15 тамыз күні Атырау қаласындағы «У Петровны» балабақшасында бір жасар сәби денесін күйік шалып, облыстық балалар ауруханасына түскен. Бұл туралы «Ақ Жайық» редакциясына сәбидің анасы Жанна НҰРҒАЗИЕВА хабарлады. Ол бұл туралы полицияға арызданған. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Облыстық балалар ауруханасында балаға «I-II-ІII дәрежелі термиялық күйік шалды» деген диагноз қойған. Баланың құйрығы мен саны, жыныс мүшесі жеті пайыз күйіп қалған. Бала ауруханадан 19 тамыз күні шықты. Облыстық балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы Орындық СИПЛОВАНЫҢ айтуынша, бала қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылған.
Жанна Нұрғазиеваның баласы «У Петровны» балабақшасына биылғы сәуір айынан бастап барған. Сол күні баласын әдеттегідей таңертең балабақшаға апарып тастаған соң өз жұмысына кеткен. Жұмысында болған кезде Жаннаға балабақша меңгерушісі әрі директоры Марина ЛИДЕН баланың баласының құйрығы қызарып тұр деген хабарлама келген. Дәрет еткен соң қызарып кететін әдеті деп ойлаған ана басында аса уайымдамаған. Кейін М.Ли баланың әлсіреп, мазасызданып тұрғанын, сосын ұйықтап кеткенін жазады. Бұл белгілерді Жанна баласының тісі шығып жатқанымен байланыстырады.
- Бір қызығы, маған баланың жағдайын жазады да, мұның бәрі неден болып жатқанын, қатты күйік алғанын айтпайды.
Баланың анасына түстен кейін сәбиді «ештеңе жемейді», «мазасыз», «ойнамайды», деп тағы бірнеше хабарлама жазады. Жанна баланы үйге алып кетуді ұйғарады.
«Барсам, балам мені көріп дірілдеп, жабысты. Шошып қалған, жалтақтап тұр, көздері бақырайып кеткен».
Анасы жарақатын жаялығын ауыстырып жатқанда көрген. Шошып кеткен әйел құрбысына келуін өтініп, ол да жас ананың қауіптенгенін растап, олар жедел жәрдем шақырған. Диспетчер «бепантен» жақ деген. Екінші шақыртуда фельдшерлер облыстық балалар ауруханасына алып кетіп, тексергеннен кейін ауруханаға жатқызған.
«Облыстық балалар ауруханасында болған кезде полицияға арыз жаздым, - деп баян етті мән-жайды Жанна Нұрғазиева.
Баланың анасы бір күн бұрын, осы балабақшада жүргенде баласының сол қолының бір саусағы мен оның үстіңгі жағы ісіп кеткенін еске түсірді. Травматология пунктінде рентгенге түсіріп, «зақым алған» деп жазған.
Ал, Жаннаның баланың құйрығын ыстық сумен жуындырған кезде күйіп қалған болуы мүмкін деген күдікке М.Ли олай болуы мүмкін емес деп жауап берген. Меңгеруші «баланың құйрығын жуған кезде су температурасы қалыпты болғанын айтты» дейді.
«Маған балабақшада не болғанын неге айтпайды? Тек «баланың құйрығы қызыл» деп қана жазады. Ыссы су денесіне тигенде жаны шырқырап бақырады ғой ол. Балаға аяушылық танытпағанына жаным ауырып отыр...» - дейді Жанна.
Балалар ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, сәби бір жыл бойына педиатр мен хирург бақылауында болу керек екен. Баланың денесінде тыртық қалса, физиологиялық ем алу қажет. Стресстен кейін баланың анасының ұйқысы қашып, шашы түсе бастаған.
«Балам да, мен де стресске түстік. Оған және моралдық, психологиялық тұрғыда зақым келтірді ғой. Ішкі дүниесі қалай болады деп уайымдаймын. Балам қазір сұйық дәретке барудан қорқады. Ашытады ғой. Бұрын суға жақын бала жуынуға қорқады. Неге жағдай орын алғанда бірден жедел жәрдем шақырмайды, маған болған жайтты бірден хабарламайды? Балабақшаны қалай ашып отыр? Мұндай адамдарға баланы сеніп қалдыру қауіпті», - деп ашынады Жанна.
Ол баласын алып кетуге барғанда денесінде қызу барын байқаған. Мұны да тісі шығып жатқасын болар деп ойлаған. Оның сөзінше, балабақшада медбике де жоқ.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз хатшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТ «АЖ» сауалына баланың балалар ауруханасына түскен кездегі жағдайы туралы балалар ауруханасынан анықтама алғанын айта келе, бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы бойынша («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау») тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Жанна бұл бапты 141-бапқа («Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау») ауыстыру керектігіне сенімді.
«Полиция сот-медициналық сараптама енді тағайындалады деді. Бұл жерде баланың тәні ғана емес, жаны қиналды. Соның бәрін ескеру керек. Мен баламның өмірі мен денсаулығына қауіп төнді, оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеді деп санаймын», - дейді Жанна.
Біз «У Петровны» балабақшасының директоры Марина ЛИГЕ комментарий алу үшін хабарластық.
Оның айтуынша, бала балабақшада күйік алуы мүмкін емес, өйткені судың температурасы балалардың қажеттіліктеріне қарай реттелген - олар серуендеп, тамақ ішіп, дәретханаға барғаннан кейін қолдарын өздері жуады. М.Ли бала балабақшаға ауырып келгенін айтады - оның дәреті сұйық болған, мазасызданып, құйрық жағы қызарып тұрған. Ол баланың құйрығын әр жуған сайын оны балалар кремін өзі жаққанын айтады.
«Мен өзім төрт баланың анасы болғандықтан, балаларымда да іші өтетін кездер болатын. Көбіне мұндай дәреттің өзгеше иісі бар, теріні тітіркендіріп, қызартады. Ал бала күні бойы памперспен жүретіндіктен, қызара бөртіп, жағдайды ушықтырады», - дейді М.Ли.
Сол күні көп қызметкер еңбек демалысында болғандықтан, М.Ли өзі тәрбиеші боп жұмыс істеген. Оның болжамынша, баланың құйрығы басқа брендтің жөргегінен қызарып кеткен болуы мүмкін. Жанна әкелген екі памперсті де қолданғандықтан, оған басқа балалардың памперсін ала тұруға тура келген.
«Мен анасына бала ұйықтап тұрғанда, оның ұйықтап жатқан кезде іші өтіп кеткенін түсіндірдім. Мүмкін ол нәжісте ұзақ ұйықтап, терісін одан әрі жаман қылып тастаған шығар».
М.Ли анасы келгенде баланың жылағаннан беті ісік болмағанын айтады. Ол жымиып, анасына әдеттегіше барған. Әңгіме барысында Жаннаға оның балабақшада өзін қалай ұстағанын түгел айтқан.
«Осы уақыт бойы бала анасының тізесінде, құйрығымен отырды, бұл да күйікті балабақшада алғанына күмән келтіреді. Ол келмес бұрын мен баланың билеп, күліп жүргені көрінетін видео жібердім. Баланың ауырып тұрғаны немесе қолайсыздықты тудыратын белгілер болмады».
Сондай-ақ тәрбиеші баланың суды аса ұнатпайтынын және қолын немесе құйрығын жуғанда үнемі жылайтынын атап өтті. Айтпақшы, ол бақшаның жақсы беделге ие екенін, жарнаманы қажет етпейтінін және адамдар оларға ұсыныс арқылы жиі келетінін атап өтті.
«Бізде бала саны аз, тек екі топ бар, бір топта 12-14 баладан аспайды. Ұмытпасам, Жанна ұлымен бізге бұрын да келіп, бақшада бос орын болғанша біраз күткен еді».
М.Ли балабақша ашу туралы шешім өзі декреттік демалыста отырған кезде келгенін айтты. Үйде достарының балаларына да қараған. Содан соң үй жағдайында, аз баламен шағын балабақша ашу туралы шешім қабылдаған.
«Қызметкерлердің бар-жоғына қарамастан, үнемі осындамын. Менің екі балам да осында. Балабақша ашылғалы бірде-бір шағым немесе теріс пікір болған емес».
Ал Жанна баланы психолог пен урологқа көрсетіп, балабақша директорын сотқа бермек. Баланың анасы оның уәждерімен үзілді-кесілді келіспейді. Жанна баланың ауырмағанын, іші өтпеген деп сендіреді.
«Мен өзім медикпін, балам үнемі педиатрдың бақылауында. Ол ауырған жоқ, ауруханаға түскен күні күйікке байланысты қызуы болды, дәрігерлер солай айтты».
Балабақшадағы бүлдіршінге қатысты оқиғаға Атырау облысы бойынша Балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Айжан СӘРСЕМБАЕВА да пікір білдірді:
«Бұл балабақша Атырауда жеке серіктестік аясында салынған мекемелердің бірі. Осы жағдайға байланысты балабақша әкімшілігінен түсініктеме алынды. Қалалық білім басқармасы оқу тобын құрып, қызметтік тексеру жүргізу тағайындалды. Қазіргі жағдай құқық қорғау органдары мен Балалардың құқығын қорғау комитетінің бақылауында».
Айнұр САПАРОВА