Атырау, 8 шілде 13:40
 ашықВ Атырау +30
$ 476.27
€ 515.47
₽ 5.41

Атырау тіршілік етуге оңтайлы деп бағаланды

652 просмотра

Жалдамалы жұмыскерлер санына қатысты жұмыссыздықтың ең жоғары көрсеткіші Түркістан қаласында, ең төменгі көрсеткіш Жаңаөзенде байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Халықаралық экономикалық зерттеулер институты (ERI) тұрмыс сапасына қатысты мәліметтерді жинақтап, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның 26 қаласында өмір сүру сапасының рейтингін жариялады.

Статистикалық сараптамалар мен сауалнама жасау арқылы жүргізілген зерттеу барысында 110 талап бойынша – Түркістан, Ақтау, Қызылорда, Атырау және Степногорск қалалары тіршілік етуге оңтайлы деген баға алды.

Аталған қала тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама кей қалаларда күнкөріс салты өзгергенін, соңғы жылдары тұрғындардың тұрмысы жақсы бағытқа бет алғанын көрсетсе, керісінше, кейбір қалалар үшін қазіргі саяси-экономикалық ахуал тұрмыс-тіршілікке кері әсерін тигізіп жатқандай.

Мәселен, Көкшетау, Шымкент, Қонаев, Жаңаөзен және Ақтөбе қаласының тұрғындары күнделікті тұтынар тауар бағасының қымбаттап бара жатқанына разы еместігін білдірген.

Сауалнама барысында Астана қаласының тұрғындары Елордада балабақша мен мектептерде орын жоқтығын алға тартса, Алматы қаласының тұрғындары қала тазалығы мен шектен тыс көлік шуылына шағым түсірген.

Жалдамалы жұмыскерлер санына қатысты жұмыссыздықтың ең жоғары көрсеткіші Түркістан қаласында, ең төменгі көрсеткіш Жаңаөзенде байқалады.

Бұдан өзге, биыл британдық Oxford Economics ғылыми-зерттеу орталығы да өздерінің әлем қалалары жөніндегі алғашқы жаһандық рейтингін жариялады.

Экономика (ЖІӨ мөлшері мен өсуі, жұмыспен қамтудың өсуі, экономикалық тұрақтылық және әртүрлілік); адами капитал (халықтың өсуі, білім деңгейі, университеттердің сапасы және басқа да тармақтар); өмір сапасы (басқалармен қатар, өмір сүру ұзақтығы, тұрғын үй шығындары, бір адамға шаққандағы табыс, мәдени нысандар және интернеттің қолжетімділігі); қоршаған орта (ауа сапасы, температура ауытқулары, табиғи апаттар, шығарындылардың қарқындылығы және басқалар); басқару (саяси тұрақтылық, азаматтық құқықтар, бизнес үшін жайлылық) секілді 5 принцип бойынша жүргізген зерттеуде Астана, Алматы және Шымкент қалалары әлемдік ірі қалалар сапында тәуір көрсеткішке ие болған.

Ағылшындардың тізімінде Алматы қаласы 260-орынға ие боп, Мәскеу қаласынан бірнеше талап бойынша озық түскенімен, қала тазалығы мен ауа ластығы бойынша Оңтүстік астанамыз Үндістан мен Қытайдың ең лас қалаларымен бір қатарда тұр.

Астана қаласы тізімде экономикалық және адам капиталы мен саяси тұрақтылығы жөнінде 289-орынға табан тіреген. Ал, Шымкент қаласы қызмет көрсету және қолжетімді білім статусы бойынша алға озып, 482-орыннан көрінді.

Еске сала кетейік, бұл әлемнің 1000 ірі қаласын саралаған Британ ғылыми-зерттеу орталығы ұсынған мәлімет. Сондықтан да, Батыс елдерінің тәуелсіз сарапшылары берген бұл баға біз үшін ауыз толтырып айтарлықтай жақсы жаңалық.

Ал енді, өзіміздің Экономикалық зерттеулер институтының соңғы сараптамасына қайта оралсақ, экономикалық тұрғыдан бизнеске қолайлы қалалар қатарына Алматы мен Астана мегаполистерімен қатар – Степногорск, Жезқазған және Ақтау сияқты қалалар да кіреді. Адами ресурстар бойынша – Түркістан, Степногорск, Ақтау, Орал және Тараз шаһарлары көш бастап тұр. Инфрақұрылым бойынша алға озған қалалар – Петропавл, Ақтау, Түркістан, Тараз және Степногорск.

Қорыта айтқанда, еліміздегі өмір сүруге қолайлы қалалар – Астана, Алматы, Шымкент пен Түркістан және Қызылорда мен Атырау. Бұл қалаларда бизнес жасап, табыс табуға да мамандық бойынша мансаптық дәрежеде өсуге де жағдай жасалған. Ал, Ақтөбе, Жаңаөзен, Қонаев және Көкшетау қалаларында жұмыссыздық проблемасы басым. Тараз, Талдықорған, Орал қалалары ең таза қала мәртебесіне ие.

Тұтастай алғанда, сарапқа түскен өңірлер – ауа сапасы мен тазалығы, қалалық әкімдіктің (мәслихаттың) жұмысын бағалау, жалға алуды қоса есептегендегі  тұрғын үй құны, судың сапасы, қаладағы шамадан тыс ызың-шу мен жұмысқа орналасудағы қиындықтар проблемасы бойынша сипатталған.

5 шілде, 14:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.