Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар экологиялық жоспарларды өндірістік қызметтерін әрі қарай жалғастыруға рұқсат құжаттарын алу үшін ғана жасақтайды. Бұл- жақын арада облыстық әкімдікте өткен кеңеске қатысушылардың ортақ пікірлері болып отыр.
Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ербол ҚУАНОВ баяндағандай, 2010 жылға 33 млрд. теңгеден астам сомада немесе барлық жоспарланған жобаның 80 пайызын қамтитын 344 табиғат қорғау шаралары жоспарланған.
Е.Қуановтың айтуынша, көп жағдайда экологиялық шараларға бөлінген қаржылар мүлдем игерілмейді. Атап айтқанда, «Ембімұнайгаз» ӨФ әлі күнге дейін екі жыл бұрын жүзеге асырылуы қажет геокосмостық мониторингті өткізбеген. Су басқан және су астында қалған мұнай ұңғыларының мониторингісі бойынша өткен жылғы жоба жүзеге асырылмай қалған. Компания тіпті тендер де өткізбеген. Мазутталған топырақ құнарлығын қалпына келтіру жобасы жасақталмаған. 2008-жылдан бастап жобаны 2009-шы жылға ауыстырған, ал содан кейін оны мүлдем алып тастаған.
ТШО-ны өткен жылы күкірт пен қалдықтарды пайдаға асыру жөніндегі жобалардың бар болғаны 70 пайызын жүзеге асырған деп жазғырды. Ол аз болғандай, соңғы жылдары табиғат қорғау шараларын қаржыландыру бұл жерде екі есеге қысқарған.
Солтүстік-Каспий жобасының операторлары «NCOC» пен «Аджип ККО» 2010 жылға жоспарланған экологиялық жобалардың бірде-біреуін орындамаған. Алайда оны жүзеге асыруға бөлінген жалпы сома 700 млн. теңге болатын. Компаниялар, неліктен екені белгісіз, табиғат қорғау шараларын қашағандық мұнайды өндіре бастайтын уақытқа қалдырып келеді.
Бірқатар отандық кәсіпорындар да табиғат қорғауға атүсті қарап отыр. Олар: «Гюрал» ЖШС, «Арна Ойл» ЖШС, «Матин» БК, «АЖЭО» АҚ, «Ембімұнай» және «Қожан» ЖШС.
Облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВайыпты компанияларды мемлекеттік органдар мен жергілікті экологиялық ҮЕҰ-дан идеялар мен ұсыныстар алуға шақырды. Сөз соңында Е.Қуанов жоспарланған табиғат қорғау шаралары орындалмаған жағдайда айыпты кәсіпорындардың қызметін тоқтату жөнінде ұсыныс айтты. Осы туралы және басқа да ұсыныстар салалық министрлікке жолданатын болады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА