Сенбі күні Атыраудың педагогтар ұжымы қалалықбілім беру бөлімінің меңгерушісі Римма ҚОБДАНОВАНЫҢ басқа жұмысқа ауысуына байланысты жұмысынан кететіндігі туралы күтпеген жаңалыққа таң қалды. Бір қызығы, ол бұл лауазымда тура 100 күн қызмет атқарыпты. Осы уақыт ішіндегі атқарған жұмыстары туралы ол №3 мектепте өткен жиналыста қалалық мектептер мен балабақшалар директорларының алдында есеп берді.
МЕКТЕП ӘЖЕТХАНАДАН БАСТАЛАДЫ
Сонымен, Қобданованың айтуынша, 3 апатты мектепті күреу туралы мәселе шешімін тапқан. Олардың орнына жаңа құрылыс басталыпты. Жаңа оқу жылында тағы бір «Мирас» ықшамауданындағы №36 мектеп қатарға қосылмақ.
- Бұл мектептің құрылысы биылғы жылдың басында аяқталғанына қарамастан, мен осы лауазымға келген уақытта кадрлар іріктелмеген, профильдік кабинеттер және т.б. дайын болмаған еді, сонымен қатар қосымша құрылыс жұмыстарын жасау қажет болды. Бұған тиісті қаржылар бөлінді.
Сондай-ақ, 5 қала мектебін – Еркінқала мектебін, Ф. Оңғарсынова атындағы, Смағұлов атындағы, Жамбыл атындағы және Ф. Досымова атындағы №12 мектептерді күрделі жөндеуге (11,3 млн теңге) қаржы бөлінді.
1,1 млнтеңге 7 қалалық және қала маңындағы мектептердің әжетханаларын жөндеуге бөлінді. Қалалық білім беру бөлімінің көптеген мекемелеріндегі басты проблемалардың бірі - өртке қарсы дабылдату жүйесінің жоқтығы. Оны орнатуға енді қаржы бөлініпті.
- Менің алдыма басшылықтың қойып отырған басты міндеттерінің бірі бюджеттен бөлінген қаржыларды игеру болатын. Біз бұл міндетті орындадық. Бірінші тоқсанның аяғында қаржы 96,2 пайызға игеріліп, бірінші жартыжылдықтың аяғында – 99,8 пайызды құрады, - деп атап өтті Қобданова.
Қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВТІҢ тапсырмасымен ҰБТ-дан сәтті өту үшін үлкен жұмыстар атқарылды. Біріншіден, қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеттерінің жанынан мұғалімдер мен оқушыларға консультативтік көмек көрсету үшін шығармашылық топтар құрылды. Екіншіден, барлық қала оқушылары «Достық» білім беру орталығымен жасалған меморандум шеңберінде тегін өткізілген сынақты тестілеуге қатысты. Ал ағылшын тілінің мұғалімдері үшін «Достық» орталығында Сүлеймен Демирел атындағы университеттен шақырылған тренердің қатысуымен тегін тренинг ұйымдастырылды.
- Жүргізілген жұмыстың нәтижелі болғандығын қалалық мектептердің – ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның (СТГ) 3 түлегінің ең жоғарғы 125 балл алғандығынан көруге болады. СТГ-да орташа балл - 106 баллды құрады. Бұл дәстүрлі көшбасшы, қазақ-түрік лицейінен бір балға көп, - деді Қобданова.
Оның айтуынша, «Достық» орталығымен бірігіп жұмыс жасау әрі қарай да жалғасын табады. Біз хабарлағандай, орталық қабілетті оқушыларға төлем бойынша: көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар үшін 50 пайыз және тұл жетімдер үшін 100 пайыз жеңілдіктер ұсынады.
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ - ЫСТЫҚ ТАҒАМ
Бірқатар еңбек мәселелері өз шешімін тапты. Мәселен, бұрын үйден оқытылатын мүгедек балаларға компьютерлер мемлекеттік қаржылар есебінен тек оқу жылында ғана ұсынылып, жазғы каникулда оларды мектепке қайтарып алатын. Бұл өз балаларына деген осындай қарым-қатынасқа кейістік білдірген ата-аналардың наразылығын тудырып, олар компьютерлерді алудан бас тартатын. Қанша дегенмен, олардың балаларының дені сау оқушыларға қарағанда көшеде ойнауға мүмкіндіктері жоқ қой.
- Енді мүгедек балалар берілген компьютерлерді жазғы уақытта да қолдана алады. Оларды сатып алуға республикалық бюджеттен қаржылар бөлінеді. Бір компьютердің жарамдылық мерзімі – 3 жыл, ал мемлекет оларды жөндеуге де қаржы бөледі. Сондықтан техниканың бүкіл жаз бойына мектепте қаңтарылып тұрғанынан не пайда?! Одан да науқас балалар жыл бойына пайдалансын. Ал ата-аналар мен мектеп басшылығы арасында тиісті келісімшарттар жасалды. Біз үйде оқытылатын мүгедек балаларды жабдықтармен қамтамасыз етуге бөлінген республикалық трансфертті игеру проблемасын осылайша шештік, - дейді қалалық білім беру бөлімінің бастығы.
Келесі бір маңызды мәселе – ыс-тық тамақ. Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТЫҢ бастамасымен енгізілген бұл шара аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен бастауыш сынып оқушылары үшін жасалған үлкен көмек болды.
- Облыс басшысының тапсырмасын сапалы орындау үшін қаланың 24 мектебінің асханасын санитарлық талапқа сай ретке келтіру керек. Осы мақсатта бюджеттен 2,8 млн теңге бөлінді, қазір жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Алғашқы уақыттарда тағы да бірнеше проблемалар анықталды. Мәселен, асханалар оқу жылының басында жалға алушыларға берілген, ал ыстық тамақ беру жыл ортасында енгізілді де, кейбір жалға алушылар мұны ұйымдастырудан бас тартты. Осыған байланысты кейбір мектептерде ыстық тамақ берумен екінші тұлғалар айналысты. Нәтижесінде бір асханаға екі жеке кәсіпкер қызмет көрсетті. Енді жаңа оқу жылынан бастап балаларды ыстық тамақты ұйымдастыруға маманданған жеке компаниялар тамақтандырады деп жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше, асханаларға солар қызмет көрсетулері керек. Мектеп әкімшілігінің бұған қатысы болмауы керек, олар оқу үдерісімен ғана айналысулары қажет, - деді Қобданова. Залдағы қатысушылар келісетіндіктерін білдіріп, бір гулеп алды.
Аз қамтылған отбасылардан шыққан жоғары сынып оқушыларына ыстық тамақ беру жөніне келсек, қажетсіз деп танылғандықтан (жасөспірімдер тегін ыстық тамақтан бас тартып отыр), бұл ақшалар оқушылардың таңдауы бойынша спортзалдар және т.б. абонементтерін алуға бағытталатын болады.
БАЛАБАҚШАЛАР КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ
Қобданованың айтуынша, қалалық білім бөліміне тұрақты жұмысқа кәсіби заңгерді шақырту арқасында қысқа мерзімде мектептер мен балабақшалардың құжаттамалары бір реттеліп қалды. Бұзылған автокөліктері баланстан шығарылды.
Құжаттардың толықтығы мектеп жанындағы лагерьлердің санын 25-ке дейін арттыруға және оларда демалуды 2 маусымға ұзартуға мүмкіндік берді.
Қалыптасып қалған балабақша-ларды демеушілер мен ата-аналар-дың қаржысына жөндеу дәстүрін жою үшін 18 мектепке дейінгі мекемелерге күрделі жөндеу жасауға бюджеттен ақша бөлінді.
- Біздің деректеріміз бойынша, осыған дейін қолданысқа берілгеннен соң бірде-бір мемлекеттік балабақшаға күрделі жөндеулер жүргізілмеген екен. Жыл сайын ағымдағы жөндеу жасалып отырған. Үстіміздегі жылы қала әкімі балабақшаларды жеке аралап, осының қорытындысы бойынша күрделі жөндеуге қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Әзірге жобалық сметалық құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар биыл балабақшалар аумағына отырғызуға тегін шыбықтар үлестірілді.
Жаңа басшы келгеннен бері білім бөлімінде жұмыс регламенті мен еңбек тәртібін сақтау талаптары қатаңдатылды.
- Облыстық және қалалық әкімдіктерде жұмыс 8.30-да басталады. Қалалық білім бөлімінде неге кеш басталуы керек? Бөлім қызметкерлері де мемлекеттік қызметкер болып саналады ғой. Сәйкесінше олар да сыртқы түрлері мен келушілерге сыпайы болу талаптарын сақтауы керек, - дейді Қобданова.
Бірнеше мектеп директорлары өз сөздерінде оның кетуіне байланысты өкініштерін білдірді: олардың пікірінше, бұл аз уақыт ішінде көп іс тындырған бірінші меңгеруші. Ал жиналысқа жиналған директорлардың өзара әңгімесінен Қобданованы барлығы сыртынан «Темір ханым» деп атайтындықтарын және ол билікке келгеннен кейін жылдар бойы тұтасып қалған «мұз» қозғала бастап еді деген пікірлерді құлағымыз шалды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА