Атырау қаласының тұрғындары жағымсыз иістің себепкері ретінде «Квадратты» көрсеткен Атырау облысының экология департаментіне сенімсіздік білдірді.
Еске салсақ, өткен аптаның соңында Атырау облысының экология департаменті сасық иістің көзі ретінде «Квадрат» булану алаңын атаған болатын. Мемлекеттік экологтардың пікірінше, мұны қалаға иіс әкелетін батыстан соққан жел дәлелдеген.
Аллергиясы бар, басы ауырып, денсаулығы жалпы сыр берген қала тұрғындары бұған сенбеді. Өйткені сасық иіс түнде ғана шығады – тапсырыс беріп қойғандай, жел батыстан тек қараңғыда соғуы мүмкін бе? Тіпті департамент экологтары қорытынды жасамай тұрып-ақ, иіс «Квадраттан» шығып жатқанын айтқан мұнай өнеркәсібі мен билікке қатысы бар бірнеше азамат та күдікке ілінді.
Экологияның нашарлауына ресми себеп бар болғанымен, тұрғындардың басқа да пікірлер бар. Кейбіреулер иістің шығуына кәріз жүйесін үрлеу жұмыстары себеп болуы мүмкін дейді.
Сонау 2023 жылдың сәуірінде «АЖ» Атырау әкімдігінің облыс орталығының кәріз желілері мен құрылыстарын ауқымды тазалау жұмыстарын жүргізу жоспары туралы мақала жариялаған болатын. Дегенмен, облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәріз жүйесін тазарту жұмыстары жүргізілмейді, тек санация жұмыстары жүріп жатыр екен. «АЖ» тілшісіне түсіндіргендей, санация - бұл құбырларды жөндеу әдісі, онда тозған учаскелерді тазалау және ауыстыру траншеяларды қазбай-ақ жүзеге асырылады. Яғни, ескі құбырлардың ішіне жаңа құбырлар төселеді. Осылайша, әкімдіктің баспасөз қызметінің пікірінше, кәріз құбырларын санациялау кезінде жағымсыз иіс үлкен аумақтарға тарай алмайды. «Жұмыс түнде ғана жүргізіле ме?» деп нақтыладық. Тек күндіз жүгізіледі екен.
«Жилгородок» ықшамауданында, яғни Атырау мұнай өңдеу зауытына жақын жерде тұратын тұрғындардың бір бөлігі иістің зауыттан шыққанына сенімді. Оған дәлел ретінде адамдар Air.kz қосымшасының скриншоттарын жариялады, онда күкіртсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясы 75 есе жоғары, яғни текше метрге 604 мкг екені тіркелген. Әділ болу үшін зауыттан шалғай орналасқан басқа ықшамаудандарда, мысалы, Нұрсаяда, тіпті Геологта да иіс шыққанын айтайық. Кейбіреулерге зәрнәжіс иісі секілді болса, ал басқалары «мұнайдың иісін» сезінді.
«АЖ» экология департаментінен 2024 жылы Атырау облысындағы қоршаған ортаның төтенше ластануы туралы ақпарат сұрады. Соңғы жарты жылда тек Атырау мұнай өңдеу зауыты мен «Сагиз Петролеум Компани» ЖШС ластаушы заттар шығарған екен.
Осылайша, 24 қаңтар күні сағат 22:14-те Атырау мұнай өңдеу зауытында сыртқы желілерден электр қуатының үзілуіне байланысты каталитикалық крекинг қондырғысындағы компрессор тоқтап қалды. Сағат 23:00-де осыған байланысты бақылау үшін алау жүйесіне отын газы аз уақытқа шығарылды. Сағат 22:14-тен 05:50-ге дейінгі кезеңде каталитикалық крекинг қондырғысынан шығарылған газдың жалпы көлемі 23253 нм3 құрады.
«Сагиз Петролеум Компани» ЖШС-де (оңтүстік Бесшоқы кен орны) 3 наурыз күні сағат 17:30-да ұңғыма еренуінің іші жарылып, мұнай төгілді.
Наурыздың 10-ы күні «Сагиз Петролеум Компани» ЖШС-де (Ашкөл кеніші) ұңғыманы тазалау кезінде жарылған. Қазба жұмыстарынан кейін құбырдың жарылған жері анықталды.
«AМӨЗ» ЖШС-де 24 наурыз күні сағат 01:00-де каталитикалық крекинг қондырғысының реактор-регенератор блогында катализатор айналымы бұзыла бастаған. Отын газын алау қондырғысына шығарудың жалпы уақыты 7 354 Нм3 (6,184 тонна) отын газын алау қондырғысына жіберу кезінде 2 сағат 30 минутты құрады.
«Атырау облысы су арнасы» баспасөз қызметі хабарлағандай, Элеватор аймағындағы сол жақ жағалаудағы кәріздік тазарту станциясында биологиялық тазарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Бұл иісі жоқ таза техникалық су», - деп сендірді «Су арнасы». Биыл қоқиқаздар мекендегенін ескерсек, бұл рас сияқты. Бірде-бір құс химиялық заттардың немесе нәжістің иісі бар жерге ұшып келмес еді.
Бірақ оң жағалауда тозығы жеткен кәріздік тазарту қондырғылары әлі күнге дейін қала тұрғындарының бас ауруына айналған. Олар ағынды суларды «Квадрат» булану тоғанына қысқа мерзімде тұндыру және ағызу функциясын орындайды. Ал бұл 2025 жылға дейін жалғасады.
Жалпы, қазіргі уақытта иістердің шығуына, экология департаментінің пікірінше, «Квадрат» кінәлі. Ал түнгі сәйкессіздіктер әзірге елеусіз қалып отыр. Бірақ, бәлкім, жұртшылықтың қысымымен түнгі ластаушылар атағына басқа да үміткерлер пайда болып қалар.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА