1 маусым мен 30 тамыз аралығында «Каспий» облысаралық көлік бақылау инспекциясы облыс су айдындарында «Скутер» алдын алу операциясын өткізеді.
Бүгінде Атырау мен Маңғыстау облыстарында «Каспий» облысаралық көлік бақылау инспекциясы есебінде 178 теңіз және 4 026 шағын көлемді кемелер, соның ішінде скутерлер мен гидроциклдер де бар. Кеме жүргізушілер көлік жүргізушілер сияқты өздерімен бірге жүргізуші куәлігін алып жүріп, қозғалыс ережелерін сақтаулары керек. 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында инспекция 145 кеме жүргізушісіне жалпы сомасы 1 млн 17 мың теңге көлемінде айыппұл салған.
Үстіміздегі жылдың мамырында Қиғаш өзенінің Новинск арнасында мас күйінде штурвалда тұрған «Мурманск» кемесінің капитаны ұсталды. ҚР ӘҚтК-нің 454-бабы бойынша оған 25,9 мың теңге айыппұл салынды.
«Скутер» операциясы басталғаннан бері 4 рейд жасалып, 12 кеме жүргізу режимінің бұзылуы анықталды, 65,7 мың теңгеге айыппұл салынды.
«Каспий» көлік бақылау инспекциясы ҚР Экологиялық кодексінің 257-бабына сәйкес 1 сәуірден 15 шілдеге дейін балықтың уылдырық шашуына байланысты Жайық пен Қиғаш өзендерінде жүруге тыйым салынатынын ескертеді. Сонымен қатар, ҚР үкіметінің 2011 жылы 14 шілдедегі қаулысымен бекітілген «Кіші көлемді кемелер мен олардың айлақтарын қолдану туралы» ережеге сәйкес, кіші көлемді кемелердің иелеріне 40-тан аспайтын ат күші бар моторға иелік етуге рұқсат етіледі және жағажайлар аумағында 10 км/сағат жылдамдықтан асырмау керек.
Демалушылардың өтінішіне құлақ асып, инспекция облыстық әкімдікке скутерлер мен гидроциклдер жүргізушілері үшін Атырау мұнай құбыры басқармасының базасы мен өзен порты арасындағы учаскеде, яғни қаланың ағыс бойынша жоғары шегінде жылдамдықты 50 км/сағатқа дейін көтеруге рұқсат беруді сұрап, хат жазды. Бұл мәселе қаралу үстінде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ