Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі жоғарылады. «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, өзен деңгейі 1 тамыздан бастап жоғарылаған. Қазіргі су деңгейі – 294 сантиметр, деп хабарлайды KAZINFORM.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының басшысы Рауан Хұсайыновтың түсіндіруінше, Жайықтағы су деңгейінің жаз кезінде көтерілуі Ресейдің Башқұртстан Республикасы мен Челябі облысында жаңбырдың жиі жаууымен байланысты болып отыр.
«Осыған орай Иреклі су қоймасы мен Жайық өзеніне түсетін су молаюда. Төменгі Еділ бассейндік су басқармасы Орынбор облысы бойынша су ресурстары бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, Иреклі су қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі 8 тамыз күні сағат 18.40-тан бастап секундына 345 текше метрге дейін ұлғайтылды. Мұның тағы бір себебі, Иреклі су қоймасы көктемнен бері 100 пайызға толып тұр. Сондықтан олар келген суды Жайыққа босатуда. Соның нәтижесінде Жайықтағы су былтырғыдан әлдеқайда көп», - дейді Рауан Ерланұлы.
Оның айтуынша, өткен жылы 10 тамыздағы мәлімет бойынша Ресейден кіреберістегі Январцев гидробекетінде Жайықтағы су деңгейі 133 см, су шығыны 105 текше метр болған еді. Биыл сол мерзімде сәйкесінше 344 см, 548 текше метрге жетіп отыр. Орал-Көшім тұсында да солай (111 см, 120 текше метрден 299 см, 484 текше метрге дейін) көтерілген.
«Жайық өзенімен келетін судың молаюы мамандармен қатар тұрғындарды да қуантып отыр», - деді Р.Хұсайынов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейіне байланысты жоғарыдан келер қауіп бар ма, сол туралы жазған болатынбыз.