Атырау, 23 қараша 14:42
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау облыстық ММСҚ: «Бірқатар себептерге байланысты 129 млрд теңге берешегіміз бар»

1 586 просмотра

Өткен аптада облыстық мәслихат депутаттары алдында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша облыстық филиалының директоры Ғайнет Нұрымұлы СӘЛІМҒАЛИ атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. «АЖ» тілшісі оған бірнеше сұрақ қойған еді.

– 90-жылдардағы Міндетті медициналық сақтандыру қорының (ММСҚ) қызметі туралы айтып берсеңіз.

- «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ - жеке заңды тұлға, 90-жылдары қолданыста болған Міндетті медициналық сақтандыру қорының құқықтық мұрагері емес. Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу әрбір сақтанушыға табысына, төленген аударымдар мен міндетті медициналық сақтандыру жарналарының мөлшеріне қарамастан, профилактикалық тексерулерді, мамандандырылған медициналық көмекті қоса алғанда, жоғары технологиялық қызметтерді, стоматологиялық көмекті, медициналық оңалтуды және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда медициналық қызметтердің кең спектрін алуға мүмкіндік берді.

Мысалы, амбулаториялық-емханалық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету тізімінде 3 мыңнан астам медициналық қызмет түрі бар. Тәулік бойы бақыланатын стационарлық жағдайларда 6 мыңнан астам ауру кодтары мен операциялар мен манипуляциялардың 2 мыңнан астам кодтары бойынша емдеу жүргізіледі. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесі азаматтарға тегін немесе жеңілдікпен амбулаторлық қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың ауқымды тізімін ұсынады.

Амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 3 есе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек 2 есе қымбат тұратын 80-нен астам технология түрін қамтитын жоғары технологиялық медициналық көмектің кең ауқымы қолжетімді бола түскенін атап өткен жөн. Орташа бір тұрғынға шаққандағы денсаулық сақтау шығындары 2 есеге – 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін өсті. Соның ішінде компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің қолжетімділігі 7 есеге артты (соңғы 5 жылда бір қызметке 201 150 теңгеден 1 331 252 теңгеге дейін). Бұл ретте бес жыл ішінде медицинаны қаржыландыру көлемі 10 есеге (2,2-ден 20,8 млрд теңгеге дейін) көбейді.

3 жыл ішінде УДЗ қызметтерінің қолжетімділігі бірнеше есеге артса, қаржыландыру көлемі 4 есеге (5-тен 23 млрд теңгеге дейін) артты.

– Қазіргі уақытта жедел жәрдем көліктерінде қандай проблема бар?

- «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ тарапынан жедел жәрдем станциясында проблема жоқ, парамедиктер еңбегіне ақы толығымен төленді – осы жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы кезеңде 32,6%-ға, оның ішінде жылдың басында 24% аванс төленсе, бүгінде қаржыландыру келісім-шарт сомасының 56,6% құрайды.

– Атырау облысында стоматологиялық көмек өте қымбат. Бұл мәселенің астарында қандай себеп бар?

- «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ақылы медициналық қызметтердің бағасын реттемейді. Бұл ретте 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін жекелеген санаттағы тұлғаларға стоматологиялық қызмет көрсетуді қаржыландыру көлемі 6 есеге өскенін атап өткім келеді. Қазір Атырауда 20 емхана болса, аудандарда 18 емхана жұмыс істейді. Стоматологиялық қызмет көрсету анағұрлым қолжетімді, стоматологиялық көмек тізімі мен алушылардың саны көбеюде.

Медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық емханалармен қызмет көрсетуге тікелей келісімшарттар жасай бастады. Бұған дейін келісім-шарттар емханалар арқылы жасалатын. ҚР Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі «Халықтың шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек алуға жататын жекелеген санаттарының тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес МӘМС жүйесінде немесе Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тек жекелеген көлем халықтың әлеуметтік осал топтары үшін ғана қолжетімді.

- Кімге?

- Тек балалар мен жүкті әйелдер жоспарлы стоматологиялық көмек ала алады. Балалар тек өткір ауырсыну кезінде ғана шұғыл көмек ала алады; жүкті әйелдер; мүгедектер; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналар; жасы бойынша зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; айналасындағыларға қауіп төндіретін жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар науқастар; мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыссыз азаматтар; I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыссыздар.

Стоматологиялық емхананы өзіңіз таңдай аласыз, таңдау критерийі -медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі болуы керек. Бұл ретте, көмек көрсетушілердің тізімін fms.kz сайтынан білуге болады. Қызметтерге ақы төлеу «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық қызметтерге тарифтерді бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы бұйрығымен бекітілген тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.

– Облыстық мәслихаттағы баяндамаңызда облыстың кереует қоры туралы баяндадыңыз. Пандемия кезінде ашылған кереует орындары не болды? Мүмкін, оларды да қайта ашқан жөн болар?

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2024 жылғы 31 мамырдағы №83 бұйрығына сәйкес облыстағы төсек-орын қоры 4500 кереует, оның ішінде тәулік бойы – 2795, күндізгі (стационарлар) – 1705 кереует. Облыстағы «кереует» қорын облыстық денсаулық сақтау органдары қордың филиалдарымен келісе отырып, халықтың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке қажеттілігінің болжамдарына сәйкес бекітеді. Қажет жағдайда, кереует қорын жылдам ұйымдастыруға болады.

– Денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасы не үшін қажет? БАҚ үшін бе?

- Медициналық сақтандыру қорымен медициналық қызмет көрсетуге шарт жасасуды жоспарлаған медициналық ұйымдар алдымен веб-порталда қалыптастырылған денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында тіркеледі. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасы медициналық қызмет көрсетушілерді верификациялау үшін қажет.

- Бірлесіп орындаушы – кімдер? Олар қандай рөл атқарады? Олар қалай жұмыс істейді?

- Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде қызметтерді көрсету бойынша Бірлескен орындау шартына сәйкес бұл процестің тараптары медициналық ұйымдар болып табылатын жеткізуші және бірлесіп орындаушы. Яғни, бір тарап қызметтерді жеткізеді, ал екінші тарап оларды беру құқығын пайдалана алады.

2024 жылы Атырау облысы бойынша деректер базасына 135 денсаулық сақтау субъектісі енді, оның ішінде 37 мемлекеттік (27%) және 98 жекеменшік (73%). Оның ішінде: 1) жеткізушілер – 111 медициналық ұйым; 2) бірлесіп орындаушылар – 24 медициналық ұйым.

– Емхана консультативтік-диагностикалық процедураларды қызмет ретінде басқа емханаға бірлесіп орындауға беруге және сол үшін тапқан ақшаны алуға құқығы бар ма?

- Бірлесіп орындаушылар мамандандырылған медициналық қызметтерді немесе негізгі медициналық ұйым көрсете алмайтын сараптаманы ұсына алады. Бірлесіп орындаушы көрсеткен қызметтерге ақы төлеуді жеткізушілер туберкулезбен ауыратын науқастарға, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары (аурулары) бар адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсету, медициналық-әлеуметтік көмек көрсету кезінде бірлесіп орындаушының көрсететін қызметтерін қоспағанда, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және (немесе) МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтердің тарифтерінен аспайтын тариф көлемі бойынша жүзеге асырады.

Бірлесіп орындаушының қызметтеріне ақы төлеу үшін төлем құжаттарын қалыптастыру тиісті ақпараттық жүйелерде немесе қағаз арқылы жүзеге асырылады. Бірлесіп орындаушы осы Қағидаларға және бұйрыққа сәйкес жеткізушіге қойылатын талаптарға ұқсас деректерді, нысандар мен есептерді енгізуді (ұсынуды), растауды және қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Бірлесіп орындаушының қызметтеріне ақы төлеу бірлесіп орындау шартында көзделген сома шегінде жүзеге асырылады.

– Өңірдегі медициналық ұйымдардың қарызы жиналып қалды. Бұл қордың шамасы келмей жатқаны ма?

– МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек тізбесі МӘМС жүйесінің кірістерін медициналық көмек көрсету жөніндегі міндеттемелермен теңгерімдеу принципін ескере отырып қалыптастырылатынын түсіну маңызды. 2020 жылғы 20 желтоқсандағы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемін жоспарлау қағидалары» деп аталатын ҚР Заңының 3-параграфының 12-тармағына сәйкес, медициналық қызметтерді сатып алу жоспарын қалыптастыруды қор уәкілетті органмен келісу бойынша ТМККК шеңберінде медициналық көмекке ақы төлеу үшін бюджет қаражаты шығыстарының көлемі және МӘМС жүйесінде медициналық көмекке жұмсалатын шығындардың болжамды көлемі шегінде медициналық көмектің жоспарланған көлемі негізінде жүзеге асырады.

07.08.2024 жылғы ахуал бойынша қордың облыстағы 738 медицина ұйымына 129 млрд теңге кредиторлық берешегі бар, оның 19,7 млрд теңгесі мерзімі өткен кредиторлық берешек. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тұрақты бақылауында. Талдау көрсеткендей, кредиторлық берешектің қалыптасуының негізгі себептері: 1) медицина қызметкерлері жалақысының жыл сайын кезеңмен өсуі; 2) медициналық ұйымдарды тиімсіз басқару. Кейбір медициналық ұйымдар шығынды болғанымен, штаты көп; 3) бос ғимараттарды қоса алғанда, ғимараттарды ұстау үшін жұмсалатын негізсіз көп шығындар, бұл коммуналдық қызметтерге, электр энергиясына және жылумен қамтамасыз етуге төленетін үлкен шығындар; 4) аз қоныстанған ауылдарда байқалатын ауруханалардағы бос төсектер; 5) ауруханаға шұғыл жатқызу санының артуы, сондай-ақ реанимацияда дәрілік заттарды көп тұтыну; 6) төмен тарифтер, олардан тек коммуналдық кәсіпорындар ғана зардап шекпейді – инфляция да ақшаны жеп отыр. Кредиторлық берешекті Қор есебінен жабу мүмкін емес. Медициналық ұйымдарға қаржылық сауықтыру жоспарларын әзірлеу ұсынылды, ал жергілікті атқарушы органдарға қосымша қаржыландыруды, оның ішінде коммуналдық қарыздарды жабу ұсынылды. Атырау облысының 2024 жылғы нақтыланған бюджеті 78 млрд теңгені құрады, оның ішінде медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі 44 млрд теңге, МӘМС 34 млрд теңге. Атырау облысында жан басына шаққандағы қаржыландыру - 114 236 теңге. Бұл есепке облыс тұрғындарының саны бойынша бөлінген ТМККК және МӘМС-ті қаржыландырудың жалпы сомасы кіреді.

– Бүгінде ауруханалар аванстық төлемнен бас тартуда. Неліктен?

– Бүгінгі таңда e-Densaulyq бірыңғай IT платформасы аясында медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесінде медициналық қызметтерге ақы төлеу жұмыстары жүргізілуде. Жүйені осы жылдың 1 қаңтарында іске қосу жоспарланған болатын, алайда, ЕПС және ЭРСБ  АЖ деректерін синхрондау бөлігінде орын алған мәселелерге байланысты төлем құжаттарында көрсетілген қызметтердің 60-70 пайызы көрсетілген. Жабылу кезеңі қазіргі уақытта 2024 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін 100% құрайды. Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қордың бастамасымен 2020 жылғы 20 желтоқсандағы бұйрыққа жеткізушілер үшін аванстық төлемді 30%-дан 70%-ға дейін, қайта құрылған жеткізушілер үшін - 0%-дан 30%-ға дейін арттыру туралы өзгерістер енгізді.

Жыл басында «Атырау облыстық ауруханасы» КМК медициналық ұйымына қаржыландырудың жалпы сомасынан 26,35% мөлшерінде аванс төленді.

Медициналық ұйым басшылығы қаржының жеткілікті болуына байланысты аванстың қалған бөлігінен жазбаша түрде бас тартты.

– Бізде «сақтандырылған» қанша адам бар?

– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың 1 шілдесіндегі ахуал бойынша облыста 708 290 адам тұрады. Олардың 587 226-сы МӘМС жүйесінде сақтандырылған, яғни 121 064-і сақтандырылмаған. Бірақ сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азамат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқылы. Бірақ жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу, салалық мамандарға жазылу, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы керек. Сақтандыру мәртебесін электрондық үкімет порталында, Қордың сайтында, Telegram мессенджерінде @SaqtandyryBot арқылы немесе 1414 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы білуге болады.

- Рақмет сізге. 

Жазып алған М.СҰЛТАНҒАЛИЕВ

29 тамыз, 23:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.