Атырау, 26 қараша 00:51
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Аудан жаңалықтары

2 830 просмотра

Сағызша созылған жөндеу

Құлсары қаласының тұрғындары жол көмкермелерін (бордюр) жөндеу кезіндегі шалағайлықтан зиян шегіп отыр. 

Мердігер «Атырауинждорстрой» ЖШС көмкерме төсеу жұмыстары маусымның 15-нде бітеді деген болатын. Бірақ, уәдесінде тұрмады. Құлсарылықтардың айтуынша, жол жөндеу жұмыстарының жүргізіліп келе жатқанына осымен үшінші жыл болған және олардың жұмысы сапасыз болып шығуда. Биыл өткен жылы төселген жол көмкермелері қайтадан ауыстырылып жатыр. Оның себебін «Атырауинждорстрой» ЖШС бізге зауыттағы жол көмкермелерінің сапасыз жасалғандығымен түсіндірген еді. Алайда қала тұрғындары басқа пікірде.

- Зауыттағы көмкермелер сапасыз болса неге алады және жыл сайын ауыстыру қандай қажеттіліктен туып отыр? -дейді Құлсары қаласының тұрғыны Екпін САДЫҚОВ.  - Үнемі жолдарды жауып тастайды. Бұл жайт жыл сайын қайталанып отыр.

Махамбет даңғылындағы жұмыстар бір апта бұрын тоқта-тылған болатын. Оның басынан мердігер өкілдерінің бірде-біреуін кездестірмедік. Жол жиектерінде көмкерме плиталары мен кеспе тастар шашылып жатты. 

- Жұмысшылардың бәрі уақытша Атырауға кетті, көп кешікпей келеді, -деп хабарлады Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН. 

***

 

Стадион жетімсіреп тұр

Құлсары қаласындағы осыдан 5 жыл бұрын салынған 1000 орындық жазғы стадион қараусыз қалған (суретте).  

Бұл стадион ТШО-ның демеушілік көмегімен салынған болатын.

- Орталықтағы жалғыз стадионның әлі күнге иесі кім екенін білмейміз. Бұл бізді алаңдатып отыр. Мұнда жасөспірімдер келіп жаттығады. Олар футбол жарыстарын жиі ұйымдастырады. Ал стадион күтімсіз қалған, оның айналасын абаттандыруды ешкім ойламайды, -дейді құлсарылықтар.

Кейін білгеніміздей, стадион аудандық білім бөлімінің құзырына баяғыда берілген болып шықты.

- Қазір қаладан жаңа ДСК салу мәселесі қаралып жатыр. Белгілі спортшы С. СӘПИЕВ қаржылай демеу көрсетемін деп уәде етті.  Ал жазғы стадионның қоршауларын қайтадан тұрғызып, ішіне жөндеу жүргізу үшін қаржы керек. Оның әзірге қайдан алынып, қашан шешілетінін тап басып айта алмай отырмын. Бірақ жөндеу жұмысын жүргізу жөнінде мәселені әр жиналыста көтеріп жүрмін, -дейдіЖылыой аудандық білім бөлімінің бастығы Қарлығаш СЕЙДАХМЕТОВА.

***

 

Қасқыр жаудай тиюде

Исатай ауданындағы Исатай селосының тұрғындарына түз тағысымен күресті арнайы көліксіз жүргізу қиын болып тұр. Нарынның қалың құмында кез келген техника жүре алмайды, ал жаяу жүріп қасқыр аулау мүмкін емес. Оның үстіне ауылда әуесқой аңшы тағы жоқ.

Село тұрғыны Меңдібек ДӘУЛЕТОВ:

- Көршілес село жігіттерімен қасқыр аулауды ұйымдастырғанбыз. Ол нәтижесіз аяқталды, өйткені қалың құмда қасқыр қуу оңай емес. Оның үстіне бөлтіріктердің басына тігілген ақы да село адамдарын қанағаттандырып отырған жоқ.

- Жасыратыны жоқ, бір жылдың ішінде 100-ге тарта қой-ешкі, 40 шақты құлын мен бота қасқырға жем болады, -дейді Исатай селолық округінің әкімі Жарылғас ҒҰБАШҰЛЫ.

***

 

Бас жоспарсыз болмайды

Миялы селосының бас жоспары 80-жылдары жасалған болатын. Бүгінде ол ескіріп қалғандықтан, селодан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй салу қиындық келтіруде.

Жуырда аудандық әкімдікте «Казгипроград» жобалау институты» ЖШС мамандарының дайындап әкелген екі нұсқадағы бас жоспар талқыланды. Келесі жылы Сағыз селосының бас жоспарын жасау көзделіп отыр.

***

 

Азаншыны сабап кетті

Құлсары қаласының орталық мешітінде азаншы Кумбай ХАЕТУЛЛАНЫ намаз уақытында белгісіз біреулер соққыға жықты.

- Оқиға маусымның 20-сы күні түн жарымға таман орын алған. Азаншыны ұрып соққан тұлғалар іздестірілуде. Бүгінде аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК-ның 257-бабы 2-бөлігі «б» тармағы бойынша («Бұзақылық») қылмыстық іс көтерілді, -дейді Жылыой ауданы прокурорының аға көмекшісі Марат ЕРМЕКОВ.

***

 

Карта ойнаған азар

Жылыой аудандық сотында картақұмардың ісі қаралуда. 

Теңіз кенішінде жұмыс жасайтын Жылыой ауданының тұрғыны Самал Ербол есімді жүргізушіден өзінің бір танысына 2 млн теңге және 1 200 АҚШ долларын беріп жіберген. Алайда, жүргізуші бұл ақшаны тиісті жерге апармай, бәрін карта ойынына жұмсап, ұтылып қалған.

Жылыой ауданы прокурорының аға көмекшісі Марат ЕРМЕКОВТЫҢ айтуынша, карта ойындарына құмар жігіттің үстінен ҚР ҚК-нің 182-бабы 2-бөлімі бойынша («Алдау немесе сенiмге қиянат жасау жолымен мүлiктiк залал келтiру») қылмыстық іс көтеріліп, сотта қаралуда.

Жүргізуші 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

4 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.