Атырау, 24 желтоқсан 23:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

​«Жүгіріп, ұстап ал»: ғалымдар зерттеу жұмыстары үшін Каспий теңізінен итбалықты қалай ұстайды

611 просмотра

Атырау және Маңғыстау облыстарындағы Каспий теңізінің жағалауынан итбалықтарды ұстап алу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Мұның қалай жасалатынын «Ақ Жайық» газетінің редакциясына Алматыдағы Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел БАЙМҰҚАНОВА айтып берді.

Естеріңізге сала кетсек, Үкімет Каспий теңізіндегі Дурнева, Тюленьи және Ремонтные шалыги (Ақтоты) аралдарында 156 Каспий итбалығына ен салу туралы қаулыға қол қойған болатын. Зерттеу жүргізілгеннен кейін итбалықтар табиғи ортасына жіберіледі.

– Бұл неліктен жоспарланған?

- Ғылыми зерттеулер үшін. Институтқа итбалықтарды ұстап, оларға чип салу міндеті қойылды, - дейді А.Баймұқанова. - Біздің мамандар олардың денсаулығын бағалау және ықтимал аурулардың бар-жоғын анықтау үшін қан талдамасын алуы керек және морфометриялық өлшемдер де жүргізіледі.

Бұл процедуралардың барлығы қауіпсіз болып саналады және итбалықтарды тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Әрине, 156 итбалықтың бәрін ұстауымыз неғайбыл, өйткені бұған рұқсат өте кеш келгендіктен, күзде мұндай мөлшерде ұстау мүмкін емес. Оның үстіне, тіпті бір жануарды ұстаудың өзіне көп уақыт кетеді және оның сәтті болатынына да кепілдік жоқ. Бұл әдіс «run and grab» (жүгіру және ұстау) деп аталады.

- Осы ұстау әдісі туралы толығырақ айтсаңыз.

- Итбалықтарға өте баяу жақындау керек, бұл бірнеше сағатқа созылады. Мұны олар сізді байқамайтындай жасау керек. Зерттеушілер тобы үшін бұл алғашқы тәжірибе емес, біз бұл әдісті бұрын сәтті қолданып келдік.

...Әдетте бір топта бірнеше аулаушы болады және әрқайсысы «өз» итбалығын таңдайды. Қажетті қашықтыққа жақындаған соң осы операция командирінің сигналын күтеміз. Ол белгі берген бойда біз дереу бір уақытта орнымыздан тұрып, спринттік қашықтықты жылдамдықпен еңсеріп, жануар тістеп алмас үшін және оны зақымдамайтындай етіп итбалықтың басы мен денесіне тұзақ лақтыруымыз керек. Содан кейін оны жерге басып, санаулы минут ішінде анализ алып, өлшеп, салмағын қарап, чип орнатып, еркіндікке жіберуіміз қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Каспий теңізінде итбалықтың қырылуы жүйелі болып тұрады. Бірақ олардың өлу себебі түсініксіз. Ғалымдар итбалықтың қырылуына табиғи газ шығарындылары, вирустардың таралуы, теңіздің ластануы мен адам әрекеті салдарынан иммунитеттің төмендеуі кінәлі деп отыр.

Әдетте итбалық өлексесі ыдыраған кезде оның өлу себебін зерттеуге кедергі келтіреді.

- Сондықтан итбалықты зерттеу үшін тірі жануардың қан сынамаларын алып, басқа да зерттеулер жүргізудің маңызы өте зор, - дейді А.Баймұқанова, - Өкінішке орай, чиптеу спутниктік таңбалау емес. Спутниктік таңбалау итбалықтардың көші-қонын, қоректену тәртібін және таралуын зерттеуге арналған және қосымша қаржыландыруды қажет етеді.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суретті Алматы қ. Гидробиология және экология институты ұсынды

6 тамыз, 12:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.