымызбен танысып, көз жеткізуге болады. Бапкерлерге келетін болсақ, олар да өздері қосымша дәріс беретін Олимпиадалық дайындық орталығынан жарыстарға барып тұрады. Алайда олар біздің штатта тіркеліп тұрғандықтан, жоспарлап отырған іссапарлары туралы баянат жазу арқылы уақытында ескертуге міндетті, соның негізінде бұйрық шығарылады. Сағынғановтың жағдайына келетін болсақ, ол таңертең кеткен, ал іссапарға кеткені туралы хабарламаны түстен кейін алдым. Келгеннен кейін ол телефонға жауап бермей, алдыма келіп, жағдайды түсіндіруден бас тартты. Осыған байланысты 1 маусымнан бастап, осы күні мерзімі біткен еңбек шарты әрі қарай ұзартылған жоқ.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ