Соңғы айда Атырауды жағымсыз иіс жайлаған. Квадрат алаңынан шыққан «хош иіс» және NCOC лагунасының қала ауасына әсері туралы; «АМӨЗ» ЖШС автоматтандырылған бақылау станцияларының қондырғыларында лас иістің көздері не себепті анықталмады және шығарындылар туралы қандай деректер тіркелді, бұл туралы «Ақ Жайық» газеті редакциясының тілшісі баяндайды.
Біз Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына, сондай-ақ Атырау облысы бойынша экология департаментіне сауалдар жолдап, төмендегідей жауап алдық.
Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының м.а. Зарина ТӨРЕБАЕВАНЫҢ айтуынша, Атырау қаласында 84 кәріздік сорғы станциясы (КСС) бар. Кәріздік сорғы станцияларының негізгі бөлігі 1945-1990 жылдар аралығында салынғандықтан тозығы жеткен және апатты күйде тұр. Пайдалану кезінде күрделі жөндеу жұмыстары ешқашан жүргізілмеген.
«Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, 2021 жылдың қараша айында Атырау қаласының сол жағалау бөлігінде қуаты тәулігіне 70 000 текше метр кәріздік тазарту қондырғысы (КТҚ) пайдалануға берілді.
2022 жылдың қыркүйегінен бастап қоршаған ортаға кері әсерін азайту мақсатында "Квадрат" булану тоғанының түбіндегі лай шөгінділерді жою жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда бөгет құрылысы бойынша жұмыстар толығымен аяқталды, жоспардағы 1 723,3 мың текше метрдің (54,2%) 934 мың текше метрінен шөгінділер шығарылып, тазартылды. Жұмыстарды аяқтау 2025 жылға жоспарланған.
45 КСС (қаладағы 84 КСС-ның ішінде - авт.) бірінші кезектегі жаңғыртуды қажет ететіндіктен, бүгінде жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 9 КСС сараптаманың оң қорытындысын алып, қайта жарақтау жұмыстары басталды (Балықшы, Уәлиханов, Лесхоз, Нұрсая, Тұрмыстық сауда үйі, Жилгородок, Азаттық, Привокзальный, Авангард–4). Жобаларды жүзеге асыру ағынды суларды сапалы бұру бойынша қызметтермен қамтамасыз етеді. Бүгінде осы КСС-да бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлығы бекітілген кестеге сәйкес атқарылып отыр.
Бүгінде Атырау қаласы бойынша ұзындығы 33,4 шақырымды құрайтын 31 учаскедегі ағынды коллекторларды күрделі жөндеуге мемлекеттік сатып алу жүргізілді. 1-2 кезең бойынша (12 учаске 12,9 км, 9 учаске 12,4 км) «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС, 3 кезең бойынша (10 учаске 8,065 км) «Агидель Ас» ЖШС жеңімпаздар деп анықталды. Жөндеу жұмыстары осы жылдың маусым айында басталды».
Ал Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының м.а. Ерлан ЕСЕНОВ «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 10 шілдеде №103 «Шағала», №109 «Восток», №111 «Жилгородок», № 112 «Әкімдік» және № 113 «Авангард» ауа сапасын бақылау бекеттерінде және 11 шілдеде № 103 «Шағала», № 108 «ТКА», № 110 «Привокзальный», № 111 «Жилгородок», № 112 «Әкімдік» және № 113 «Авангард» ауа сапасын бақылау бекеттерінде атмосфералық ауада шекті рұқсат етілген концентрацияның асып кетуі тіркелгенін қайталап айтты.
Жағымсыз иістің қайдан шыққанын анықтау үшін Атырау қаласының атмосфералық ауасын бақылау жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген талдаулар нәтижесінде рұқсат етілген шекті концентрациялардың (ШРК) асып кетуі анықталды және желдің бағытын ескере отырып, күкіртті сутегімен ластану көзі Атырау қаласының оң жағында орналасқан және «Атырау облысы су арнасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына қарасты «Квадрат» булану алаңы екені анықталды.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде департамент кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Атырау облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тиісті құжаттарды жолдады. Департамент өз тарапынан жоғарыда аталған ауа сапасын бақылау станцияларының көрсеткіштеріне тұрақты түрде талдау жүргізеді және шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету фактісі анықталған жағдайда заңнамада көзделген шараларды қабылдайды», - деп жазады Есенов өз жауабында. Ол одан әрі NCOC лагунасының Атырау қаласынан шамамен 35-40 шақырым жерде орналасқанын атап өтті. Оның айтуынша, қаланың ашық жерде орналасқанын және жел соққан кезде ыдырайтынын ескеру қажет.
«Сонымен бірге, Атырау қаласына жақын жерде жел бағыты бойынша бір желіде «Сасықсай» булану алаңы, ҚКСС және жаңа КТС орналасқанын атап өтеміз.
«AМӨЗ» ЖШС мәліметі бойынша, қазіргі уақытта шығарынды көздеріндегі автоматтандырылған бақылау жүйелерінің ағымдағы жағдайы, іске қосу кезеңінде анализаторлардың жұмысының дұрыстығын тексеру жұмыстары жүргізіліп, жүйелік қателіктер жойылады», - деп жауап берді Есенов.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА