«Каспий қайраңын дамыту» тақырыбында өткен конференцияда Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің (ҚОҚМ) экологиялық заңнаманы ірі шетелдік инвесторлардың ұсыныстары арқылы реформалау ниеті туралы мәселе қозғалды.
АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі, халықаралық энергетикалық агенттіктің (IEA)атқарушы директорының орынбасары Ричард ДЖОНС бұдан бұрын жасалған Өнім бөлінісі туралы келісімнің қайта қаралу мүмкіндігіне қатысты инвесторлардың реакциясы туралы сұраққа жауап бере отырып, былай деп мәлімдеді:
- Бұл Инвестициялық тартымдылыққа теріс әсерін тигізеді. Инвестор жобаға араласып кеткеннен кейін бәрін қайта қарап шығу қиын екенін түсіну керек. Біз мұны ойын ережесі өзгерген Латын Америкасынан, Ресейден байқадық, бұл инвестицияның тоқтап қалуына әкелген еді.
Оны «Қазэнерджи» қауымдастығының бас директоры Әсет МАҒАУОВ қолдап, оның мекемесі инвесторлардың тәуекелділіктерін азайту үшін мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жасайтынын атап өтті:
– Мәселен, өткен жылы біз парниктік газдар шығарындыларына квоталарды бөлудің ұлттық жоспарын қабылдадық, сонымен қатар әкімшілік айыппұлдар жүйесін жасақтап шығардық. Бірақ заңға қосымша актілер керек. Сондықтан біз ҚОҚМ-ға нормативтік базаны нығайтып, содан кейін барып айыппұлдарға оралуды ұсындық.
Естеріңізге салсақ, таяуда өткен үкімет отырысында қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан ҚАППАРОВ парниктік газдар шығарындылары бойынша квота мөлшерінің асқандығы үшін салынатын айыппұлдарды биылғы жылдан 2014 жылға қалдырып, сонымен қатар шығарындылар бірлігі үшін айыппұлдар санкциясын 10-нан 5 АЕК-ке дейін азайтуды ұсынған болатын («Министр мырза кімді жақтайды немесе Неліктен біздің заңды шетелдік компанияның кеңесшісі шығарады»).
Мәжілістен тыс кезде мен Мағауовтан экологиялық заңнаманы қайта қарау жөніндегі науқанның егжей-тегжейін сұрастырдым.
– Бұл жерде мүдделер қақтығысы жоқ және ҚОҚМ өз міндетін ешкімге жүктеген емес. Бұл халықаралық тәжірибені қолдануды ұсынған инвесторлардың бастамасы, - деді менің сұхбаттасушым. –Іс жүзінде, біз заңнаманы жедел реформалау салдарынан әдістемелік айқынсыздықтар туындайтын жағдаймен бетпе-бет келеміз. Мәселен, өткен жылы Каспийдің қазақстандық секторының өндірістік мониторингісі бойынша ереже қабылданды. Өз өндірістік қызметіне қарағанда өндірістік мониторингтен компаниялар экологияға көп зиян тигізді. Мәселен, жаңа ереже бойынша НКОК сынамаға іріктеу үшін бұрынғыдай 600 келі емес 24 тонна балық ұстауы тиіс. Мұндай мониторинг не үшін қажет?
- НКОК-ке қатысты жағдайда заңдардың үстіртін жасалатындығы, сондықтан қарама-қайшы сипатта болатыны түсінікті. Алайда ТШО-ға қатысты қалай? Олар көп уақыттан бері мұнай өндіріп келеді, экологияға елеулі зиян келтіріп, миллиардтаған долларлар тауып жатыр ғой.
– Теңізшевройл заңды өзіне қолайлы етпейді, өзінің ұсынысын ұсынады. Біз заңнамамыздың инвесторларға қалай айқын және түсінікті болатынын талқылау үшін өз тарапымыздан осы конференцияны арнайы өткізіп отырмыз.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор