Атырау, 23 қараша 18:29
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сарандағы шина зауыты – «АЖ» репортажы

Сурет Бейнежазба
1 509 просмотра

Әлеуметтік желілер мен сайтымыздағы пікірлерге сүйенсек, Қазнетте утильалым мен көліктерді бастапқы тіркеу төлеміне қарсы жандардың ақпараттық науқаны өтіп жатыр. Сондықтан «АЖ» басылымын Саран қаласындағы (Қарағанды облысы) шина зауытына шақырғанда, редакция бас тарта алмады. Заманауи кәсіпорынға барып, тіршілігі қайнап жатқан өндірісті өз көзіңмен көру бұйыра бермейтін дүние.

«Татнефть» ЖАҚ пен «Allur Tyres» ЖШС бірлескен кәсіпорны 2021 жылдың тамызында коронавирус пандемиядан кейін салына бастады. Логистикалық қиындықтарға қарамастан Қазақстандағы жалғыз шина шығаратын зауыттың құрылысы жоспарланған 48 айдың орнына 39 айдың ішінде аяқталған. Бұл ішінара құрылыс-монтаж жұмыстарында тікұшақтарды пайдаланудың арқасында мүмкін болды, бұл қаржылық шығындарды көбейткенмен, уақытты үнемдеді.

Заманауи зауыттың ауданы 106 мың шаршы метрді құрайды, кәсіпорын толық қуатпен жұмыс істейтін жұмыс орындарының жоспарлы саны - 1100 жұмысшы. Іс жүзінде зауытта қазір 536 адам жұмыс істейді, жұмысшылардың басым бөлігі Саран қаласы мен сол өңірдің тұрғындары. Жалпы инвестиция көлемі - 228 млрд теңге.

Зауыт директоры Бурганов өндіріспен таныстырып тұр

Зауыт директоры Радий БУРГАНОВ журналистерді шина өндірісімен - шикізаттан бастап, негізгі өнімге дейін таныстырды. Техника қауіпсіздігі нұсқауларын түсіндіріп, жеке қорғаныс құралдарын таратқаннан кейін шина өндірісінің - шикізат пен әртүрлі резеңке қосылыстарын дайындаудан бастап, дайын өнімнің сапасын бақылауға дейінгі барлық кезеңдерді камераға түсіре алдық.

Резеңке араластыру цехының бастығы Дархан ӘУБӘКІРОВ шикізатты дайындау барысына тоқталды. Цех үш деңгейден және ингредиенттер араласатын және жартылай фабрикат алынатын бірнеше технологиялық желілерден тұрады.

- Шинаның құрамдас бөліктері түрлі резеңке қосылыстардан тұрады. Сондықтан әр құрамдас бөліктің өзіндік резеңке қоспасы бар, бәрі біздің жартылай фабрикаттарды дайындайтын рецептке байланысты, - деді Әубәкіров.
Цех бастығы Әубәкіров журналистерді техникамен таныстырды

Әрі қарай, құрастыру цехында жартылай фабрикаттардан (екі қабат брекер, сақина, қанат, протектор, тоқыма корды, герметик қабаты, қапталы, экрандаушы лента) компьютер басқаратын толық автоматтандырылған жабдықта «шикі шина» құрастырылады. 

Шинаның құрамдас бөліктері

Роботқа бір шинаны құрастыру үшін оның көлеміне қарай шамамен 45-50 секунд қажет.

Әрі қарай, «шикі» шина дайын өнім алынатын вулканизация цехына жіберіледі. Шина 100 градусқа дейін қыздырылып, содан кейін суытылады. Содан соң сапасы бақылауға жіберіледі.

Зауыт жылына 3,5 миллион шина шығаруға дайындалуда, персонал оқытылып, жабдықтар бапталып, сынақтан өтізіліп жатыр. 2024 жылдың соңына дейін зауыт басшылығы 1 миллионға жуық шина шығаруды жоспарлап отыр. Жеңіл көлік шиналарының технологиясы Pirelli компаниясының лицензиясы бойынша шығарылып жатыр. Зауыт Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі үшін өндірістік тәжірибе базасына айналған.

Attar брендінің дайын шиналары

Шиналар Қазақстан нарығына Attar брендімен шығады және жеңіл, жүк көліктері мен коммерциялық техникаға арналады. Қазіргі таңда елімізде шығарылатын көліктерді шинамен жабдықтау бойынша қазақстандық автоөндірушілермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Зауыт жабдықтары Еуропа мен Азиядағы ең танымал өндірушілерден әкелінген. Кәсіпорын экспортқа шығып, Орталық Азия мен шетел нарығында өз үлесін алуды жоспарлап отыр. Жақын арада қазақстандық шиналар еліміздің нарығы мен дүкендерде пайда болып, автокөлік әуесқойлары олардың жүріс сапасын бағалай алады.

Жомарт ӘМІРХАНОВ

Суреттер мен видеоны түсірген автор

26 маусым, 16:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.