Атырау, 24 желтоқсан 23:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Қорытындымен келіспейтіндер шағымы

855 просмотра

Құлсарының кейбір тұрғындары тасқын судан бүлінген үйін бағалау қорытындысымен келіспей отыр. 

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге келген залалды бағалау жұмыстары аяқталды. Алайда, оның қорытындысымен келіспейтіндер әлі де бар. 

"Атырау облысы соттарына Жылыой ауданы Құлсары қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан азаматтық іс бойынша 27 талап-арыз түскен. Ал әкімшілік іс бойынша тасқыннан зардап шеккен 52 адамнан талап-арыз түсті. Олардың 48-і – Құлсары қаласы тұрғындарынан, ал төртеуі – Қызылқоға ауданы тұрғындары", - деп жауап берді «АЖ» жолдаған ресми сауалға облыстық соттан.

Екі аптадан астам уақыт дайындалған жауапта арыз иелері сотқа қандай талаппен жүгінгені туралы біле алдық. Ақпаратқа қарағанда, азаматтық істер бойынша түскен арыздардың көпшілігі Жылыой ауданы әкімі аппараты мен тұрғындардың арасында жасалған келісімшартты бұзу туралы. Мұндай талап-арызбен сотқа 17 адам жүгінген. Қалғаны – әкімдіктің әрекетін заңсыз деп тану, «зардап шеккендерге келтірілген зиянды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияның әрекетін заңсыз деп тану, қайта бағалауды міндеттеу, үйді апатты деп тану, материалдық шығынды өндіру туралы.

Ал әкімшілік іс бойынша да талаптардың көпшілігі келісімшарттың күшін жою және мүлікті қайта бағалау туралы болды. Мұндай талап-арыз он адамнан келіп түскен. Төрт адам келтірілген зиянды өтеу туралы, ал алты адам үйді бағалауға жолдау туралы талап-арыз берген. 

- Азаматтық талаптар бойынша бағалау компаниясының қорытындысымен келіспей бір талап-арыз сотқа берілген. Ол бойынша ҚР Азаматтық процестік кодексінің 152-бабының 1-бөлігінің 2-тармақшасына сәйкес іс осы соттың соттылығына жатпауына байланысты талап қоюшыға кері қайтарылған. Әкімшілік істер бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бағалау компаниясының қорытындысымен келіспеген 7 талап-арыз түскен. Олардың төртеуі қайтарылған. Ал үш іс сотта қаралып жатыр.

Атырау облысы соттарына су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың әкімдіктің келісімшартқа отырып барып бағалау компаниясын сотқа бергені бойынша үш азаматтық талап-арыз түсті. Бұлар бойынша талап-арыздар өндіріске алынып, сот талқылауына дайындық жүріп жатыр, - дейді облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.САЛИХОВА өз жауабында.

Оның сөзінше, әкімшілік істер бойынша су тасқынынан зардап шеккен төрт тұрғын әкімдікпен келісімшартқа отырып барып бағалау компаниясын сотқа берген. Алайда, төрт талап-арыз бойынша іс ҚР әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 138-бабының 2-бөлігінің 11-тармақшасына сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты қайтарылған. Ал азаматтық және әкімшілік істер бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бағалау компаниясының қорытындысымен келіспей және әкімдікпен келісімшартқа отырудан бас тартып, бағалау компаниясын сотқа беру туралы талап-арыз түспеген.

Биыл Жылыой ауданында Жем өзені тасып, Құлсары қаласындағы үш мыңға жуық үйді су алған. Мыңдаған адам эвакуацияланып, тасқыннан төрт адам опат болды.

Құлсары тұрғындары 15 мамырда үкіметтен тасқын су салдарынан құлаған үйінің әр шаршы метрін 400 мың теңгеден есептеуді сұрап, әкімдік алдына жиналған. Билік өкілдері мүлікті техникалық сараптау қорытындысы жөніндегі құжатқа сүйеніп, тасқыннан зардап шеккен үйдің әр шаршы метрі нарықтағы бағамен 200-240 мың теңгеден есептеледі деді. 15 мамырда басталған тасқыннан үй өтемақысы бойынша наразылық бір аптаға созылып, 22 мамырда аяқталды. 

Айнұр САПАРОВА

4 қыркүйек, 09:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.