Атырау, 10 қазан 16:12
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Жер дауы

3 685 просмотра

Атырау қаласының тұрғыны Динаш ӘЖЕНОВА (суретте) биліктің жер бөлу кезінде жіберген қателігінің кесірінен зардап шегіп отыр.

ЖЕРІН ЖЫРТЫП БЕРДІ

2011 жылдың мамырында ол Еркінқала селолық округінен шаруа қожалығын жүргізу үшін 4 га жер телімін бес жылға жалға алған болатын. Екі жыл қатарынан сол алқапқа отбасымен бірге көкөніс және бақша дақылдарын өсіріп, егіннің рахатын көрді. Ал үшінші жылы Еркінқала селолық округі әкімдігінің аталған жер телімінің оған тиесілі емес екенін айтады. Бұл хабар Динаштың төбесіне жай түскендей болады.  

- Біздер соның кесірінен биыл егіс жұмыстарын ақыры бастай алмадық. Ал былтыр еккен талдарымыз, өнімдеріміз күтімсіз қалды. Көз алдымызда қурап, құрып жатыр, - дейді әбден салы суға кеткен Д.Әженова. - Техника, тұқым т.б. алу үшін банктен екі рет несие алғанбыз. Енді оны қалай өтейтінімізді білмейміз. Құзырлы органдар маған жер игеруге рұқсат берерде неге нақтылы қарамады? Алқапта төккен тер мен шапқан шабысымыз зая кеткені ме?

Ол бізге қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВТЫҢ бекіткен шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін таңдау және келісім беру №39 актісін көрсетті. Сондай-ақ, оның қолында қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Нәсіпқали СТАМҒАЗИЕВТІҢ қалалық кәсіпкерлік бөліміне және қалалық салық басқармасына жазған хаты да бар. Онда ішінара былай делінген: «Динаш Әженоваға шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген 4 га жер учаскесінің құжаттары шекарасы анықталмағандықтан уақытында жасақталмай қалды. Қазіргі уақытта біздің мекемеде Д. Әженованың мемлекеттік жер актісі дайындалуда. Ол дайын болғанша бастапқыда берілген құжаттарымен қабылдауға және бақша дақылдарын сатуға рұқсат беруіңізді сұраймыз.

Айта кету керек, Д. Әженоваға жер жалға Еркінқала селолық округінің әкімі Бауыржан Тілепбергенов болып тұрған кезінде берілген. Алайда, Еркінқала селолық округінің қазіргі әкімі Ерғали ТАПАНОВ Динаш Әженованың бұл жер телімін пайдалануға құқы жоқ деп есептейді:

- Динаш Әженоваға жерді пайдалануға берілген құжаттар кезінде қате жасалған. Және мұнда менің кінәм жоқ. 

Екі жыл бұрын бұл дауға ұласқан жер телімі «Аманат-арал» ЖШС-іне тиесілі болған. ЖШС-тің сол кездегі басшылары жерді игеруге беруге келісіп, қолын қойған. Алайда, кейін ол жер әлдебір түсініксіз жайттармен «Ер-Мирас» ЖШС-інің иелігіне өтіп кеткен.

 

«АРАЛҒА ҰШЫП БАРАМ БА?»

Жер дауы мәселесін шешіп берер деген үмітпен Д. Әженова облыс әкімінің жеке блогына сауал тастап, облыстық прокуратураға арыз түсірді.

Облыс әкімінің жеке блогынан келген жауап:

- Сіздің  2011-2012 жылдары 2 жыл қатарынан жер иеленуші «Ер-Мирас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылтайшыларының келісімінсіз тыңайтуға қойған жеріне заңсыз егін егіп келгендігіңіз анықталды. Осы себепті Сіздің  атыңызға дайындалған шешімдер жобалары 29.07.2011 ж. № 03-19/02-717 және  22.04. 2013 № 03-19/02-437 хаттармен қалалық жер қатынастары бөліміне тіркеуге алынбай, кері қайтарылған. Дегенмен «Ер-Мирас» ЖШС құрылтайшылары, басшылығы Сіздің  жер жыртып қойғаныңызды ескеріп, әрекетіңіз заңсыз болса да, еш төлем ақысыз жерді 2012 жылдың  аяғына дейін пайдалануға кедергі жасамаған. Осы жылы Сізге аталған жерді босату жөнінде әкімдік және ЖШС тарапынан, қалалық жер қатынастары бөлімі басшылығының  қатысуымен қатаң ескертілген. Сонымен қатар әкімдік тарапынан Сізге округ аумағындағы Сарыөзек учаскесінен немесе аралдан егін егу үшін жер қарау жөнінде ұсыныс берілгенімен бас тартқандығыңыз анықталды.                                                              

Д.Әженова бізге бұл аралды көрсетті. Оған жету үшін әуелі көпір салыну қажет:

– Мен оған ұшып барам ба? Ол жаққа техника,  құрал-саймандарымызды қалай апарамыз? Өнімімізді қалай тасымалдаймыз? –дейді Д.Әженова.

Ал қала прокурорының міндетін уақытша атқарушы Руслан АБИРОВТАН келген жауап мынадай:

- Арызды қарау барысында қалалық жер қатынастары бөлімімен шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін таңдау және келісім беру актісін дайындаған кезінде ҚР жер кодексінің 101-бабының 4-тармағы («Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзуге арналған жер учаскелерi») бұзылғаны анықталды. Осыған орай Атырау қаласы әкімінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілгенін хабарлаймын.

«Алтын алқа» иегері Д.Әженова шенеуніктер тарапынан жіберілген кемшіліктерге бола, отбасымен бірге екі жыл қатарынан талмай еңбек етіп,  жақсы өнім берген егістік жерінен айырылып қалғысы келмейді. Ол бұл жер үшін соңына дейін күреспек.

Айнұр САПАРОВА 

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

4 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.